Бөріхан Нұрмұхамед: Ресей алып, бірақ әлсіз мемлекетке айналуы мүмкін
Сарапшылардың айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге жасаған осы жолғы мемлекеттік сапарының жөні бөлек. Мәскеу бірінші рет Қазақстан президентін терезесі тең елдің басшысы ретінде қарсы алды.
Әйтеуір, бізге келіп жеткен ақпарат легіне қарағанда, Кремльдің Қазақстанға қатысты ұстанымы біршама жұмсарғандай әсер қалдырады.
NEGE-ге берген сұхбатында саясаттанушы Бөріхан НҰРМҰХАМЕД Ресейдің ішіндегі саяси үдерістер және екі ел арасындағы қарым-қатынастың болашағы жайында өзгеше пікір білдірді.
– Бұл – Тоқаевтың президент болып қайта сайланғаннан кейінгі алғашқы ресми сапары. Қазақстан мен Ресей арасындағы әріптестіктің деңгейін айқындайды. Шекаралық қарым-қатынас, достыққа арналған форумға Ресей мен Қазақстанның президенттері қатысты. Бұл – бұрыннан тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан іс-шара.
Қазақстан бұрын қол қойған келісімдер бойынша сыртқы саясат жүргізеді. Украинадағы жағдайға байланысты Қазақстанның ұстанымын президент бірнеше мәрте ашық мәлімдеді. Сондықтан бұл мәселені ортаға салынбады.
– Сонда Тоқаев пен Путин қандай мәселелерді талқылады?
– Меніңше, екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынас, салынған санкцияларды ескере отырып, қандай іс-шаралар жасауға болатынын талқылауы мүмкін.
– Ресейлік саясаттанушы Аркадий Дубнов Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынасқа әділ баға беріп отыр. Оның айтуынша, Қазақстан Ресеймен ат-құйрығын кесісуге мүдделі емес. Астана тату көршілік, одақтастық саясат ұстанса, Ресей бізге қатысты шантаж әдісін пайдаланып жүр екен.
Оның пікірінше, бұл саясат кері әсер етуі ықтимал. Өйткені, Қазақстанның Ресейден іргесін аулақ салуға мәжбүр болуы ғажап емес. Бұл пікірге алып-қосарыңыз бар ма?
Фото: Ақорда
– Өте дұрыс айтады. Шын мәнінде, Кремльге Қазақстаннан жақын, одан мықты әріптес жоқ деп ойлаймын. Өйткені, Ресейдің басшылары Қазақстанмен қарым-қатынасын жоғары деңгейде бағалауы тиіс. Ресейлік бір саясаттанушы: «Украинадан кейін Ресей үшін Қазақстан үлкен проблемаға айналуы мүмкін», – деп көкіп, артынан жүргізуші Соловьев кешірім сұрағандай болды.
Меніңше, бұлар санкция құрсауына іліккен кезде ресейлік бизнеске, азаматтарына мүмкіндік ашатын ірі мемлекеттің болғаны жақсы екенін түсінді. Қазақстан бұл үдеден шығып отыр.
Географиялық жағынан алсаң да, жақындығы бар. Тіпті, Грузия, Армения және Өзбекстан секілді елдермен салыстырғанда да. Бұл елде Қазақстан туралы жағымсыз сөздер айтып, шантаж жасауға жол бермейтін әлеуметтік күштер қалыптасады деп ойлаймын.
– Кремль жоққа шығарғанымен ресейлік ресми ақпарат көздері Қазақстанға қатысты жау шақырған ұрандарын жиі естіп қаламыз. Бұл ненің белгісі?
– Кремль өз азаматтарының мүддесін ойлайтын болса, ақылы бар болса, екі ел арасындағы қарым-қатынасты бұзуға жол бермеуі керек. Қазақстанмен тату, достық қатынас орнатуға мүдделі болады.
Өткен сайлауда халық ауызбіршілігін көрсетті. Тоқаевқа 80 пайыз дауыс берді. Бұл – өте жоғарғы сенім деңгейі. Бұл Қаңтар оқиғасы кезіндегі түйткілдерді шешіп, бәрін оң жолға қойды.
Бұрын Ресей: «Қаңтарда сіздерге көмектестік, бізге қарыздар екендеріңді ұмытпаңдар», – дейтін еді. Бұл сайлау тарихтың бір парағын жапты. Тоқаевтың ішкі легитимділігі өте жоғары деңгейде.
Фото: Ақорда
Сыртқы легитимділігі одан да жақсы. Оны бірнеше халықаралық саммит көрсетті. Атап айтсақ, ШЫҰ және Түркі мемлекеттері ұйымының бас қосулары. Сырт саясатта бәрі елімізге қолдау көрсетіп жатыр. Сайлаудан кейін әлем елдері құттықтаулар жолдады. Мұның бәрі «Қазақстанмен дос болу керек» деген ойға итермелеп, көзін ашуы әбден мүмкін. Санкцияның салдары оларды тығырыққа әкеп тіреді.
– Ресеймен бізді байланыстырып отырған ұйымдардың бірі – Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы. Бұған Иманғали Тасмағамбетовтің төраға болуы нені көрсетеді? Кейбір дереккөздеріне сенсек, бұл да Кремльдің Ақордаға қыр көрсеткені деседі. Бұл пікірге қосыласыз ба?
– Бұл жерде басқаша түсіну керек. ҰҚШҰ – ортақ ұйым. Бұл ұйымның ішінде қайшылықтар бар. Реніштер бар. Арменияның президенті Никол Пашинян наразылығын ашық айтып та жатыр. Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекара дауы қарулы қақтығыстарға ұласты. Бұл ұйым дағдарысты басынан өткеріп жатыр.
Бұл – Тоқаевқа қыр көрсету емес. Ресей бұл ұйымға өз адамын қоятын болса, өз саясатын жүргізуге көмектесетін еді. Ортақ ұйымды кезек-кезек басқару қажет. Тасмағамбетовті дағдарысқа қарсы менеджер ретінде көріп отыр.
Бұдан былай бұл ұйымды Қазақстан басқаратын болған соң, өзімізге жақындау болсын деген сияқты. Ұйымды Қазақстанның басқаруы да – жақсы қарым-қатынастың кепілі. Олай ететін уақыт та емес. Керісінше, бұл Қазақстанның мықтылығын көрсетеді.
Коллаж: kazakh24.info
– Ресейлік БАҚ-тарда Кремльдің қазіргі ұстанған саясатына қарсы жұмсақ түрде наразылықтар айтылып жатыр. Әсіресе, «Қазақстан мен Орталық Азияға қатысты қатаң емес, орнықты, салиқалы саясат ұстану керек» деген материалдарды көзіміз шалып қалып жүр. Бұл ресейлік көзі ашық адамдардың жалғызілікті үні ме, әлде белгілі бір саяси топтардың көзқарасы ма? Мұндай өзгерістерге не түрткі болып отыр?
– Бұл – үлкен бір үрдістің көрсеткіші. Ресей осы уақытқа дейінгі рөлін бұдан кейін атқара алмауы мүмкін. Ресейде әлеуметтік-экономикалық түйткілдерді айтпаған күннің өзінде үлкен демографиялық мәселе де бар.
Ресей өзін осы уақытқа дейін универсалды, өз алдына бір өркениет ретінде қарастыратын. Бұл рөлі күннен күнге әлсіреп бара жатыр. Ресейдің өзінде бірнеше саяси топ, саяси күштер бар. Соғысты қолдайтын қырғилар қазір басым түсіп отыр. Бірақ күш қуаты сарқылып барады.
Украинадағы соғыс, санкция құрсауы ел экономикасын әлсіретіп жатыр. Батыс компаниялары Ресейден кетті. Желтоқсанның бесінен бастап мұнай алуды тоқтатпақ. Мәскеу мен өңірлер арасында, ұлттық республикалар арасында қайшылықтар үдеп барады. Осындай ахуалда жақын мемлекеттерге қарсы жаугершілік саясат жүргізу өздеріне аса қауіпті. Мұны елдегі саяси күштер жақсы түсініп отыр.
Орталық Азия елдері Ресейге жау емес. Жау қылып алмас үшін достық саясат жүргізуі тиіс. Осы үрдісті аңғару ләзім.
Үш-төрт жылда не болары белгісіз. Ресей әскері жеңіле ме, жеңе ме? Жеңген күннің өзінде, бұрынғыдай қуаты болмайды. Алып, бірақ әлсіз мемлекетке айналуы мүмкін. Кейбір болжамдар бойынша, бірнеше республикаға бөлініп кетуі де ғажап емес. Дезинтеграция үдерісі жүріп жатқанда басшылары ұстамды саясат жүргізбеске басқа амалы қалмайды. Қазақстан Ресейге ең сенімді әріптес бола алады.
– Әңгімеңізге рахмет!