Жұмыссыздық. Бәріміз бастық болсақ, зауыттарда кім жұмыс істейді?

Жоғары оқу орнын аяқтап, қолыңа дипломың тиген бойда мамандығың бойынша жұмыс іздей бастайсың.
Өмірдің белгілі бір кезеңіне жеткенде жұмысқа тұрып, еңбек етуге талпынамыз. Ниеті бар адамға жұмыстың жақсы-жаманы жоқ. Әйтеуір, екі қолға бір күрек табылатыны анық. Дейтұрғанмен, жастар арасында жұмыссыздық деңгейі артып барады. Бұл бір ғана Қазақстанның басындағы мәселе емес. Дамыған елдерді де, дамушы елдерді де алаңдататып отырған басты тақырып.
Ең көп кездесетін жағдайдың бірі – дипломың бола тұра, тәжірибеңнің жоқтығынан жұмысқа тұра алмауың. Сол себепті, дипломын арқалаған жас маман өзі оқыған сала бойынша емес, өзге жұмыстарды істеуге мәжбүр.
Еңбекке жарамды кез келген адам жұмыс істеуге құқылы. Ал еңбекке жарамсыз топтарға төмендегі санаттағы адамдар жатады:
- Балалар мен жасөспірімдер;
- зейнеткерлер;
- мүгедектігі бар адамдар.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ержан Жылқыбаев дәл қазіргі сәтте елімізде жұмыс істемейтін және оқымайтын 300 мың жас бар екенін мәлімдеді.
2019 жылғы III тоқсандағы статистикасы бойынша жұмыссыздар санатындағы ерлердің үлесі 44,3% (195,9 мың адам), әйелдердің үлесі – 55,7% (246,2 мың адам). 15-28 жастағы жастардың үлесі 19,1% немесе 84,7 мың адам, 15-28 жастағы жастар жұмыссыздығының деңгейі 3,8% болды. Жұмыссыздық деңгейі 4,8%. Бұл былтырғы жылмен бірдей.
Жұмыссыздықтың негізгі 3 түрі мен себебі бар:
- Жұмыстан шығарып жіберу;
- жұмыстан өз бетіңмен кету;
- еңбек жолын жаңадан бастау.
Жұмыссыздардың басым бөлігі ауылдан қалаға келіп жатқан жастар. Қазіргі таңда еліміз бойынша жұмыссыз жастардың әлеуметтік картасы жасалып жатыр. Жұмыссыз жүрген жастардың көпшілігі – Алматы қаласында. 2019 жылы жұмыссыздықты жоюға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын қаржыландыруға 178 млрд теңге бөлген.
Жұмыссыздықтың жоғары деңгейі өте қауіпті. Ол жұмыс күшінің төмендеуіне алып келеді. Салдарынан:
- Қылмыскерлердің саны артады;
- Халықтың сауда жасау қабілеті төмендейді;
- Мемлекеттің экономикалық жағдайы нашарлайды.
Әлемде жұмыссыз адамы мүлдем жоқ мемлекет болмайды. Халықаралық статистика мәліметі бойынша, 2019 жылы әлемде 193,6 миллион адам жұмыссыз қалған. Олардың басым көпшілігі 25 жасқа толмаған жастар.
Жұмыссыздық – мамандық таңдаудан басталады
Жұмыссыздықтың басы – мамандық таңдаудан басталады. Еліміздегі жастардың көпшілігі экономика, заңгер, халықаралық қатынастар сынды мамандықтарға әуес. Алайда Қазақстанның еңбек нарығы бұл мамандықтарға мұқтаж емес. Есесіне ешкім дәнекерлеуші, аспаз, ағаш ұстасы, құрылысшы, техниканы меңгерген маман болғысы келмейді. Дәл осы мамандықтарға сұраныс көп, бірақ маман тапшы. Барлығымыз пенде болғандықтан, бірден кең кабинетте өзгелерді басқарып отырғымыз келеді. Барлығымыз бірдей бастық болып кетсек, зауыттарда кім жұмыс істейді?
Сонымен қатар дәл қазіргі сәтте Қазақстанда компьютерлік техниканың инженерлері, 3D модельдеу, машиналық оқыту жүйелерінің инженерлері және веб-мультимедиа қосымшаларын жасаушыларға сұраныс жоғары.
Заманның талабына сай, еш жерде тіркелмей-ақ фрилансерлік жұмыс атқаратын жастар саны артып келеді. Өздерін жұмыспен қамтыған және бейресми еңбек етушілер ресми мекемеге тіркелмейді. Сонымен қатар олар көп жағдайда жұмыс берушімен еңбек келісімшартын жасамайды.
Фрилансер болудың артықшылықтары мен кемшіліктері қатар жүреді. Қазіргі еңбек нарығы жұмыс іздеушілерге кәсіби қызметін жүзеге асырудың көптеген нұсқалары мен жағдайларын ұсынып отыр. «Фриланс» атауының өзі біздің сөздік қорымызда жақын арада пайда болды. Ағылшын тілінен аударғанда «freelancer» – ғаламтор арқылы өзіне жұмыс істейтін еркін маман деген мағынаны білдіреді. Фрилансер бір уақытта бірнеше жобаға қатысып, бірнеше компанияға жұмыс істей алады.
Жұмыссыздықпен күресудің жолы көп. Жұмыс іздеп қанша есікті қақсаңыз да, тәжірибеңіз бен қабілетіңіз болса, жерде қалмайтыныңыз анық. Ең бастысы, жұмыс істеуге деген ниет, еңбек етуге деген талпынысыңыз болса жетіп жатыр.
Маржан Сәбет