7 Қыркүйек 13:37
...

Он жылдық ойран. Қайрат Қожамжаровты кім ұстап береді?

Антикор
Фото: Коллаж NEGE

Кеше Қазақстанның Бас прокуратурасы Антикордың бұрынғы төрағасы, бұрынғы Бас прокурор Қайрат Қожамжаровқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын мәлімдеді.

«Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің бұрынғы төрағасы Қ.П.Қожамжаровқа қатысты лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану, сондай-ақ ол басшылық лауазымдарда болған әртүрлі кезеңдерде қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Барлық қылмыстық істер бойынша арнайы прокурорлардың жетекшілігімен жедел-тергеу топтары құрылды. ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды», – деп хабарлады Бас прокуратура.

«Димонның досы»

Қайрат Қожамжаров 1965 жылы 24 наурызда қазіргі Тараз қаласында дүниеге келген. 1987 жылы Ленинград мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген. Қожамжаровты жақсы білетіндер оны «Димонның досы» дейді екен. Өйткені Ресейдің экс-президенті Дмитрий Медведев те 1965 жылы туған және 1987 жылы ЛГУ-дің заң факультетін бітірген. Ал енді Қайрат пен Димон студент кезінен таныс-біліс болды ма, әлде кейін табысты ма, ол жағын білмейміз. Білетініміз – Қожамжаров пен Медведевтің қатар оқығаны, бірақ Димонның аузынан «Қайратпен доспын» дегенін естігеміз жоқ.

2011 жылы «Ведомости» басылымы Питердегі әйгілі Royal Beach клубтық мейрамханасында сол кездегі Ресей президенті Д.Медведевтің курстастарымен кездескенін, онда Қазақстанның бас қаржы полицейі Қожамжаровтың да болғанын жазды. «Қаржы полицейінің достары ол туралы «қылмыспен күресте әрдайым қатал әрі ұстанымы берік болатын, оның көзірі – қылмыспен күрес» деп еске алады. Достарының сөзіне қарағанда, Қожасжаров пен Медведев оңаша сөйлесуге әрдайым уақыт табатын. Өйткені олардың мүддесі бір еді, әсіресе қылмыспен күресте», – деп сүйкетеді «Ведомости».

Айтпақшы, Қазақстанның экс-президенті Н.Назарбаев Қожамжаровтың Медведевпен байланысы бар екенін курстастар кездеуінің алдында ғана білген-мыс. Басылым бұл туралы бүй дейді: «Қожамжаров Назарбаевқа барып, «Мен президентпен кездесуге баруым керек» дейді. Ал Назарбаев болса: «Қандай президентпен?», – деп таң қалыпты...»

Мұны мысал етіп отырған себебемізі, «Ескі Қазақстан» өкілдерінің қай-қайсысы болса да, ресейлік басылымдарға, әсіресе, батыс БАҚ-тарында мақтанғанды жақсы көретін. Қожамжаров та қатарынан алыс кетпеді. Өйткені ресейлік «Ведомости» Қожамжаровты жатып кеп мақтағанда да сондай күлімсі иіс мүңк еткен...

Димон
Д.Медведев. Фото: ғаламтордан

Қош, орыс Димонның да дәуірі бітті, ол енді қазақ досы Қайратты құтқарып қала алмайды. Өйткені өз басында машақат жетіп артылады. Қазір «Қазанбас» (Медведевтің лақап аттарының бірі – ред.) тек «зам» боп қалған: Әскери-өндірістік комиссия төрағасының бірінші орынбасары, Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары. Ал «замдардың» көп нәрсені шеше алмайтыны белгілі. Сол себепті де жуырда былай деп жағанбыз: «Қазір Медведевтің ықпалы бұрынғыдай емес. Егер Қазақстан билігі шындап кіріссе, Қожамжаровты «курстасының» құшағынан оп-оңай суырып алатынына еш күмән жоқ...»

Қазақстан билігі шындап кіріскен сыңайлы, қылмыстық іс қозғалды ақыры. Бір емес, екі бірдей ауыр бап бойынша. Ендігі жүк арнайы прокурорлар мен Бас прокурор Берік Асыловтың мойнында.

Сіз кімсіз, Қ мырза?

1987 жылы ЛГУ-ді бітірген соң қазіргі Тараз қаласы аудандарының бірінде прокурордың көмекшісі болған Қожамжаровты арада жиырма жыл өткенде Қазақстанның бас қаржы полицейі болады деп ешкім ойламағаны анық. 2001 жылы қаржы полициясының тергеу департаментіне келген Қ.Қожамжаров 2008 жылы Экономикалық және жемқорлық қылмыспен күрес агенттігінің төрағасы боп шыға келді.

Антикор
Н.Назарбаев пен Қ.Қожамжаров. Фото: ғаламтордан

Арада бір жыл (2012-2013) Ақмола облысына әкім болды демесеңіз, Қожамжаров күштік құрылымнан он жыл бойы кеткен жоқ. 2013-2014 жылдары президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болды да, одан соң қайтадан антикорға келіп, 2017 жылға дейін өзіне үйреншікті органды басқарды. Ал 2017 жылдың соңынан 2019 жылдың наурызына дейін Бас прокурор болды. Қожамжаров бас қаржы полицейі, Бас прокурор болып тұрған кездегі дақпыртты істерді жинаса, бестселлер боларлық бірнеше кітап жазуға болады. Біз соның бірқатарына тоқталайық.

Қорғас ісі

2013 жылы Қазақстанның сот тарихында бұрын-соңды болмаған процесс басталды. «Қорғас, Қалжат, Достық бекеттеріндегі жемқорлық» бойынша ҰҚК мен кеден қызметінен 45 адам айыпталып, 19 күдіктіге іздеу жарияланды. Қылмыстық іс 1536 томға жетіп, іске 600 куәгер тартылды, 48 адвокат пен 38 қорғаушы қатысты. «Хабар» арнасы Қожамжаров бастаған қаржы полицейлерінің «адам естіп, көз көрмеген ерлігі» туралы арнайы деректі фильм түсірді.

Бұл іс он жыл бойы «қаһарман қаржы полициясының ҰҚК мен кеден саласындағы жемқорлықты әшкерелеу ісі» деп қабылданып келді. Алайда 2023 жылы жағдай түбегейлі өзгерді. Атышулы қылмыстық істің басы – аяғына, аяғы – басына келді. Сол кезде сотталған кеденшілер мен чекистер істің қолдан жасалғанын, жан төзгісіз азаптаулар болғанын мәлімдеді. Осыдан соң арнайы прокурорлар істі қайта қарап, шын айыптылар шетінен ұстала бастады. Осылардың ішіндегі ең маңыздысы әрі ең атақтысы «Саныч» немесе «Бетон» деген лақап атпен белгілі Талғат Мақатов еді. Естеріңізде болса, сол тұста Қожамжаров басқарған қаржы полициясы дәл осы «Бетон» арқылы «кедендегі былықты аштық» деп жар салған болатын. Он жыл бұрын бәрі батыр етіп көрсеткен Талғат Мақатов – «Бетон» осылайша бірнеше бап бойынша қылмыскер боп шыға келді.

Т.Мақатов өзін «Қожамжаровтың бауыры» санайтыны сотта анықталды. Ал Қожамжаровтың оны қаншалықты бауыр санайтыны әзірге белісіз. Қысқасы, агент «Бетон» – «Саныч» Мақатов биыл бірнеше қылмысы үшін бас-аяғы 24 жылға кесілді. Басты куәгер, кеденші Медет Жамашевті өлтіруге тапсырыс бергені үшін 20 жыл, қанды қаңтар оқиғасына қатысқаны үшін 15 жыл, ірі көлемде алаяқтық жасағаны, қару мен жарылғыш заттарды заңсыз алғаны, билік өкілдерінің өміріне қауіп төндіргені үшін 11 жыл арқалады. Сонымен бар қылмысы жинақтала келе 24 жылға сотталды.

Қорғас ісі
«Бетон», «Саныч» Т.Мақатов. Фото: ғаламтордан

Дәл осы Қорғас ісіндегі қанды із тергеушілерді Қайрат Қожамжаровқа апарғаны анық. Мысалы азаптау, қорқытып-үркіту арқылы қылмысты мойындатуға қатысты бір деталь анықталды: Қорғас ісі бойынша айыпталғандардың бірі Қайрат Қожамжаровтың кабинетінде азапталған.

«2011 жылғы 14 маусымда оның (Қайрат Қайырбаевқа – ред.) басына қап кигізіп, белгісіз бір ғимаратқа алып келген. Қапты тек кабинетке кіргізген соң ғана шешкен, ол жерде Қожамжаров, Мадиев және Татубаев отырған. Қожамжаров тұңғыш президент Назарбаевтың портретін көрсетіп, оның тапсырмасымен әрекет етіп отырғанын және оларға Жақаев пен басқа да адамдарға қатысты мойындаулар қажет екенін айтқан. Сондай-ақ, оған ешқайдан көмек келмейтінін ескерткен. Кейін оны басқа кабинетке апарған, онда белгісіз ер адам қорқытып, қызының суретін көрсетіп, егер ол куәлік бермесе, қызына қауіп төнетінін айтқан. Осыдан соң оны қайтадан Қаржы полициясы ғимаратының жертөлесіне жеткізген», – делінген Қожамжаровтың бұрынғы қарамағындағыларына қатысты сот үкімінде.

Қожамжаровтың сенімді адамдары Ұ.Мәдиев, Т.Татубаев, О.Кексель көп ұзамай істі болып, азаптау бабы бойынша айыпталып, тергеліп жатыр. Бұлардан бөлек тағы бірнеше күдікті қамауда отыр. Бұлар да тізімнің соңы емес. Ендігі нысана – «шортанның» өзі.

Ахметов ісі

2015 жылы экс-премьер-министр, экс-қорғаныс министрі, экс-әкім Серік Ахметов он жылға сотталды. Ахметов кінәсін мойындаған жоқ, бірақ сол кездегі президент Н.Назарбаевтан кешірім сұрады.

«...Мемлекет басшысының сенімін ақтамағаным үшін шын жүректен кешірім сұраймын. Қарағанды облысында қалыптасқан ахуал үшін моральдық жауапкершіліктің барлығы маған тиесілі екенін түсінемін. Егер сот пен мемлекет басшысы маған қайтадан қызметке оралуға мүмкіндік берсе, онда бар тәжірибем мен білімімді Отанымыздың игілігіне жұмсап, адал атымды қалпына келтіруге дайынмын. Қалай болғанда да мен өз елімнің, халқымның, Ұлт Көшбасшысының адал перзенті болып қала беремін!», – деді С.Ахметов.

Сот
С.Ахметовтің соты. Фото: ғаламтордан

Кешірім сұрағаны да бекер болмаған сыңайлы, 2017 жылы Ахметов бостандыққа шықты. Бірақ негізгі нәрсе бұл емес. Ахметовке қатысты қылмыстық істі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің орталық аппараты жүргізген. Олар «Ахметов ірі көлемде пара алды» деген айыптауды дәлелдей алмады, көп ұзамай «Ахметовтің ісін тергеген қаржы полицейінің өзі парамен ұсталды» деген ақпарат тарады.

Айта кетейік, 2014 жылы Қ.Қожамжаров Қауіпсіздік кеңесі хатшылығынан қаржы полициясының басшылығына қайта келген болатын...

Матаевтар ісі

2016 жылы Журналистер одағының төрағасы, Ұлттық баспасөз клубын құрушы Сейтқазы Матаев пен оның ұлы Әсет Матаев ұсталды. Антикор әкелі-балалы Матаевтарға «мемлекетке 529 млн теңге залал келтірді» деген айып тақты. Тергеу жарты жылға жуық жүргізіліп, сот 40 күнде бітті.

С.Матаев соттағы соңғы сөзінде бар картаны жайын салды. Оның айтуынша, оларды соттатуға мүдделі адамдар – Мәжілістің экс-төрағасы Н.Нығматулин, Антикор басшысының экс-орынбасары Т.Татубаев және олигарх А.Клебанов.

«Осылардың ықпалымен мені және отбасымды қылмыстық қудалау басталды, осылардың ықпалымен Алматыдағы баспасөз клубының ғимараты қиратылды, осылардың ықпалымен мүлкіміз тәркіленді, осылардың ықпалымен ұлым екеуміз ұзақ уақыт қамауда отырмыз. Олар маған «ҚазТАГ-ты бізге берсең, қылмыстық қудалауды тоқтатамыз» деп ескертті», – деп мәлімдеді. Сейітқазы Матаев.

Сот
Әкелі-балалы Матаевтар. Фото: ғаламтордан

2016 жылы қазанда әкелі-балалы Матаевтарды қосақтап қойып соттады. С.Матаев 6 жылға, Ә.Матаев 5 жылға кесіліп, мүліктері тәркіленген. Алайда 2022 жылы шілдеде әділдік орнады: Жоғарғы сот Матаевтарды толықтай ақтады. Ал оларға жалған іс қозғатқандардың өзі қазір қамауда отыр, бірақ бәрі бірдей емес.

Ермегияев ісі

2016 жылы маусымда «ЭКСПО-2017» компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ермегияев 14 жылға сотталып, мүлкі тәркіленді. Оны «ірі көлемде пара алды», «сеніп тапсырылған мүлікті жымқырды» деп айыптады. Бірақ Т.Ермегияевтің өзі тағылған айыпты мойындамады.

«Мен қазір айыпталушыға айналдым, өйткені кейбіреулерге менің қамауда болғаным қажет болды. Мен таңдау алдында тұрдым: өз ұстанымдарыма адал болып қалу немесе Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қолдан жасаған жалған әрі арсыз өтірікке еріп кету. Өзімді қорғау үшін көп нәрсе айта алар едім. Қолымдағы құжаттарды сөйлетіп, жасалған төлемдер туралы шындықты айтуға болады. Бірақ олай істемеймін. Өйткені бұл менің еліме де, мен жан-тәнімді арнаған көрме жобасына да зиян тигізуі мүмкін», – деген сонда Т.Ермегияев.

Сот
Т.Ермегияев. Фото: ғаламтордан

Антикордың бұл істі қандай былықпен жүргізгені енді-енді айтыла бастады. Т.Ермегияевтің бостандыққа шығуына көп қалған жоқ. Ендеше бар шындықты жайып салуға оның мүмкіндігі бар. 

Түйін: Қожамжаров пен оның командасы туралы әлі көп нәрсе айтуға болады. Алдағы уақытта олардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталамыз. Алдымен Қожамжаров командасындағы «басты көзірлердің» бірі – Қазақстанның бұрынғы бас көлік прокуроры, Антикор төрағасының экс-орынбасары Мақсат Дүйсеновті зерттеу керек. Жуырда оған іздеу жарияланды.

Міне, Қ.Қожамжаров пен оның командасының 2008-2019 жылдар аралығында салған ойранының бір парасы осындай. Ал енді Қожамжаровты ұстап беру «мәртебесіне» кім ие болатынын көп ұзамай білетін боламыз.