Францияда қытайлық маркетплейстердегі тауарлардың 46%-ы қауіпті деп танылды: БАҚ Temu мен Shein-нен күдіктенеді
Францияның Бәсекелестік, тұтынушылар құқығын қорғау және алаяқтықпен күрес жөніндегі бас басқармасы (DGCCRF) түрлі маркетплейстерден тапсырыс берілген 600-ден астам тауарды тексерді.
Астана, NEGE. Реттеуші көңіл көншітпейтін қорытындыға келді: сатып алынған тауарлардың 75%-ы ЕО-ның қауіпсіздік талаптарына сай келмейді, ал 46%-ы тіпті қауіпті деп танылды, деп хабарлайды reuters.com.
Бас басқарма талдауға алынған тауарлардың қай платформадан тапсырыс берілгенін нақты атамағанымен, БАҚ-та Temu мен Shein секілді маркетплейстер аталып жатыр. Дәл осы платформаларға қатысты Еурокомиссия тексеру бастаған.
Реттеуші тұрғындардың көбі күнделікті қолданатын танымал тауарларды тексерген. Мәселен, фендер, стайлерлер және шаш күтіміне арналған өзге де электр құрылғыларының төрттен үш бөлігі қауіпті деп танылды. Сапасының төмендігі салдарынан оларда ток соғу немесе өрт шығу қаупі жоғары болған.
Балалар тауарлары, зергерлік бұйымдар мен киімдерден де көптеген заңбұзушылық анықталған. Атап айтқанда, тұншығу қаупі және химиялық заттардың мөлшері рұқсат етілген нормадан асып кеткен жағдайлар тіркелген.
Шенеуніктер әр платформа бойынша жеке нәтижелерді жарияламады, себебі әлі тексеру жүріп жатыр. Алайда үкімет өкілдері мұндай ауқымды сәйкессіздіктер жекелеген жағдай емес, жүйелі проблема екенін мәлімдеді.
«Сапа стандарттарына сәйкессіздік деңгейі 70-75%-ға жетсе, бұл енді кездейсоқ жағдай емес, бизнес-модельдің бір бөлігіне айналғанын көрсетеді. Бұл біздің субъективті пікіріміз емес, жай ғана фактні көрсетеді», – деді Францияның Бәсекелестік, тұтынушылар құқығын қорғау және алаяқтықпен күрес жөніндегі бас басқармасының өкілі баспасөз конференциясында.
Францияның қадағалау органы тергеу нәтижелерін Еурокомиссияға жолдайтынын да мәлімдеді. ЕО-ның цифрлық қызметтер туралы заңы бойынша Комиссия платформаларға әлемдік айналымының 6%-ына дейін айыппұл сала алады. Бүгінде Shein, PDD компаниясына тиесілі Temu-ға және Alibaba-ға қарасты AliExpress платформаларына қатысты тексеру басталған.
Айта кетейік, Франция 2024 жылдың өзінде ультра-жылдам сән индустриясына қарсы заң жобасын ұсынған болатын. Бұл қатарға Temu мен Shein де кіреді. Заң жобасының негізгі тармақтары – ультра-жылдам сәнді насихаттайтын платформалардың жарнамасына тыйым салу және 10 еуро көлемінде қосымша салық енгізу. Заң жобасы әлі қабылданбаған және әлі де талқылануда.
Сонымен қатар Франция Shein мен Temu секілді арзан электронды сауда платформаларына қарсы жалпыеуропалық науқанды бастап отыр. Ритейлерлердің айтуынша, бұл платформалар Қытайдан жіберілетін арзан киім-кешек пен гаджеттерге кедендік баж салығы салынбайтындықтан, әділетсіз түрде артықшылыққа ие болған.
Қазақстанда да қытайлық маркетплейстердің әділетсіз артықшылықтарға ие екені туралы Мәжіліс депутаттары мәселе көтерді. Азат Перуашев шетелдік маркетплейстер отандық платформаларға қарағанда әлдеқайда артықшылыққа ие жағдайда екенін, өйткені олардың салықтық жүктемесі төмен екенін мәлімдеді.
Сондай-ақ қазақстандық БАҚ Temu-ден алынатын арзан тауарлардың қауіпті екені туралы да жазған болатын. Ондағы фталаттар, қорғасын, кадмий және басқа да заттардың мөлшері рұқсат етілген деңгейден асып кеткені айтылған. Химиялық заттардың қауіпті мөлшері киімнен, аяқ киімнен, ыдыс-аяқтан және балалар тауарларынан табылған. Соңғыларын әсіресе Оңтүстік Корея елінде мұқият тексерген. Сарапшылар Temu мен AliExpress-тен алынған ондаған тауардан миды зақымдайтын, гормондық фон мен жыныстық дамуға кері әсер ететін заттарды анықтаған.