14 Ақпан 15:23
...

ТАСМАҒАМБЕТОВ бас изеді: Енді қазақ сарбазы Украинадағы СОҒЫСҚА бара ма? 

Фото:

Беларусь президенті Александр Лукашенко ҰҚШҰ ұйымына мүше елдерді Украинадағы соғысқа қатысты «белгілі бір ұстанымды» ұстануға шақырып отыр. Бұл туралы ол ҰҚШҰ төрағасы Иманғали Тасмағамбетовпен кездесуі барысында мәлімдеді.

Оның сөзінше, ҰҚШҰ-ға мүше елдерді ұлттық мүддесіне қарсы әрекет жасауға мәжбүрлеп жатқан жоқ. Бірақ сонда да бір ортақ байлам жасауы тиіс екен.

«Егер біреулер Украинадағы жанжал «біздің жанжал емес, тыныш отыра тұрайық» десе, мұнысы бекер. Олай болмайды. Уақыты келеді. Жақын арада, күні ертең таңдау жасауға тура келеді. Белгілі бір ұстанымды ұстау қажет болады», – дейді Александр Лукашенко.

Фото: Беларусь президентінің баспасөз қызметі.

ҰҚШҰ басшысы И.ТАсмағамбетовтің не деп жауап бергені құпия қалған. Қысқа бейнежазбада оның тек қана бас изеп отырғаны көрінеді. 

Бұл мәлімдеме ел арасында қызу талқыға түсіп жатыр. Әлеуметтік желілерде Беларусь басшысының сөзін сынаушылардың қарасы басым. Ал қоғам қайраткерлері NEGE-ге бұл әңгіменің астарында не жатқанын айтып берді.

Сергей ДУВАНОВ, саясаткер:

Бұл жігіттер бүйректен сирақ шығарып отыр

– Меніңше, Путин мен Лукашенко Тоқаевты өзінің серіктесі деп есептейтін болар. Сондықтан Тоқаевтың ҰҚШҰ шеңберінде серіктестік міндеттемелерін орындауы тиіс деп біледі. Одан қалса, өз идеологиясының, өз ортасының, кеңестік қағидалардың адамы деп ойлайды. Батыстық құндылықтарды жоққа шығарады. Егемен елдің президентіне осындай ұсыныс айтуының бірден-бір себебі – осы. Ал Тоқаев мұндай жанжалды қолдаймын деп мойнына міндеттеме алған емес.

ҰҚШҰ – қорғанысты көздейтін ұйым. Егер Беларуське немесе Ресейге шабуыл жасалса, онда осы келісім аясында «біз қалай көмек көрсетеміз?» деген мәселені қарастыруымыз керек.

Ал қазіргі жағдайда осы екі елдің бірі басқа елге қарсы агрессивті соғыс жүргізіп жатыр. Сондықтан біз көмек көрсетуге міндетті емеспіз. Бұл жігіттер бүйректен сирақ шығарып отыр.

Бұған Тасмағамбетовтің аузымен Тоқаевтың не айтқанын біз білмейміз. Қандай жауап болғаны өте қызық болып тұр.

Дос КӨШІМ, саясаткер:

Бұл – Лукашенконың аузына салып берген Путиннің сөзі

– Ресей  мен Беларусьтің бұл мәселеде көзқарасы бір екенін біз жақсы білеміз. Ресей ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер мен басқа да елдерді өз жағына тартқысы келеді. Бұл – Лукашенконың аузына салып берген Путиннің сөзі. Лукашенко – тек қана жариялаушы, айтушы. Меніңше, бұл соғысқа ҰҚШҰ-ның ешқандай қатысы болмауы керек. Араласпауы тиіс. Өйткені, Ресейдің «біздің жеріміз» деп Украинаның жерін өзіне қосып алуын «басқыншылық соғыс» деп есептейміз.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Донбасты қосып алуын қолдамайтынын ашық айтты. Қазақстанның ұстанымы әлемдік деңгейдегі көзқараспен сай екенін мәлімдеді. Мұны толық қолдаймын.

Себебі, ҰҚШҰ-ға мүше елдердің біріне сырттан шабуыл жасалған жоқ. Украина басқа елдің шекарасын бұзып, баса-көктеп әскерімен кірген жоқ. Сондықтан бұл мәселеге қатысты Қазақстанның да, ҰҚШҰ-ның да ұстанымы ашық болуы тиіс.

Менің ойымша, Тасмағамбетов ҰҚШҰ-ның басшысы ретінде осы мәселені ашық айтуы керек еді. Оның неге үндемей қалғанына өзім таңғалып отырмын.  

Арман ШОРАЕВ, қоғам белсендісі:

ҰҚШҰ – пандора жәшігі

– ҰҚШҰ – өлі ұйым. Мүше болып отырған мемлекеттердің өздері бір-бірімен соғысып жатыр. Мәселен, Қырғызстан мен Тәжікстан бірін-бірін ауыр артиллериямен және басқа да қарулармен атқылап жүр. Адам шығыны да бар. Бір ұйымның мүшелері бір-бірімен соғысып жатса, мұның қандай ұйым болғаны?

Армения басшылығы бұдан бір ай бұрын: «Егер Қарабақ мәселесінде көмектеспесеңдер, біз ҰҚШҰ-дан шығамыз», – дегенді ашық айтты. Бұл – жақын болашақта Армения бұл ұйымнан шығады деген сөз.

Осыдан бір жыл бұрын қанды Қаңтар кезінде ҰҚШҰ күштерін Қазақстанға кіргізуге қарсы азаматтардың бірі болдым. Сол кезде біз: «ҰҚШҰ-ны шақырып, пандора жәшігін ашып жатырмыз» деп айтқанбыз. «Ертең Ресей мен Беларусь бір сылтау тауып: «Украина бізге шабуыл жасап жатыр. Бізді құтқарыңдар! Қара домалақтарыңның қолына қару беріп, бізге жіберіңдер», – десе, біз қайтпекпіз?» деген сауал көтерген едік.

Бүгінгі таңда ҰҚШҰ бізге керек емес ұйым. Одан жедел бас тартуымыз керек. Өйткені, ҰҚШҰ-ның ең ірі мүшесі Ресей фашистік-агрессивтік режимге айналды. Мұндай режиммен серіктес болу жарға жығады. Ресей сияқты бізде темір перденің артында қаламыз. Санкцияға ілігіп, Венесуэлаға немесе Солтүстік Кореяға айналамыз. 

Тегтер: