15 Ақпан 13:26
...

Ұшты, ұшты, ҰҚШҰ ұшты!..

Фото:

Әміржан, ҚОСАН, саясаткер

Осы күндері Ұжымдық Қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) туралы әңгіме тренд боп кетті. Басты себептің бірі Беларусь президенті Александр ЛУКАШЕНКОНЫҢ ҰҚШҰ бас хатшысы, Қазақстан өкілі Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВПЕН кездесуінде ұйым мүшелеренің Ресейдің Украинаға қарсы ашқан соғысы кезінде ортақ бір позиция ұстану қажеттілігі туралы сес көрсете сөйлеуі болғаны рас.

Сол сөзін толығымен келтірейін:

«Егер де біреу Украина мен Ресей арасындағы қақтығыс – біздің қақтығыс емес, бір жерде тып-тыныш отырып-ақ, құтыламыз деп ойласа, мүлдем олай емес, олай болмайды. Уақыты келеді, ол алыста емес, ертең-ақ келеді, сол кезде әркім өз позициясын анықтауы тиіс. Өзінің ұлттық мүдделеріне қарсы болсын деп тұрған жоқпын. Бірақ өзіміздің одақтық кемшін тұстарымызбен бірге біз бірлесе қимылдауымыз үшін өз саясатымызды, өз бағытымызды нақты анықтап алуымыз керек».

И.Тасмағамбетов

Әрине, Ресейдің о бастағы одақтасы, бір туған бауыры, айрылмас досы Беларусь басшысының әлемді екі лагерьге бөліп тастаған осы соғысқа қатысты қандай көзқараста екені бесенеден белгілі. Кремльге қаржылай және саяси тұрғыда күні түскен әрі Путиннен де бұрын батыс санкцияларына ұшыраған одан не сұрауға болады?!

Осы тұжырыммен тақырыпты жылы жауып қоюға болар еді. Бірақ...

Кез келген ұйымның не құрылымның өзінің даму тарихында әртүрлі кезеңдер болады. ҰҚШҰ да сондай. Қанды қаңтар кезінде Қазақстанға әскери контингентін жіберген бұл әскери блоктың аты жер жарып еді. Тіпті бағзы біреулер ұйым көмегіне жүгінген Тоқаевты жерден алып, жерге салғаны да есімізде. Алайда, Қаңтардың қараңғы қалтарыстарына үңілсек, бүлікшілер кабинетіне баса-көктеп кірген екінші президенттің басқа амалы қалмаған да сияқты (Қаңтардың себептері мен салдарына нақты бағаны барлық ақиқат бүкпесіз айтылғаннан кейін бере жатармыз).

ҰҚШҰ тақырыбының тағы да ушығуының басты саяси себебі, меніңше, геосаясатта, соның ішінде, ұйымның басты акционері әрі қозғаушы күші – Ресейдің ішкі және сыртқы жағдайының қиындауында деп санаймын.

Келесі жылы Ресейде президент сайлауы өтуі тиіс. Конституцияны өз ыңғайына сай өзгерте салған Путин тағы да бас таққа таласа алады. Ал ол үшін өзі басқарған тұста ауыз толтырып айтар жетістіктер болуы шарт. Күні ертең Укрианаға қарсы ашқан соғысының басталғанына бір жыл толады. Әскери жеңістер жоқ, украиндықтар өліспей-беріспей жатыр. Соғысу оңай әрі арзан шаруа емес, оған қыруар ақша қажет.

Мәселен, бизнес әлемінде аса беделді FORBES журналының есептеуінше, Ресей тоғыз айдың ішінде соғысқа жұмсаған тікелей шығындар 82 миллиард доллар болыпты. Мұның өзі Ресей мемлекеттік бюджетінің 25 проценті екен! Санкциялардың астында қалған экономика болса, тұралап қалды. Ресей бюджетінің ең басты көзі – мұнай мен газды «ұжымдық Батыс» сатып алудан бас тартуда. Ресейдің өз ішінде соғысқа деген наразылық күнне-күнге артып барады.

Көңілсіз саммит. Фото: kremlin.ru

Міне, осындай кезде көпшіліктің көңілін басқа жаққа бұратын жаңаша идеялар керек. Және де ол бастама ұлттық-патриоттық, отарлық саясаттың бар қызығын көрген мемлекет үшін неоимпериялық сипатта болса, Кремль үшін әбден құба-құп. Сол себепті ендігі жерде Путин постсоветтік кеңістікке қатысты саясатын одан сайын күшейте түсетін сыңайлы. Және де ондай күш біріктірудің ұйымдық құралы – ЕАЭО мен ҰҚШҰ болары анық. Өйткені ол ұйымдардың ішкі құжаттары бар. Оларда одақтастық қарым-қатынастар туралы жазылған.

