5 Желтоқсан 19:35
...

Жамбылдықтар әкімін НЕГЕ жақтырмай жүр?

Фото:

Бүгін Жамбыл облысының әкімі Ербол ҚАРАШӨКЕЕВ Орталық коммуникациялар қызметінде есеп беріп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы баяндады.

Әкімнің сөзіне қарағанда, Жамбыл облысының экономикалық көрсеткіштері жылдам өсіп келеді екен. Өнеркәсіп өндіре жұмыс істеп, сауда «сақал сипағанша» дамып, құрылыс сұмдық қарқын алыпты. Жалпы өңірлік өнім 6,1 пайызға өсіп, 1,3 трлн теңгеге жетіпті. Ал инвесторлар Жамбыл облысына жете алмай, таласып жүрген көрінеді.

– Биылғы жылдың 10 айында шамамен 365 млрд теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12 пайызға артық. Бүгінгі таңда облыстың инвестициялық портфелі жалпы көлемі 2,3 триллион теңге болатын 69 жобаны қамтиды, оларды 2026 жылға дейін іске асыру жоспарланған. Биыл 87 миллиард теңгеге 20 жоба іске асуда, – деді Е.Қарашөкеев.

Фото: ОКҚ

Қағаз жүзінде бәрі дұрыс қой, әрине. Әкімнің баяндамасынан мін табу қиын. Бірақ журналистердің сұрағына жауап бергенде Қарашөкеевтің арбасы асфальт жолмен зулап келе жатып, Жуалының жаман жолына түсіп кеткендей текіректеді де қалды.

Тіпті әкімнің дауысы аздап дірілдеп, қолы сәл қалтырағандай болып, сары қаламсапты сындырып жіберердей қыса берді...

Тараздың іргесінде Бектөбе деген ауыл бар. Жамбыл ауданына қарайды. 2015 жылы Жамбыл облысының сол кездегі әкімі Кәрім КӨКІРЕКБАЕВ «Бектөбе ауылынан ет комбинатын ашатын болдық» деп жар салған.

Әкімдіктің баспасөз қызметі былай деп хабарлады сонда: «Жаңа өндіріс орнының құны – 2,5 млрд теңге. Ет комбинаты тәулігіне «Халал» стандартына сай 40 тонна дайын өнім шығарады. Жаңа ет комбинаты жоғарғы технологиялы құралдармен жабдықталады. Өндіріс орнын іске қосу осы жылдың (2015 жыл – ред.) екінші жартысына жоспарланған».

Одан бері сегіз жыл уақыт өтті. 2,5 млрд теңгеге салынған ет комбинаты қалқайып тұр, бірақ уәде еткен ет өнімдері жоқ.

Қарашөкеевке дейінгі әкімдер Жамбыл облысына Президент пен Премьер-министр барғанда қаңыраған ет комбинатын өтірік есеп беру үшін пайдаланғанын естігенбіз. Аудан әкімдері жалынып-жалпайып жүріп шаруалардан мал жинап сойғызып, мемлекет басшыларына «мыңғыртып мал сойып жатырмыз» деп өтірік көз қылады екен. Сөйткен бұрынғы әкімдердің бірі К.Көкірекбаев кейін сотталып кетті...

NEGE тілшісі Ербол Қарашөкеевтен осы ет комбинатының жай-жапсарын сұрады. Қызық болғанда, облыс әкімі Бектөбе ауылындағы жұмыс істемей тұрған ет комбинатының мәселесін білмейтін болып шықты. Тіпті ауылдың атын да шатыстырып алды.

– Мен әлі Биіктөбеге жеткен жоқпын.., – деп күмілжіді ол.

Бектөбе ауылы облыс орталығы Тараз қаласынан бар-жоғы алты шақырым жерде тұр. Егер Қарашөкеев жайлы кабинетінен шығып, қымбат қызметтік көлігіне мінсе – Бектөбеге сүт пісірім уақытта жетіп барады.

– Биіктөбедегі (Бектөбе – ред.) ет комбинаты дедіңіз ғой, иә? Оған жазбаша түрде жауабын берейінші. Негізі ол поблеманың бар екенін білемін. Сол себепті, оның шешімін табу жолдарын іздестіретін боламыз.

Әрине ол үкімет қаржысынан арзандатылған несиеге соғылған жағдайда біз оның тиімділігін қамтамасыз етуіміз керек. Сол себепті, біріншіден, неге тоқтап тұрғаны, екіншіден, мекемені іске қосудың қандай жолдары бар екені жөнінде біздегі Ауыл шаруашылығы басқармасында сараптама бар шығар. Оның барлығын қарастырып, сізге жауапты беремін, – деді әкім.

– Қашан нақты жауабын бересіз?деген тілшіге әкім: «Бір аптаның ішінде, – деп уәде берді. «Уәде – құдай сөзі», ендеше бір апта күтеміз.

Тілшінің екінші сұрағы мемлекет меншігіне қайтарылған жердің көлемі мен оны қайтадан бөлуге қатысты болды.

– Жамбыл облысында екі жылдың ішінде 372 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды. Соңғы 11 айдың қорытындысы бойынша біз 171 мың гектар жерді қайтардық. Желтоқсанның он бесіне дейін жоспарды толық орындайтын боламыз. Қайтарылған жердің басым бөлігі қосалқы шаруашылықтар үшін мал бағу үшін беріледі.

Қайтарылған жердің 10-15 пайызы ғана шалғайда орналасқан. Оған ауылдың малын апара алмаймыз. Сол себепті оны конкурс арқылы мердігерлерге заңда белгіленген тәртіппен таратып беріп жатырмыз. Жердің 89 пайызы ауылдық округтардың, жергілікті қосалқы шаруалардың малын бағуға беріп отыр, – деді әкім.

Е.Қарашөкеев Жамбыл облысына әкім болып тағайындалғанға дейін Ауыл шаруашылығы министрі болды. Былай қарасаңыз, өңірдің ауыл шаруашылығы мәселесін шешімшкеше шағып тұруы керек емес пе? Бірақ...

Қарашөкеев те бар-жоғы үш айда ескі сүрлеуге түсіп алған сияқты. Өйткені «бұл да той-томалақты, лента қиғанды тәуір көретін боп шықты» деп, жамбылдықтар әкімін жақтырмай жүр...  

Тегтер: