Тоқаевты тыңдады. Байсейітов НЕГЕ борышынан биыл құтылмақ?

«ЦентрКредит банкі» АҚ биыл мемлекетке мерзімінен бұрын 40 миллиард теңге қайтаруы тиіс. Бұған дейін 20 миллиард теңге қарызын жапқанын ескерсек, банк 60 миллиард теңгелік борыштан толық құтылатын болады.
Банктің негізгі акционері Бақытбек Байсейітов бұл ниеті туралы қаржы институтының 2024 жылдың қорытындысы бойынша әзірлеген жылдық есебінің алғысөзінде хабарлады. Қарыздан құтылуға барлық мүмкіндік бар. 2024 жылы «ЦентрКредиттің» таза пайдасы 202 миллиард теңгеден асқан. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 50 пайызға артық.

Жыл қорытындысында «ЦентрКредит» тобының активтері 1,8 триллион теңгеге артып, 7 триллион теңгеден асты. Банктің өзі активтер көлемі жағынан Қазақстан бойынша үшінші орында тұр. Оның тез өсуі рейтингіне де жағымды әсер етті. S&P пен Moody”s халықаралық агенттіктері банк рейтингін бір сатыға өсірген.
Биылғы жылдың басында NEGE «ЦентрКредит» банкінің кемінде 20 миллиард теңгені мемлекеттік борышты жабуға бағыттайтынын болжаған еді. Бақытбек Байсейітов мүмкіндік барда бұл мәселені біржолата шешіп тастауға шешім қабылдапты.

Мүмкіндік шынымен де бар. Біз бұған дейін жазғандай, 2023-2024 жылдары Бақытбек Рымбекұлы «ЦентрКредиттің» таза пайдасын дивиденд ретінде шығармады. Соның арқасында қордаланған таза пайда 570 миллиард теңгеге жетті.
Мемлекеттік қарызды ерте қайтару «ЦентрКредиттің» қаржылық жағдайын мүлде нашарлатпайды. 40 миллиард теңге деген бұл банк үшін көп ақша емес.
Есесіне Бақытбек Рымбекұлының Ақордамен сәлемі түзу болмақ. Оның құны 40 миллиардтан анағұрлым қымбат екені түсінікті.
Осы жылдың басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев банк қожайындарына «мемлекеттен алған ақшаларыңды тезірек қайтарыңдар» деген үндеу жолдаған болатын. Құлыбаевтың «Халық банкі» мен Байсейітовтің «ЦентрКредиті» осы үндеуге құлақ асқан қаржы институттары тізіміне кірді. Қалған банктердің қожайындары әлі ойланып отыр.