Сөз жоқ, Қазақстан басшылығы ДНР мен ЛНР-ды мойындамайтыны туралы ашық айтты. Бірақ, телеарналардан күнделікті сайрап, сарнап жатқан кремльдік «пропагандостарға» салсақ, жақында референдум арқылы қосып алған территориялар Ресейге тиесілі екен-мыс.

Ал ҰҚШҰ шарты бойынша, ұйымға мүше елдер бір-біріне әскери көмекті «ол елдің қауіпсіздігі, тұрақтылығы, территориялық тұтастығы мен егемендігі әскери шабуылға ұшырағанда ғана бере алады».

Фото: facebook.com/odkbcsto/

Өз шындығын айтып, мінез таныта алатын Кремльдің тегеурінді талаптарына төтеп беруге біздің ел дайын ба? Геосаяси таңдауымызға қысым жасағанда біздің осал тұстарымызды бетімізге баспай ма? Мәселен, ЕАЭО мен ҰҚШҰ аясындағы міндеттемелеріміз, еліміздің солтүстігінің ресейлік газға зәрулігі, ресейлік бизнестің Қазақстанға экспансиясы, тіл мен «солтүстік облыстар» мәселесі, ашық-шашық жатқан 7,5 мың шақырымдық ортақ шекарамыз, іштей тынып отырған «бесінші колонна», бір күнде пайда болуы мүмкін «зеленые человечки» дегендей.

Бір ғана сұрақ: осы қауіптерді азайту үшін 30 жыл ішінде не істедік? Және де, жаман айтпай, жақсы жоқ, алда-жалда екі ел арасында түсінбеушілік бола қалса, осы және басқа себептердің бар екенін өз жұртымызға түсіндіріп жатырмыз ба? Ондай мағлұмат алмаса, ертеңгі күні өз ішімізден шұбар жыландар шыға келмей ме? Басқасын айтпағанда, ресейлік телеарналардың неоимпериялық уынан құтыла алдық па?

Неге біз латынның «Si vis pacem, para bellum» («бейбітшілікті қаласаң, соғысқа дайындал») деген қанатты сөзін естен шығарып алдық?

Жыл басында Путин ЕАЭО-ға мүше елдер басшыларына үндеу жолдап, «саяси интеграция» тақырыбын төтесін қойған-ды. Бәлкім, сол ойды енді ҰҚШҰ-ның күн тәртібіне енгізіп, оған жан бітіруі үшін Лукашенконы сайратып отыр ма?!

Міне, сырт көзге тұрақты әрі ешбір зияны жоқ көрінетін бір ғана ҰҚШҰ ұйымына қатысты қаншама күдікті ой туып жатыр!

Бәрін уақыт көрсетер, алайда бір нәрсе анық: тарихи тұйыққа тірелген және де сол себепті өзінің жекебас мүддесі үшін сан мыңдаған отандастарын қырып тастаудан тайсалмаған Путин, өзіне одақтас санайтын тұтас мемлекеттерді де құрбандыққа шалып жіберуі ғажап емес!

Мәселен, REUTERS агенттігінің хабарлауынша, осы ақпан айында Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттарында қатарынан үш апат болған. Дәл осы айдан бастап Германия Ресей мұнайының орнына Қазақстан мұнайын сатып ала бастады. Бетін аулақ қылсын, алайда еуропалық нарықтан айрылып қалған Ресей біздің зауыттарда диверсия ұйымдастырмады деп кім кесіп-пішіп айта алады? Өзінің қолдан жасап алған мақсат-мүдделерін қорғау үшін тапа-тал түсте бір мемлекетті бомбалап жатқан ондай басқыншыдан бәрін күтуге болады.

Жаңа Қазақстанның жаңа сыртқы саясатын түзгенде осы жайтты ескермесе болмайтын шығар.

P.S. Лукашенко жоғарыда келтірілген сөзін Иманғали Тасмағамбетовті қабылдап отырып айтқаны қазақ аудиториясында біраз қызығушылық пен серпіліс тудырған сияқты.

Бірақ бар нәрсе Тасмағамбетовке ғана тіреліп тұрған жоқ. Ол – ҰҚШҰ секілді ұйымға мүше елдердің бірлесе отырып тағайындаған халықаралық деңгейдегі менеджер ғана. Бар нәрсені шешетін –мемлекет басшыларының кеңесі. Сол себепті әр ел өз мүддесін қорғауды өзінен және сол құрылымнан бастауы тиіс. Қоғам да сырт қалмауы керек. Сол себепті де осы мақаланы жазып отырмыз.

Тегтер: