27 Сәуір 09:00

Ұлттық Банк VS Үкімет. Базалық ставканың өсуі Әлихан Смайыловты НЕГЕ ренжітті?

Фото:

Ұлттық Банк базалық ставканы 14 пайызға көтерді. Үкімет оған әлі өз пікірін білдірген жоқ. Бірақ Министрлер кабинетінің ішінде ставканың қымбаттауын қолдап отырғандар аз. Себебі, Үкімет үшін қаржы тарту қиындап, экономикалық өсім көрсетуге мүмкіндіктер азаяды.

Nege.kz сарапшылармен сөйлесіп көрді  және олар Ұлттық Банктің басқа амалы қалмағанын айтады.

Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені көтеру туралы шешімді геосаяси тәуекелдердің салдарынан инфляциялық қысымның күшеюімен түсіндіреді. Өз релизінде орталық банк «үш жыл бойы байқалып отырған оң фискалдық қарқын инфляциялық процестердің маңызды қозғаушы күні болып қала береді», – деп жазады.

«2022 жылдың наурыз айында жылдық инфляция теңге бағамы әлсіреп, сұраныс көбейгенде және жеткізілім тізбегі бұзылғанда 12%-ға (2022 жылғы ақпанда – 8,7%) дейін қарқын алды. Азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының жылдық өсу қарқыны, сәйкесінше 15,4% (10%) және 10,9% (8,6%) болды. Ақылы қызметтің құны 8,3% (7,1%) өсті. Инфляцияның тұрақты қалыпта үдеуі тауарлар мен қызметтердің кең спектріне бағаның өсуімен сипатталады, бұның өзі 2022 жылғы наурызда базалық инфляцияның айтарлықтай өсуімен расталады»

«Ұлттық банктің логикасын түсінуге болады», – дейді, Nege.kz шолушысымен сөйлескен «Ұлағат Консалтинг групп» директоры, экономист Марат Қайырленов. Оның айтуынша, инфляцияны ауыздықтау – Ұлттық Банк алдында тұрған басты міндет. Өйткені инфляция – кедейлікке салынатын салық.

«Қаңтар оқиғасынан кейін біз әлеуметтік тұрақтылықтың маңызды екенін түсінеміз. Болжам бойынша, пайыздық мөлшерлеменің артуы теңгенің рубльге қатысты нығаюына әкеледі. Бұл ресейлік тауарларды біз үшін біршама арзандатпақ. Тиісінше инфляцияны тежеу орын алмақ. Бұл жерде біздің ставканы көтеріп жатқанымызды, ал Ресейдің базалық ставканы түсіріп жатқанын ескеру керек. Оларда бірақ әлі 17%. Ставканы көтергенде біздің несиелендірудің айтарлықтай бөлігі (ипотекалық несиелер, шағын және орта бизнес) мемлекеттік бағдарламалар арқылы субсидияланып жатқандығын ұмытпаймыз. Әрине, тұтынушылық несиелеу сынды нарықтық бөлігі де бар, бірақ ол соншалықты үлкен емес»

«Ұлттық Банктің базалық ставканы 14 пайызға көтеруі Үкіметтің көңіл-күйін одан әрі түсіріп жіберді», – деп жазады, «DALA инсайд». Себебі, Үкімет үшін басты міндеттің бірі – экономикалық өсім көрсету енді барынша қиындамақ.

Қаржы нарығында екінші деңгейлі банктердің проценттік маржасы кемінде 4% екенін ескерсек, енді ең арзан кредиттің номиналды ставкасы 18%, ал тиімді ставкасы 20 пайыздан асып кетері айдан анық.

«Бұл жағдайда Үкімет ішкі қарыз тарту үшін шығаратын Қаржы министрлігінің мемлекеттік құнды қағаздары өзінің 10,5% ставкасымен ешбір инвесторға қызық болмай тұр. Демек, не ішкі қарыз алу өте қымбат болады, не тіпті ала алмайды. Халыққа кредит алу барынша қымбаттап, қиын болады. Осылайша басы артық ақша нарықтан кетіп, инфляция сабасына түсуі тиіс»

«Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының жоғары базалық әсері келесі жылдың басында бағаның өсуіне тосқауыл болады. 2022 жылы инфляция өсімін 14%-дан жоғары деп болжаған едік және біздің пікіріміз өзгеріссіз қалды», – деп бағалайды RiskTakers.

«Монетарлық факторлардың ішкі сұраныстың өсуіне ықпал ететіндігімен де келіспеуге тура келеді және керісінше, монетарлық факторлар өсуді ынталандыруды тоқтатты деп есептейміз. Ұлттық Банк өз есебінде несие портфелі бойынша статистикалық мәліметтерді келтірді, бірақ базалық мөлшерлеменің айтарлықтай өсуі, сондай-ақ тұтынушылық несиелеудің баяулауы және бірқатар басқа факторлар – қарсы ынталандыру»

Ал қаржы сарапшысы Владислав Туркин бұл шешімді көбірек қолдайды. Бірақ «но» дейтін тұстары көп. «Ұлттық Банк базалық ставканы негізінен болашақ инфляция болжамына сәйкес және аз дәрежеде ағымдағы монетарлық жағдайларға және инфляцияға қарсы факторларға сәйкес реттейді», – дейді Владислав Туркин.

Оның сөзінше, ставканы көтеру туралы шешім Ұлттық Банктің болашақта инфляцияның айтарлықтай өсуін күтіп отырғанын байқатады.

«Бұл ставка іс жүзінде тұтынушылық несиелеуге әсер етіп, сұранысты қысқартпайды. Бұл ретте тұтынушылық несиелеу, ең алдымен, массаның кейінгі өсуіне әсер етпейтін импорт саналады»

Nege.kz есебінше, Ұлттық Банк белгісіздікке алдын-ала дайындалып жатыр. Оған экономикалық өсім емес, жалпы тұрақтылық маңызды болып отыр. Марат Қайырленовтың айтуынша, біз әлі бұған дейін кездеспеген дағдарысқа тап боламыз.

Дағдарыс ауқымы жағынан бұл КСРО ыдыраған 1990 жылдардың басындағы кезеңге ұқсайды. «Біздің де, Ресейдің де экономикасы дәл қазір қалай әрекет етеді? Бұл шынымен де үлкен сұрақ. Бәлкім, қазіргі жағдайда ставканың өсуі бұл негізделген қадам шығар», – дейді Марат Қайырленов.

Сарапшылар базалық ставканың жақын уақытта төмендеуін күтпейді. Сондықтан кредиттердің қымбат болып, экономикадан артық ақшаның кете бастайтынына дайын болуымыз керек.

Тегтер: