Елімізде спортты қаржыландырудың жаңа тәсілдері енгізіліп жатыр

Туризм және спорт министрлігі спорт саласын қаржыландыру тетіктерін жетілдіру және бюджет шығындарын тиімді басқару бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.
Алматы, NEGE. Өңірлік спорт басқармалары мен ұлттық спорт федерацияларына бюджет қаражатын үнемдеп, қаржыландырудың қайталануын болдырмау үшін «1 өңір – 1 клуб – 1 спорт түрі» қағидатын ұстану ұсынылды. Бұл туралы бүгін Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың төрағалығымен өткен өңірлік басқармалардың, ведомстволық бағынысты ұйымдардың, спорт федерациялары мен кәсіби клубтардың басшыларымен өткен кеңес барысында мәлімдеді.
Биыл маусымда күшіне енген «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңға сәйкес, командалық спорт түрлері бойынша кәсіби клубтарды қаржыландыруға шектеу енгізілді. Бұл – қаржының ашық әрі тиімді жұмсалуын қамтамасыз етіп, клубтарды балама қаржы көздерін тартуға бағытталған маңызды қадам.
Сондай-ақ заң бойынша шетелдік спортшыларды ұстауға және оларға еңбекақы төлеуге бюджет пен квазимемлекеттік сектордың қаражатын пайдалану тыйым салынды. Бұл шешім жергілікті кадрларды қолдауға, отандық спортшылардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және ұлттық спорт мектептерін дамытуға бағытталған.
Жаңартылған заң аясында спортты стратегиялық тұрғыдан дамытуға бағытталған бірқатар маңызды нормалар енгізілді:
Басым спорт түрлері айқындалды
Министрлік Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия және Азия Пара ойындарындағы ұлттық құрамалардың нәтижелерін ескере отырып, 60-тан астам басым спорт түрінің тізімін бекітті.
11 ұлттық спорт түрі басым спорт түрлері қатарына енгізілді
Биылдан бастап ұлттық спорт түрлері де олимпиадалық бағыттармен қатар мақсатты қаржыландыруға және жоғары жетістіктер спорты ретінде жүйелі дамуға мүмкіндік алады.
«Мүгедектігі бар спортшыны сүйемелдеуші» ұғымы заңмен бекітілді
Заңнамада алғаш рет І топтағы мүгедектігі бар спортшыны алып жүретін тұлға ұғымы енгізілді. Бұл норма олардың жаттығу мен жарыстарға тең қол жеткізуін қамтамасыз етіп, спорттағы инклюзивтілікті арттыруды көздейді.
Спорт ұйымдары басшылары үшін ротация жүйесі енгізілді
Енді спорт ұйымдарының басшылары 5 жыл мерзімге тағайындалады. Кадр тапшылығы бар өңірлерде ротация облыс ішіндегі көршілес аудандар арасында жүзеге асырылады.
Қабылданған шаралар – отандық спортты тұрақты әрі тиімді модель бойынша дамытуға бағытталған кешенді реформаның бір бөлігі. Туризм және спорт министрлігі заңда көзделген нормаларды мемлекеттік саясат аясында іске асырып, олардың орындалуын барлық деңгейде қамтамасыз етеді.