Бұғып отыр. Нығматулиндерге қатысты мемлекет позициясы НЕГЕ өзгеруі мүмкін?
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауда заңсыз активтерді қайтару бойынша реестрге енген, бірақ әлеуметтік қолдауды сөзбұйдаға салып созып жүрген кәсіпкерлермен басқаша сөйлесетінін ескертті. Бұл – тиісті тұлғаларға жіберілген айқын сигнал.
Осы ретте, «ағайынды Нұрлан мен Ерлан Нығматулиндерге қатысты риторика қатаңдайды» дейді NEGE дереккөзі. Естеріңізде болса, Ерлан Нығматулин «Қазақстан халқына» қорына 200 миллион теңге аударумен шектелген болатын. Оның үлесі бар ферроқорытпа зауыты да («YDD Corporation» ЖШС) қорға бар-жоғы 300 миллион теңге аударды. Бірақ оның барлығы Нығматулиндердің ақшасы емес және ол зауыттың кезінде мемлекеттен 40 миллиард теңгеге жуық (92 миллион доллар) жеңілдетілген несие алғаны да ұмытыла қойған жоқ әлі.
Vlast.kz дерегінше, Мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматулиннің жұбайы Венера Баймырзаеваның атында Дубайда жалпы құны 4,3 миллион доллардан асатын 50-ге жуық жылжымайтын мүлік нысаны тіркелген. Нұрлан Нығматулиннің отбасылық бизнесі «Қазақмыс»/KAZ Minerals» және «Ордабасы» қаржылық-өндірістік топтарымен тікелей байланысты. Бір сөзбен айтқанда, оны Ким, Новачук, Дінмұхамед Ыдырысовтармен бизнес-серіктес деуге болады.
Дінмұхамед Ыдырысов пен Нұрлан Нығматулиннің құдалығын мың жылдық деп айтуға негіз бар. Өйткені екеуінің әйелдері, яғни құдағилар Мағда Ыдырысова мен Венера Баймырзаева бірлесіп инвестиция жасап, ең қымбат ресторандардан «тәтті шәй» ішіп жүр. Құдағилар Дубайда және басқа да қалаларда миллиардтаған долларлық жылжымайтын мүліктерді ұстап отыр.
Ал Нұрлан Нығматулиннің ұлдары Нұржан мен Нұрхан Жамбылдағы «Қазфосфат» зауытына иелік етеді. Соңғы уақытта осы зауытқа қатысты жағымсыз әңгіме көбейді. Соған қарағанда, бұлардың да төбесінен күн ауа бастаған сыңайлы.
Соңғы уақытта мемлекет бұл өндірістегі қауіпсіздік шараларының сақталмауына жіті назар аударып, қырағы бақылап жүр. Мұның себебі де жоқ емес. Зауытта енді тағы апат бола қалса, Миттал сценарийі Таразда да қайталануы әбден мүмкін. Мұны кіші Нығматулиндер де сезетін болса керек, зауытқа қатысты кез келген жағымсыз әңгіме оларға қатты тиетін болған.
Тақырыпқа орай: «Қазфосфат» зауыты мемлекетке 697 млн теңгеге залал өтеді
Бірнеше рет «Форбс» рейтингіне енген Ерлан Нығматулин де кезінде қолдарында билік барда бизнеспен сәтті айналысып, әкімшілік ресурс қамқорлығында болды.
Ерлан Нығматулиннің «Информсервис» ЖШС, «PULSE» ЖШС, «Вираж Сервис Қарағанды» ЖШС, «Өркен-Медиа» ЖШС, «TREND Capital» ЖШС, «YDD Corporation» ЖШС, «Qaz Carbon» ЖШС, «QazFerroAlloys» ЖШС, «Қаражыра» АҚ-да акциялары бар.
Кезінде Назарбаевқа жақындығын пайдаланып, мемлекеттік ресурстан қалағанынша «кертіп жеп» келген «Ескі Қазақстан» олигархтары қазір екі топқа бөлінген. Бірінші топ заңсыз алғандарының бір бөлігін қайтарып, қайырымдылықпен айналысып, мектептер салуда. Екінші топ әлі де бас бағып, бұғып отыр.
Міне, Нығматулиндер – осы екінші топтың өкілдері. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев олар үшін әңгіменің енді басқаша болатынын ашық мәлімдеді. Оларға ұзақ уақыт бұғып отыра беруге енді мүмкіндік бермейді.
«Нығматулиндерге қатысты нақты қимыл-әрекеттер қыркүйектің соңына қарай басталуы мүмкін» дейді NEGE-нің сенімді дереккөзі. Жуық арада басталуы мүмкін қандай да бір іс-әрекеттерді біз де өз тарапымыздан жіті бақылап отыратын боламыз.