19 миллиард теңге шығын. Министр Сапаров НЕГЕ нашар менеджер атанып отыр?
Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұлттық компаниясы 2023 жылдың қорытындысы бойынша 19 миллиард теңге шығынға батты. 2022 жылы да 15 миллиард теңге шығын келтірген болатын.
Бір қызығы, мұндай қаржылық қиындықтар Продкорпорацияның «Қазагро» мен «Бәйтерек» холдингтерінен босап, Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарайтын ведомстволық ұйым болғалы бері басталды. Осы орайда, «Самұрық-Қазына» мен «Бәйтерек» сынды холдингтерді жауып, ұлттық компанияларды профильді министрліктерге беру керек деген популистік ұсыныстардың аз болмағаны есте. Бірақ министрліктің де керемет менеджер бола алмайтынын көріп отырмыз.
2023 жылы «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұлттық компаниясы мемлекеттен жалпы сомасы 5,6 миллиард теңгеге жуық субсидия алған. Оның ішінде 2 миллиард теңге астық сақтау бойынша шығындарға жұмсалды. Сонғы рет Продкорпорация өз акционеріне тек 2021 жылдың қорытындысы бойынша 2,4 миллиард теңгеге жуық дивиденд төлеген. Сол уақыттан бері дивиденд емес, тек қана шығын көрсетіп келеді.
Қазір ұлттық компания бидайды сақтаудың мемлекет бекіткен ең төменгі нормасын көрсетіп отыр. Қоймаларда 500 мың тонна астық жианлған. Олардың баланстық құны – 48,18 миллиард теңге.
Продкорпорация 2022 жылдан бастап өзінің дәстүрлі нарығында Ресей тарапынан жасалған демпингке ұшырап келеді. Ресей Федерациясы өзіне салынған санкция қырсығынан Еуропаның астық нарығынан айрылған еді. Одан кейін Ресей Қазақстанның негізгі клиенттері – Орталық Азия мен Таяу Шығыс нарықтарына астықты арзан бағамен ұсына бастады.
Тақырыпқа орай: СҚО әкімі САПАРОВ пен шошқалар драмасы: РЕЖИССЕР кім?
Ол қадам астық фьючерстерін құлдыратып, Қазақстанның түсімін кәдімгідей азайтты. Мысалы, 2023 жылы Ресей демпингінен Қазақстанға келген шығын көлемі 5 миллиард теңгеге бағаланады.
Қазақстан ауыл шаруашылығы стратегиясы аясында бидай егуге арналған жер көлемін қысқартып, керісінше, қымбатқа сатылатын майлы дақылдар мен қант қызылшасы алқабын ұлғайтуға күш салуда. Биыл елімізде жалпы егіс алқабы 23,8 миллион гектарды құрап отыр. Жауын-шашын мен су қорының мол болуы биыл рекордты көлемде астық алу бойынша үміт сыйлады. Бірақ күзде астықты орып алу бойынша техникалық проблемалардың бар екенін ұмытпаған жөн.