4 Қыркүйек 14:20
...

Қожамжаровтан Әлиевке дейін. Ағайынды Дүйсеновтер Дубайда жасырынып жүр ме?

Дубай
Фото: Коллаж NEGE

«Ескі Қазақстанның» белді өкілі – бұрынғы бас қаржы полицейі, экс-бас прокурор, экс-сенатор Қайрат Қожамжаровқа да тықыр таянып қалғандай. Өйткені оның командасында болған бұрынғы бас көлік прокуроры Мақсат Дүйсеновке іздеу жарияланды. «Выход к морю» телеграм каналының жазуынша, ол Дубайда жасырынып жүрген болуы мүмкін.

Телеграм канал былай деп жазады: «Жуырда іздеу жарияланған Қазақстанның бұрынғы көлік прокуроры Мақсат Дүйсеновтің туған інісі Асхат Дүйсенов Дубайдан құны бірнеше миллиард теңге тұратын элиталық жылжымайтын мүлікке иелік етеді. Оның ірі бизнесі жоқ, керісінше, салық қарыздары, елордадағы сәтсіз инвестициялары және қылмыстық өткен өмірі бар. Соған қарамастан бұл жағдай ағасының құқық қорғау органдарындағы мансабына еш әсер етпеген.

Әшкере болған деректерге қарасақ, Асхат Дүйсенов Jumeirah Beach Residence аймағындағы Jumeirah Gate Tower кешенінен екі пәтер сатып алған. Бірі – 182,6 шаршы метрлік, үш бөлмелі пәтер 39-қабатта орналасқан. Екіншісі – 107,8 шаршы метрлік, екі бөлмелі пәтер 47-қабатта. Пәтерлердің қазіргі нарықтық құны шамамен 4,7 млн доллар. Екі көлік тұрағын қоса есептегенде, Асхат Дүйсеновтің активтері 5 млн долларға (2,7 млрд теңге) жетеді».

Телеграм канал жұрт жадынан шыға бастаған тағы бір жайтты еске салыпты. Естеріңізде болса, 2007 жылы «Нұрбанк» менеджерлерінің өлімі бойынша сот процесі өткен. Осы процесте Асхат Дүйсенов фигурант атанған.

Дубай
Фото: "Выход к морю"

«2007 жылы Мақсат Дүйсенов Атырау облысында жемқорлықпен күрес жүргізіп жүрген кезде Алматы полициясы оның інісі Асхат Дүйсеновке іздеу жариялаған. Ол екі бап бойынша күдікті деп танылған: «ұйымдасқан топ құрамында адам ұрлау» және «қылмыстық топ құру». Сол жылы ол ұсталып, Қазақстан тәуелсіздік тарихындағы ең даулы қылмыстық істердің бірі – «Нұрбанкгейт» ісінде фигурант болды. Бұл іс Рахат Әлиевтің атымен байланысты. Әлиев – экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы әрі банкирлерді өлтіру ісінің негізгі тапсырыс берушісі деп танылған.

БАҚ деректеріне қарағанда, Асхат Дүйсенов банкирлерді Әлиевтердің шаруашылығында күштеп ұстауға көмектескен және кейін тергеушілерге олардың денесі қайда көмілгенін көрсеткен. Алайда сотта ол айыпталушы немесе куәгер ретінде танылмаған.

Нұрбанкгейт
«Нұрбанк» ісі бойынша күдікті В.Кошляк пен Ә.Мұсаев.Фото: Азаттық

Кейін А.Дүйсеновтің аты-жөні басқа даулы іске байланысты шықты. 2015 жылы ол әпкесі екеуі елордадағы «Қорғалжын кварталы» тұрғын үй кешенінен алты пәтер алмақ болып, құрылыс компаниясына 24 млн теңге аударған. Бірақ сол жылы құрылыс тоқтап қалып, Дүйсеновтер «алданған үлескерлердің» қатарында қалды.

Асхат Дүйсеновтің бұл пәтерлерге ақша қайдан тапқаны да түсініксіз, ал Дубайдағы 5 млн долларлық мүлік тіпті күмән тудырады. Себебі оның атына тіркелген бар-жоғы бір жеке кәсіпкерлік қана болған, оның да 11 мың теңге салық қарызы бар. Биыл қаңтарда Алматыда «AT PARTNERS (KZ)» ЖШС құрғанымен, әзірге нақты қызметі байқалмайды.

Elmedia дерегінше, осы жазда Асхат Дүйсенов тағы да қамауға алынған. Бұл жолы ол ақша жымқыру және шетелге капитал шығару ісі бойынша күдікті деп танылған. Ал оның ағасы, бұрынғы Бас прокурор Қайрат Қожамжаровтың «оң қолы» атанған Мақсат Дүйсенов әзірге іздеуде жүр. Кей деректерге сенсек, ол дәл сол Дубайдағы бауырының пәтерлерінде жасырынуы мүмкін. Өйткені элиталық жылжымайтын мүлікті сатып алуға қаражатты інісінің өз еңбегімен тапқанына сену қиын», – деп жазады телеграм канал.

Ал Қайрат Қожамжаров қазір қайда? Немен айналысып жүр? Қазақстанда ма, әлде шетелде ме?

2023 жылы қарашада Н.Назарбаевтың інісі Болат Назарбаев қайтыс болғанда Қайрат Қожамжаров жаназаға келген. Сонда ол «Не істеп жүрсіз?» деп сұрағандарға «заң компаниясын ашқанын» айтқан болатын. Ал былтыр «Кто убийца?» деп аталатын детектив жанрында кітап жазғаны белгілі болды. Кітапта ол тоқсаныншы жылдары өзі тергеген қылмыстық істері туралы баяндайды. Кітап қолымызға тиген жоқ, бірақ онда кейіпкеріміз Антикор мен Бас прокуратураны басқарып тұрған кездегі атышулы тергеу істері бар деп ойламаймыз. 

Кейбір деректерге қарағанда, Қожамжаров қазір түпкілікті Мәскеуде тұрады. Қожамжаровты «Медведевтің курстасы» дейді. Егер ол шынымен де Медведевпен қарым-қатынасы жақсы болса, курстасын қорған тұтып баруы әбден мүмкін. Алайда қазір Медведевтің ықпалы бұрынғыдай емес. Егер Қазақстан билігі шындап кіріссе, Қожамжаровты «курстасының» құшағынан оп-оңай суырып алатынына еш күмән жоқ...