Нұрәлі Әлиев нағашы әжесі Сара Назарбаеваның ісін қолға алмақ
Қазақстанның тұңғыш президентінің жиені Нұрәлі Әлиев мектеп бағдарламасынан алынған «Өзін-өзі тану» пәнін қайта дамытып, оны халықаралық деңгейге шығарғысы келетінін айтты. Бұл пәннің авторы әрі негізгі идеологы – Сара Алпысқызы Назарбаева.
Астана, NEGE. Нұрәлі Әлиевтің айтуынша, бүгінге дейін оған бала кезінде дәл осы пәннен шабыт алып, өмірлік жолын тапқанын айтатын адамдар оған жиі кездеседі.
«“Өзін-өзі тану” – өте жақсы пән. Ол балаға ішкі тірегін арттырып, өзіне және ертеңгі күніне сенімін нығайтады. Сондай-ақ адамның дүниені қалай түсінетінін қалыптастырады. Өкінішке қарай, бұл пән мектеп бағдарламасынан алынып тасталды. Мүмкін, оған саяси шешімдер әсер еткен шығар. Бірақ қазір мен осы бағытқа тереңірек ден қойып жүрмін және бұл пәнді халықаралық деңгейде дамытқым келеді. Өйткені оған сұраныс бар», – деді ол.
Сонымен қатар Әлиев білім сапасы мен мектептегі тамақтану мәселесін де сынға алды.
Айта кетейік, 2022 жылы Білім министрлігі «Өзін-өзі тану» пәнін міндетті сабақтар қатарынан алып тастап, факультатив ретінде қалдырған болатын. Бұған пәннің мазмұны мен пайдасына қатысты сын-пікірлер себеп болды. Көпшіліктің айтуынша, сабақ кезінде оқушылар көбіне жалпы тақырыптарды талқылап, бағдарлама бойынша толыққанды жұмыс істемеген.
Сол кездегі министр Асхат Аймағамбетов «Мұндай шешім шығарудың саяси астары бар ма?» деген сауалға қысқа ғана «Жоқ» деп жауап қайтарған.