«Аударыспақ жай ғана күрес емес, бұл – ұлттың рухы» – Бас бапкер Жанбатыр Бекмұсаев

Жуырда Тараз қаласында ересектер арасындағы ХХІV республикалық аударыспақ чемпионаты өтті. Ат үстіндегі күрестен өткен бұл аламанға еліміздің 12 облысы мен екі қаласынан 21 жастан асқан 139 спортшы қатысты.
Жарыс 57 келіден бастап 100 келіден жоғары салмақ дәрежелері бойынша ұйымдастырылды. Командалық есепте I орын – Түркістан облысы, II орын – Ақтөбе облысы, ал III орынды Жамбыл облысы иеленді.
Қазақстан құрамасының бас бапкері, Аударыспақ федерациясының атқарушы директоры Жанбатыр Бекмұсаев жарыс жайлы және ұлттық спорттың даму барысы туралы пікір білдірді.
Оның айтуынша, Жамбылда өткен бұл чемпионат жоғары деңгейде ұйымдастырылып, спортшылар өте тыңғылықты дайындықпен келген. «Бұл жолы бәсекелестік өте жоғары болды. Жаңа чемпиондар шықты. Түркістан мен Ақтөбе өңірлерінде жүйелі мектеп жұмысының нәтижесі көрініп тұр», – деді ол.
Сондай-ақ, алдағы қыркүйекте өтетін «Ақ бидай» ауыл ойындарында ұлттық спорт түрлеріне де ерекше мән берілмек.
«Ат үстіндегі ойындарға деген қызығушылық күн санап артып келеді. Бұл – тек спортшылардың емес, халықтың ұлттық рухқа деген ықыласының белгісі», – дейді бапкер.
Аударыспақтың бұқаралық деңгейде дамып, халықаралық спорт аренасына шығуына зор үлес қосып жүрген ұйым – Аударыспақ федерациясы. Бұл федерация 2023 жылы құрылып, қысқа уақыт ішінде республикалық және халықаралық жарыстарды жүйелі түрде ұйымдастырып келеді.
Аталған ұйымның құрылуы мен дамуына тікелей бастамашы болған – Atasu Group компаниясының негізін қалаушы Марат Жұман. Оның жетекшілігімен Федерация ұлттық спортты кеңінен насихаттап қана қоймай, жыл сайын бірнеше ірі чемпионатты жоғары деңгейде ұйымдастырып келеді. Бұл жұмыстар спорттың дамуына тың серпін беруде.
Сонымен қатар, Марат Жұманның қолдауымен құрамына 10-нан астам мемлекет кіретін Дүниежүзілік ат үстіндегі спорт түрлері федерациясы құрылды. Бұл ұйым – ұлттық спортты халықаралық деңгейде танытудың жаңа кезеңі.
Қазақстан құрамасы бүгінде әлемдік аренаның үздік командаларының біріне айналды. 2024 жылы Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында және Қазан қаласындағы әлем чемпионатында жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді.
Аударыспақ – түркі халықтарының байырғы жауынгерлік өнерінен бастау алған ұлттық спорт ойыны. Екі немесе одан да көп аттылы қарсыластар бір-бірін аттан аударуға тырысады. Бұл спорт батылдықты, ептілікті, ертоқымда нық отыру мен атты меңгеру қабілетін талап етеді.
Бүгінде бұл өнер тек ұлттық мерекелерде ғана емес, халықаралық деңгейдегі жарыстарда да көрермендердің ерекше ықыласына бөленіп жүр. Аударыспақ – ұлттық рухтың бейнесі, жас ұрпаққа үлгі болатын тарихи мұра.