ТОЙШЫЛ әкім мен ТӨТЕНШЕ премьер. ЖҰРТТЫҢ жайын кім ойлайды?
Премьер-министрдің өкімімен Жамбыл облысының алты ауданында төтенше жағдай жарияланды. Себеп – аптап ыстық, судың тапшылығы және ...премьер-министр мен облыс әкімінің әрекетсіздігі.
Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Рысқұлов, Талас аудандарында жағдай мәз емес. Инфляция мен қымбатшылықтан онсыз да сіңірі қажалып жүрген жұртқа биылғы жаз тіпті қатты тиді. Өйткені егістік түсімі өткен жылдағыдан 25-30 пайызға кем екен.
Шілде айында Премьер-министрдің төрағалығымен өткен жиында облыста төтенше жағдай жариялау туралы ұсынысты әкім Нұржан НҰРЖІГІТОВ айтыпты. Ұсыныс ұнап қалса керек, «төтенше» премьер ведомствоаралық жұмыс тобын құрып жіберіп, олар егістік алқаптарын аралап көрген.
Енді міне, бір айдан астам уақыттан соң шаруалардың шығыны нақтыланып, Үкіметтің төтенше резервінен қаржы бөлінбек. Бұл қаржының жыры басқа болмақ.
Нұржан Нұржігітов 2022 жылдың сәуірінен бері Жамбыл облысын басқарады. Оған дейін облыс әкімінің орынбасары лауазымын атқарды. Яғни, облыстағы жағдайды бес саусағындай білуге тиіс еді. Бірақ «механик-әкім» 2015-2018 жылдары Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы басқармасын басқарса да, шаруаның жайын механиктің деңгейінде ғана білетін сияқты. Өңірдегі төтенше жағдайдан соң осылай деуге мәжбүрміз.
NEGE тілшісі облыс әкімінің шілде кіргелі бергі жұмыс графигін қарап шықты. Нұржан Молдиярұлы топлиін шаң басып егістік аралағаннан гөрі лента қиғанды, той тойлағанды немесе жайлы һәм салқын кабинетте жиналыс өткізгенді тәуір көреді екен.
Мәселен, Н.Нұржігітов 1 шілде күні Астана күні мерекесіне орай Тараз қаласында мәдени сауықтыру демалыс аймағын ашты.
Фото: gov.kz
5 шілдеде Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жалпыұлттық азаматтық бірегейлік – қазақстандық қоғамның жаңа моделінің іргетасы» атты ХXVl облыстық сессиясына қатысты.
6 шілде күні Н.Нұржігітов Астана күні мерекесіне орай Жамбыл облысы Жамбыл ауданында дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешенінің лентасын қиды.
12 шілдеде М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 2023 жылдың үздік түлектеріне диплом тапсыруға арналған салтанатты шараға қатысты.
21 шілдеде Жамбыл ауданының Шайқорық ауылындағы «Н.Шегебаев» шаруа қожалығының жүгері егін алқабына барды.
26 шілде күні Облыс әкімі «Мерейлі отбасы – 2023» ұлттық конкурсы өңірлік кезеңінің жеңімпаздарын марапаттады.
2 тамызда «Мөлдір бұлақ» оқу-сауықтыру орталығының ашылу салтанатына қатысты.
4 тамыз күні «Қордай-2023» тактикалық оқу-жаттығуының жабылуында төбе көрсетті.
10 тамызда Yildirim Holding компаниясының басшылығымен кездесу өткізді.
11 тамызда Жамбыл облысында жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловпен бірге жергілікті егіншілермен кездесті.
18 тамызда Нұржан Нұржігітов Шу ауданы Өндіріс ауылдық округіндегі жаңа мәдениет үйінің ашылуында сөз сөйледі.
20 тамыз күні Тараз қаласы орталық стадионында өткен «Freedom QJ» лигасы 15 турының орталық матчының салтанатты шарасына қатысты.
Ал 22 тамыз күні Жамбыл облысының алты ауданында өңірлік ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.
Фото: ғаламтордан
Төтенше жағдай жарияланған күні облыс әкімі өнер иесін жарқын жеңісімен құттықтады...
Байқасаңыз, екі айда Жамбыл облысының әкімі бір рет қана егістікке барған. 21 шілде күні. Онда да әкімнің жылтыр топлиіне шаң тимепті, тек әдемі есеп тыңдап қана қайтқан.
Елге жанашыр әкім егістік аралап, шаруалардың жанынан табылса керек еді. Керек десеңіз, Әлихан Смайылов пен Нұржан Нұржігітов жаз бойы көрші қырғыз еліндегі әріптестерімен келіссөз жүргізіп, судың басында жүруі керек емес пе еді? Бәлкім, қолдары тимеген шығар...
Абайдың Крыловтан аударған «Шегіртке мен құмырсқа» дейтін мысалы былай аяқталатын еді:
...Қайтсін, қолы тимепті,
Өлеңші, әнші есіл ер!
Ала жаздай ән салсаң,
Селкілде де, билей бер.