8 Ақпан 08:58
...

НАТО Ресейге қарсы СОҒЫСА ма? Сарапшылар пікірі

Фото:

Кейбір деректерге қарағанда, НАТО-ға мүше елдер «Ресеймен тікелей қақтығысқа түсеміз бе, жоқ па?» деген мәселені алдағы жазда талқымақ көрінеді. Батыс генералдары НАТО-ның бұған сақадай сай екенін ашық мәлімдеп отыр. Ресей болса, соғыстың алғашқы күні-ақ Украинаға болысқысы келген елге ешқандай аяушылық болмайтынын ескерткен. Мұнысы – «ядролық қару қолданамыз» дегенді меңзегені.

Әскери сарапшылардың айтуынша, Ресей жақын арада қарқынды шабуылға көшпек. Ал Украина тарапы шабуылға тойтарыс беру үшін Батыстың жаңа қаруларына иек артып отыр. Текетірес, қанды айқас бұрынғыдан бетер қыза түсетін түрі бар. НАТО араласса, бұл жанжалдың арты үшінші дүниежүзілік соғысқа ұласуы да ғажап емес. Бүгінгі күннің басты сауалы – осы.

Қазақстандық сарапшылар NEGE-ге халықаралық ахуал жөнінде өз болжамын айтты.

Эдуард ПОЛЕТАЕВ, саясаттанушы:

Екі бірдей дүниежүзілік соғысты басынан кешкен Еуропа бұған жол бермейді

– Тарихқа, тәжірибеге көз жүгіртсек, кез келген қарулы қақтығыс қысқа мерзімді және мақсатқа тез қол жеткізуді көздейді. Бірақ көбінде артынан алапат соғысқа ұласып кетеді. Қосымша күштер, жаңа одақтастар мен қарсыластар пайда болады. Сондықтан 24 ақпанда немесе наурыз айының басында «Украинадағы қақтығыс ұзаққа созылады» деп ешкім күтпеген болатын.

НАТО мүшелерінің мәлімделеріне келсек, осы ұйымның жарғысы бойынша НАТО-ға мүше елдердің біріне қауіп төнсе немесе шабуыл жасалса ғана, әрекетке көшуі тиіс. Әзірге мұндай оқиға болған жоқ.

Иә, Украина осы ұйымға кіруге бірнеше мәрте ұмтылды. Бірақ онысы сәтсіз болды. Тек қана «болашақта қарастырамыз» деген құрғақ уәделермен шектелді.

Швеция және Финляндия мүше болып кіріп, НАТО-ның тағы да кеңейе түсу мәселесі қайраңдап тұр. Өйткені, осы елдердің ішінде де, НАТО мүшелерінің арасында да қарсылық бар.

Меніңше, қандай да бір арандатушылық болған жағдайда ғана ірі қақтығысты күтуге болады. Мысалы, НАТО елдерінің біріне кездейсоқ бір зымыран құлап, ғимараттар бүлініп, адам шығыны болса немесе АҚШ және Германия секілді жетекші елдер қысым жасаса.

Десе де, қақтығыстың Украина аймағынан шығып, басқа елдерге тарауына ешкім мүдделі емес деп ойлаймын. Өйткені, екі бірдей дүниежүзілік соғысты басынан кешкен Еуропа бұған жол бермейді. Халқының көңіл-күйі осыны көрсетіп отыр. Еуропада халықтың пікірінің салмағы бар. Шешімдер қабылданғанда ескеріліп отырады. Сондықтан мұндай ірі қақтығыстарды күтуге әлі ертерек.

Ал НАТО кабинеттерінде отырған генералдардың жөні бөлек. Соғыс – олардың жеп отырған наны.

Сайын БОРБАСОВ, саясаттанушы:

Путин кетсе де, путинизм құрымайды

– Көптеген сарапшылар бұл соғысты басталмайтын шығар деп ойлап еді. Бірақ АҚШ пен Ұлыбритания барлаушылардың айтқаны дәл келді. Міне, 24 ақпанда бір жыл толғалы отыр.

Бұл соғыс бүгін-ертең бітпейді. Батыс Украинаның күшімен Ресей империясын біржолата тұралатпақ. Бұл – Украина халқы үшін ауыр сын. Үлкен соққы, үлкен қасірет. Ал әлем халқы үшін жақсылық әкелетін дүние. Өйткені, ХХІ ғасырдың басындағы ең агрессивті, отаршыл империя күйрейді. Батыс Ресейді әбден титықтату үшін ұрыстың жалғаса беруіне мүдделі.

Украина халқы өз тәуелсіздігі үшін күресіп жатыр. 42 миллион халық аз халық емес. Қазіргі ұрыста тек қана техника емес, әскер де көп нәрсені шешеді. Еркек кіндіктінің бәрі қолына қару алып, тәуелсіздігін қорғауда.

Батыс әзірше соғысқа тікелей араласпайды. Өйткені, Ресей атом бомбасын қолдануы ықтимал.

Оның үстіне, Батыс әскерінің ұрысқа араласуының қажеті де жоқ. Өйткені, Украинада әскер жеткілікті. Бір миллионнан астам әскер шығара алады. Батыс болса, Украина әскерін ұрысқа дайындап жатыр. Он мыңдаған украиндық әскер Батыста әскери дайындықтан өту үстінде.

Ресей президенті – өте қаныпезер адам. Ол соғысты жалғастыра береді. Менің ойымша, соғыс келесі жылға дейін созылады. 2023 жылдың қысына қарай, Ресейдің жеңілісімен аяқталатын шығар деп ойлаймын. Ресейдің жеңілісі – Украинаның Қырымды қайтаруы деген сөз. Украина өз шекарасына жеткенімен, әрі қарай Ресейдің аумағына өтпейді. Өйткені, шамасы жетпейді.

Ал Ресей әлсіз мемлекетке айналады. Ұлттық аймақтар тәуелсіздікке ұмтылатын болса, Ресей күйреуі де ғажап емес. Бірақ бұл неғайбыл.

Путин биліктен кетсе де, путиншіл біреу келеді. Өйткені, Ресейде импершіл көңіл-күй күшті. Путин кетсе де, путинизм құрымайды. Жиырма бес жыл ішінде ресейліктердің қанына сіңіп кетті. Одан арылу әсте оңай емес.

Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ, философ:

Бұл мәлімдемелер – генералдардың арманы ғана

– Бұл – батыс елдерінің әскери  элитасының Украина мен Ресей арасындағы соғысқа деген реакциясы. Ал мемлекеттік билік салқынқанды саясат ұстанып отыр. Әскерилердің көзқарасында эмоция басым. Сондықтан әскерилердің сөзін сол елдің ұстанып отырған саясаты деп қабылдамау қажет. Соғысқа қару беру жоспарының барлық жүгі осы әскерилердің мойнында.

Ресми билігінің мақсаты – Ресейді әлсіретіп, болашақта қайта бас көтере алмайтындай жағдайға жеткізу. Әскерилер Украинаға барлық қару-жарағын берсе, Ресей «жеңілдік» деп шекарадан қайтса, өзінің шабуылдаушы потенциалын қорғап қалады. Сондықтан, «жеңемін» деп үміттендіріп, осы соғысқа бар әскери потенциалын жұмылдыртып, әлсірету саясаты жүріп жатыр. Мұны ресейліктердің өздері енді ғана ұға бастады. Халықтың тұрмысы нашарлады. Соғыста қаза болғандардың табыты көптеп елге келе бастады.

Соғысқа қарсы пікір өршіп кетпесі үшін бұрын Мәскеу, Санк-Петербордан әскерге адам алмайтын еді. Тек қана экономикалық тұрғыдан әлсіз өңірлерден жұмысы жоқтарды ақшаға қызықтырып әскерге алды. Қазір лажсыздан орталық өңірлерде де мобилизация жүргізе бастады. Бұл жайттар Ресейді іштен ыдыратып, билігін шайқап жатыр.

Бірақ ресейлік қоғам билікті төңкеріп тастауға қабілетсіз. Ресейліктердің дені билікті қолдап, реваншистік ұстанымда жүр. Олар Украинадан «Донбасстағы орыстарға қатты қорлық көрсетті-міс» деп кек алғысы келеді.

Батыс бұл соғысқа ешқашан араласпайды. Өйткені, Батыс қару-жарақпен қамтамасыз еткен жағдайда, Украина өз бетінше жеңіске жете алатынын дәлелдеді.

Украиналықтар Ресейдің «ядролық қару қолданамын» деген қоқан-лоқысынан қорқып отырған жоқ. Ашынғаны соншалықты, он атом бомбасын тастаса да, шегінетін түрі көрінбейді. Осы соғыстың арқасында бір жұдырық болып бірікті, ұлт болып ұйысты. Қанша күш салса да, мұндай халықты жеңу мүмкін емес. Жазға қарай Украинаның әскери қуаты арта түседі. Жаңа заманауи техника қосылады. Соғыстың қарқыны бұдан да қатты бола бастайды. Ресей бүгін күн сайын 800-900 адамынан айырылып отырса, ол кезде бірнеше мыңға жететін болады.

Украина жеңіп жатқанда, Батыс соғысқа килікпейді. НАТО – ұжымдық бірлестік. Соғысқа араласу үшін барлық елдер келісім беруі тиіс. Бұл жерде ортақ келісім жоқ. Мәселен, Венгрия бұдан бас тартады. Түркия НАТО-ның Ресейге қарсы соғысуын қолдамайды. Бұл мәлімдемелер – генералдардың арманы ғана.

Тегтер: