21 Сәуір 07:43
...

Виктория Трегубова: Жүрегім қазақ деп соғады

Фото:

Виктория Трегубова – Тараз қаласының тұрғыны. Өзін ұдайы «орыстың қазақ қызымын» деп таныстырады. Қазақ ауылында өсіп, қазақ мектебін бітіргендіктен, мемлекеттік тілді жетік біледі. Мамандығы – журналист. Жұмыстан бос кезде, қоғамдық істерге белсене қатысады.  Қазақтың данышпаны Абай өлеңдерін оқу сүйікті ісіне айналып кеткен. Жырларын жатқа біледі. Қара сөздерін ұдайы оқып тұрады екен. «Ой саларлық туындылар», – дейді ол тамсана. Онымен таныстығымыз әлеуметтік желілерде Абай өлеңін оқудан басталды. «Ақыл жастан» деген тәмсіл бар, бұған Виктория Трегубовамен аз-кем сұхбаттасқанымызда көзіміз тағы бір рет жеткендей болды.

– Алдымен, өзіңізді таныстырып өтсеңіз...

– 1998 жылы Ресейдің Ульянов облысында туғанмын. Анам – Жамбыл облысы Мойынқұм ауданының тумасы. Мектеп бітірген соң, ілім-білім іздеп, Ресейге барған болатын. Сол кезде әкемді жолықтырып, екеуі шаңырақ көтереді. Бес-алты жыл Ресейде тұрған. Сосын шешем әкемді төркіне әкеліп таныстырып, туған жерін – Қазақстанды көрсеткісі келеді. 2000 жылы Қазақстанға қайтып келдік. Содан кейін Ресейге қайтпай, Қазақстанда қалдық. Әкемнің де қалауы осы болды. Қазақ жері, елінің қонақжайлылығы ұнаған болар.

 Мамандығым – журналист. Телеарнада жұмыс істеймін. Тараз қаласындағы Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіргенмін.

– Жоғарғы оқу орнын қазақша оқыдыңыз ба?

– Иә, мен мектепті де, университетті де қазақша оқыдым. Ұланбел атты шағын ауылда тұрдық. Әке-шешем бізді амалының жоғынан қазақ мектебіне берген болар. Қазақ тілін осындай деңгейде білетініміз үшін  әке-шешеме алғысымыз шексіз. Өзімнен үш жас үлкен ағам бар. Ол да қазақшаны жетік біледі. Ол қазір ауылда, әке-шешемнің қасында.

– Әдетте, «қазақша жақсы білетіндерге» қазақтар ерекше ықылас танытып жатады. Сіз осыны байқай алдыңыз ба?

– Иә, кейбірі қазақша таза сөйлегеніме таң қалады. Риза болады. Үлкен кісілер батасын беріп жатады. Бұл – мен үшін үлкен құрмет. Мен Жамбыл облыстық ассемблеяның белсенді мүшесімін. «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысына да мүшемін. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хатымен марапатталдым. Және Жамбыл облысы атынан астанада өтетін үлкен іс-шараларға, форумдарға қатысып тұрамын.

Қазақ тілін жетік білетініңіз мәнсабыңыздың өсуіне көмегі болды ма?

– Қазір мен телеарнада орыс редакциясында жұмыс істеймін. Қазақ тілін білетінім үлкен көмегін тигізіп жатыр. Осы уақытқа дейін жеткен жетістіктерімнің бәрі қазақ тілін жетік білуімнің арқасы деп білемін.

Жамбыл облысы Қордай ауданында этникааралық қақтығыс болғанын білесіз. Егер бүкіл қазақстандықтар бір тілде сөйлейтін болса, қазақ тілін тәуір меңгерсе, мұндай жанжалдар болмас па еді? Сіз қалай ойлайсыз?

– Осы қақтығыстан кейін «басқа ұлттарға қазақ тілін үйретуіміз керек» деген пікір жиі айтылды. Әлеуметтік желілерде қалдырған жазбаларымның астында түрлі пікірлер жазылып жатады. Соның арасында: «Қазақ тілі – сондай ұсқынсыз тіл. Одан да ағылшын тілін үйренбейсің бе?» деген де қазақтар болды. Ел ішінде қазақ тілін білмейтін, өз тілін сыйламайтын қазақтар аз емес. Осындай пікірді маған қалай ұялмай жазып отыр? Өзге ұлт өкілдерінен бұрын өз қазақтарымыздан талап ету керек деп ойлаймын.

Қазақтардың өздері керемет деңгейге жеткеннен кейін барып, ұлт өкілдері де содан үлгі алып, солармен тең дәрежеде сөйлесуі, тең дәрежеде болуы үшін ұмтылады деп ойлаймын.

Тілді білу, түсіну бір бөлек, көркем сөйлеу – екінші нәрсе. Қазақтардың арасында қазақ тілін көркем сөйлей алатын адамдар өте аз сияқты.

Бұған көңіліңіз толмай ма?

– Әдебиетімізді, тарихымызды білетін адамдар жоқтың қасы. Біздің қазақтарымыз ағылшын тілін меңгеруге ұмтылып жатыр. Ол да дұрыс. Басқа тілдерді білу – жақсы нәрсе. Бірақ ана тілін ұмыту деген ұят нәрсе. Өзге ұлт өкілімен соның тілінде сөйлесе бер. Оны, оның тілін сыйлап тұрған соң, сөйлесесің. Қарым-қатынас орнату үшін сөйлейсің. Осылайша, соның ұлтына деген құрметіңді көрсетесің. Ал сен қазақпен қазақша сөйлес. Қазақша сөйлейтін қазақтарымыз да азайып бара жатқан секілді. Менің қазақ тілін білетінім, қазақша сөйлеуім – тұрып жатқан елімнің тілін, ділін, дінін, салт-дәстүрін, мәдениетін құрметтегенім деп білемін. Қазақ тілін білу маған ешқандай жаман әсерін тигізген жоқ.

Ассамблеяда қазақ тілін керемет білетін қанша адам бар. Мен өзге ұлттардан қазақша білетін Жамбыл облысында жалғыз адам емеспін. Сөйлей алатын, ойын жеткізе алатын адамдар көп. Қазір қазақ тілін білетін адамдар көбейіп келеді. Біреуі көзге түссе, біреуі көзге түсе бермейді.

Қазақ тілін емес, басқа тілді үйренбегеніңізге өкінбейсіз бе?

– Жоқ өкінбеймін. Тіл білгенімнен тек жақсылық көріп келемін. Қазақ, орыс тілдерін білемін. Енді ағылшын тілін қолға алып жатырмын. Алдағы уақытта басқа тілдерді де меңгеру жоспарымда бар.

Ана тіліңіз – орыс тілі. Екі тілді еркін сөйлейсіз. Сондықтан басқа тілдерді үйрену сізге қиындық тудырмайтын шығар. Екі тілді еркін меңгеру үшінші тілді үйренуге көмегі тие ме?

– Иә, әрине. Қазір ағылшын тілін үйреніп жатырмын. Мен әр ортаға оңай сіңісіп кете аламын. Ағылшын тілі курстарына барғанда маған тек орыс тілінде үйрет демеймін. Қазақ топтарында да оқи аламын. Менің ойлау қабілетім қазақша. Алдымен қазақша ойлаймын, содан кейін ғана оны орысшаға аударып барып, ойымды жеткіземін. Ал әке-шешем қазақша мүлде білмейді. Отбасында тек орысша сөйлесеміз.

Менің ортам қазақтілді болды. Достарым қазақтар болды. Қалалы жерде жұмыс істей бастағанымда орысша дұрыс сөйлей алмайтынымды ұқтым. Грамматикам төмен екен. Қазақ тілі мен үшін ана тілім болып кеткенін ұқтым сол кезде. Қалалы жерге келген соң, осы жердегі адамдар орысша сөйлегеннен кейін, мамандығыма қажет болғаннан кейін, орыс тілін қолға алдым. Қазір екі тілді де қатар ұстап жүре аламын. Өзге тілдерді үйрену маған қиын соқпайды. Түсінбегенімді қазақшаға аударып біліп аламын, болмаса, орысшаға аударып түсініп аламын.

– Тілге байланысты сіздің басыңыздан қызық жағдайлар өткен шығар...

– Иә, менің түрім орыс болғандықтан, көшеде жүрсем немесе дүкенге кіріп қалсам, бір ортада отырсам, мені қазақша біледі деп ешкім ойламайды. Қасымда отырып, мен жайлы әңгіме айтады. Тіпті, өсектеп жататындар да бар. «Мына қыз да бәле болды» деп сыртымнан қазақшалап ұрсып тұратындар да бар. Әрине, бұған кейде күлемін, артық кетіп жатса, айтысып қаламын. Сосын олар «ой, мына қыз қазақша біледі екен ғой», – деп таңданып жатады.

Қазақтың жігітіне күйеуге шығуға дайынсыз ба?

– Ауылда өскеннен кейін барлық салт-дәстүрді білемін. Негізі адамдарды ұлтына бөлмеймін. Бұл сұраққа ұдайы «бұйырғаны болар» деп жауап беремін. Салт-дәстүрді жақсы білгеннен кейін, қазақ жігітіне тұрмысқа шығуға еш қарсылығым жоқ.

КСРО деген мемлекет болды. Совет адамы деген ұлт болады дедік. Қазір көп адамдар «мен кіммін?» деген сұраққа жауап іздеп жүр. Тамырын іздейді. Тіпті, кейбіреулер өзін «қазақстандықпын» десе, кейбіреулер өзін «қазақпын» деп сезініп жатқан азаматтар көбейді. Сіз өзіңізді кіммін деп сезінесіз?

– Ресейде туғаныммен, екі жасымда Қазақстанға көшіп келдік. Содан бері мен Қазақстанның шекарасынан ары асып көрмедім. Басқа елдердің тұрмыс-тіршілігімен танысқан емеспін. Алдағы уақытта Астана немесе Алматыда тұрып көргім келеді. Осы екі қалаға ғана көшкім келеді. Бірақ «басқа елге кетсем екен» деген ой мені мүлде мазаламайды. Қазақ тілін осындай деңгейде білетіндіктен, менің болашағыма жақсы әсерін тигізетініне сенімдімін. Болашағымның қазақ тілінде екенін де білемін. Сол себепті, орыс болғаныммен, жаным – қазақ. Жүрегім «қазақ» деп соғады.

Тегтер: