Аман Мәмбетәлиев: Қытай өзгені ықтыру үшін өз халқын да аямайды
Си Цзиньпиннің Қытай коммунистік партиясының төрағасы болып үшінші рет қайта сайлануы дау-дамаймен өтті. Бұрынғы төраға Ху Цзиньтаоны партия съезінен күштеп қуып шықты. Қытайдың «Синьхуа» мемлекеттік ақпарат агенттігі экс-төрағаның денсаулығымен байланыстырып отыр. Оған сенсек, Ху Цзиньтаоның жағдайы бірден нашарлап кеткен көрінеді. Алайда оқиғаның бейнежазбасы бұл нұсқаны жоққа шығарады. Бұл оқиға Қытайдың ішкі саяси мәселелерінің шетін шығарып отырғаны анық.
NEGE-ге берген сұхбатында саясаттанушы Аман МӘМБЕТӘЛИЕВ Қытайдың ішкі-сыртқы саясатының ұңғыл-шұңғылына үңілді.
– Бұл оқиға қазір әлемдік баспасөздің басты тақырыбына айналып отыр. Сіздіңше, Қытайдың бұрынғы және қазіргі басшыларының арасындағы кикілжің нені білдіреді?
– Меніңше, Қытайдың коммунистік партиясындағы ішкі бәсекелестіктің аяқталғанын, жеңімпаздың айқындалғанын көрсетеді. Си Цзиньпин жеңді. Қытайда бір ғана партия бар. Тарихқа көз жүргіртсек, осы партияның ішінде мықты, бірақ әртүрлі күштер болатын. Бір партияның ішінде оппозиция да пайда болады. Олар бір-бірімен блок құрып, мемлекет саясатына ықпал етуді көздейді. Соңғы кезде оппозициялық блоктардың әлсірегені байқалды. Бұл оқиға осы үдерістің аяқталғанынан хабар береді.
Мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары «Ху Цзиньтаоның денсаулығы нашарлаған соң залдан шығарды» деп хабарлады. Бірақ бұл – жай нәрсе емес. Мұның кикілжің екені, мұндайды күтпегені Ху Цзиньтаоның мимикасынан көрініп тұр.
Мұның алдында болмаған нәрсе. Бұл айтулы оқиға болып отыр. Си Цзиньпин – Мао Цзедун дәуірінен бері үшінші мерзімге қалған бірінші басшы.
А.Мәмбетәлиев.
– Си Цзиньпин қатал саясаткер секілді көрінеді. Шығыс Түркістандағы мұсылмандарды қудалап, «қайта тәрбиелеу» лагерлеріне қамады. Бұдан бөлек, Тайванды қайтаруға белсене кірісті. Бұл мақсат үшін АҚШ-пен әскери қақтығысқа баруға дайын екенін мәлімдеді. Мұның астарында не жатыр?
– Қазақстандықтардың дені бұл елмен байланысы жоқ болғандықтан, Қытайдың саясатынан бейхабар. Десе де, Қытайдың ішкі саясаты әлемде жақсы зерттелген. Өте қатал. Кейде шектен шығып кетіп жатады. БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі конвенцияларына қол қойса да, адам құқығын бұзатыны нақты дәлелденген. Бұған халықаралық ұйымдардың құжаттары айғақ бола алады.
Біз Шығыс Түркістан аймағында дүрбелең басталған кезде ғана білдік. Бірақ дүниежүзі мұны бұрыннан білген. Қытай өз халқына да осылай қатал қарайды. Адам құқығын бұзып, еркінен айыру тек Шығыс Түркістанда ғана емес, басқа аймақтарда да болған. 1953 жылдардан бастап Тибет және басқа провинцияларда да осындай үдеріс жүрді.
Концлагерлерді «қайта тәрбиелеу» лагерлері дейді. Ашығын айтқанда, мұнысы – түрменің бір түрі. Мұндай саясат Шығыс Түркістанда жүргізілген кезде ғана таңырқап, шоши бастадық. Осыны істеп отырған губернатор мұның алдында бес провинцияны басқарған. Өзі әскери адам. Қытай «терроризм қаупі бар» деп ақталып отыр.
Қытайдың коммунистік партиясы мұсылман, будда, христиан діндерінен қауіп көреді. Қытайда стандартизация жүріп жатыр. Осы даму бағдарламасының өзі адам құқығын өрескел бұзады. Кедей аймақтың адамдарын алып, жұмысы бар аймақтарға, айдалаға күштеп көшіруі мүмкін. Қытай «адам құқығын бұзудың еш сөкеттігі жоқ» деп есептейді. Бұл мың жылдан бері жалғасып келеді. Бұл мәселеге Қытайдың көзқарасы мүлде басқа.
– Адам құқығын бұзу Қытай үшін тарихи дәстүр ме, әлде, ішкі саяси ахуал ма?
– Қытай біртұтас мемлекет емес. Америкалық саясаттанушысы Сэмюэль Хантингтон «Өркениеттер қақтығысы» деген кітабында: «Қытай – өзін бір мемлекет ретінде көрсетіп отырған жалғыз ғана өркениет» деп суреттеген. Қытайдың ішінде түрлі дінді ұстанатын, әртүрлі тілде сөйлейтін ұлт пен ұлыстар бар. Миллиардтан асатын халықтың бәрі де ханзулар емес. Қытай біртекті ұлт болмағандықтан, қатты қорқады. Сондықтан шектен шығатын істерге барады.
– АҚШ Қытайды басты қарсыласы ретінде атады. Батысқа қарсы ашық саясат жүргізіп отырған Ресейдің өзін екінші орынға сырғытқан. Алып екі елдің арасындағы кикілжіңнің түйіні неде?
– Екі ел арасында экономикалық соғыс жүріп жатыр деп ашық айтуға болады. Бір-біріне санкция салып жатыр. АҚШ экономикалық соғыстың тәсілдерін қолданып, порттарда қытай кемелеріне салынатын салықтарды көбейтті. Соңғы кезде АҚШ ұтып жатыр. Қытай үшін теңіз арқылы тауар жеткізу жолы қиындай түсті. Қытай ұтыла бастаған соң, балама жолдарды іздеуге ден қойды. «Батыс Қытай- Батыс Еуропа», жаңа «Жібек жолы» бағыттары – АҚШ санкциясының әсері.
Бұл Қазақстанға логистикалық, технологиялық тұрғыдан үлкен мүмкіндік ашып отыр. Экономиканы әртараптандырып, мұнайға деген тәуелділіктен арылудың бір жолы – осы. Ауыл шаруашылығының дамуына да серпін бермек.
Мәселен, Австралия, Үндістан, Филлипин және басқа да оңтүстік-шығыс азия елдері Қытайды азық-түлікпен қамтамасыз етіп келді. Бұл елдер – АҚШ-тың одақтастары. Ауыл шаруашылық өнімдерінің бағасы көтеріліп жатыр. Қытай халқының рационы қазір бірнеше есеге ұлғайды. Бұған мың түрлі азық-түлік тауарлары кіреді. Бұл – Қазақстан үшін үлкен мүмкіндік.
– Кейбір батыс бұқаралық ақпарат құралдары «Қытай Тайванға емес, Ресейдің шекаралас аймақтарын басып алуы ықтимал» дегенді айта бастады. Қисын бойынша, бұл Қытайдың экономикалық өсімі үшін үлкен серпін бермек. Батыс бұған кет-әрі болмайды. Бұл нұсқа жайында не айтар едіңіз?
– Қытайдың Ресейге қатысты ұстанымы – «жорғалаушы оккупация». Яғни, әскер кіргізіп, базаларын салмайды. Бірақ ресурстарды сатып алу жолын таңдап отыр. Қытайда ағаш болмаса да, қағаз шығару жағынан бірінші орында. Ағашты қайдан алып отырғаны түсінікті.
Қытай мен Ресейдің арасында соғыс болады дегенге өз басым сенбеймін. Қытайдың саясаты басқа. Олар жүз жыл күтуге де дайын. Ресеймен шекаралас аймақтарда 500-600 миллион қытай тұрады. Ал Ресейдің шекара маңындағы адамы 2-3 миллион адамнан аспайды.
Ресейге де бұл аймақтарды игеруі керек. Сондықтан екі ел арасында ұзақ уақытқа жерді жалға алу туралы келісім-шарттар көбейеді деп ойлаймын.
– Сарапшылардың пікірінше, бұдан былай Қытайдың дамуы тежеледі. Өйткені, шегіне жеткендіктен, бұрынғыдай қарқынды даму болмайды. АҚШ-ты басып озуы қиял болып қалмақ. Бұл пікірге не дер едіңіз?
– Келісемін. Қытайдың жыл сайын 10 пайыздан асатын көрсеткіштерінің тасасында АҚШ инвестициясы тұрған еді. Бірақ бірден құлдырап кетпейді. Өйткені, Қытайдың өз потенциалы бар. Қарқынды көрсеткіштер инерциямен біраз уақыт жалғасуы да мүмкін. Бірақ біршама уақыттан соң, саябырлайтын болады.
Қытайда қорқыныш ұялатын отырған жағымсыз демографиялық үдеріс қылаң беріп отыр. Зейнеткердің саны өсіп бара жатыр. Жақында Қытай өкіметі не зейнет жасын ұзартуы, не зейнетақыны азайтуға мәжбүр болуы ықтимал. Демографиялық қиындық экономикалық тәуекелге әкеліп соғады.
30-40 жыл бұрын Германия мен Жапония жаңа компанияларымен көзге түсетін. Рас, қазір де мықты, бай елдер. Бірақ бұрынғыдай жаңа компанияларды көріп отырғанымыз жоқ.
– Жақында Си Цзиньпин Қытай елінің Қазақстанның аймақтық тұтастығына кепілдік беретінін мәлімдеді. Бұл нені көрсетеді? Қытай мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас жаңа деңгейге шықты ма?
– Әлем өзгеріп жатыр. Дүниежүзіндегі теңгерімдер, әлемдік тәртіп өзгерген соң, жанжалдар көбейді. Қазақстан соңғы жылдары Түркі әлемімен, Араб елдерімен және Қытаймен тығыз қарым-қатынас жасай бастады. Қытай басшысының мәлімдемесін біздің дипломатияның жеңісі деп бағалауға болады.
Бұл – Қытайдың агрессивті сыртқы саясат ұстанып отырған солтүстік көршімізге жасаған месседжі деп ойлаймын. АҚШ-пен экономикалық соғыс жағдайында Қытайға тұрақты Қазақстан керек. Қытай мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас екі елге де пайдалы.
– Әңгімеңізге рахмет!