17 Маусым 17:00
...

Енді «чики-чики» емес. Олигарх Идрисовтың Ақтөбедегі жағдайы НЕГЕ нашарлады?

Идрисов
Фото: Фото: Nege.kz

«Ескі Қазақстанның» олигархы Дінмұхамед Идрисовке (Ыдырысов) қомақты үлесі тиесілі «Ақтөбе мұнай құрылғы зауыты» мемлекеттен алған субсидияланған жеңіл несие шарты бойынша қаржылық ковенантты бұзған. Енді «Даму» қоры осыған қатысты несие ставкасын субсидиялауды тоқтатса, онда 2028 жылға дейін несиесін төлеуі тиіс зауыт кәдімгідей қиналмақ.

Мұнай саласы үшін бұрғылау құрылғыларын әзірлейтін Ақтөбедегі зауытты олигарх Дінмұхамед Идрисов бақылайды. 28,38% акция оған тиесілі «Ordabasy Group» фирмасына, 28,90 пайыз акция Идрисова Мағданың атына жазылған. Сонда кемінде 57% үлес шығады.

2023 жылы Ақтөбе мұнай құрылғы зауыты «Халық банкінен» 1,8 миллиард теңге несие алады. Ол несие горизанталды қазғыш техниканы сатып алуға қажет болған. Несиені «Даму» қоры субсидиялап, оның пайызы 6% дейін төмендетілді. Кредитті толық өтеу мерзімі 2028 жылы аяқталады.

Егер мемлекеттің қолдауы болмағанда олигарх Идрисовтың зауыты ол кредитке жылдық 21,75% процент төлеп отырар еді.

Идрисов
Фото: Ақтөбе мұнай құрылғы зауытының 2023 жылғы есебі

2023 жыл мұнай құрылғы зауыты үшін жаман болмады. Зауыт 2022 жылы 58,6 миллион теңге таза кіріс алса, 2023 жылы таза пайдасы 491 миллион теңгеден асып кетті. Бұл ретте зауыттың выручкасы, керісінше, түсіп кеткен, алайда өндіру шығындары кәдімгідей қысқарғандықтан баланстағы плюс 2022 жылғыдан көп болып отыр.

«Форбс» есебі бойынша олигарх Дінмұхамед Идрисовтың қазіргі байлығы 530 миллион доллар шамасында. Ол «Қазақстанның коммуналды жүйелері» компаниясына да иелік етеді. Компания Шымкент, Қарағанды, Түркістан, Маңыстау, Шығыс-Қазақстан облыстарында коммуналды төлем, интеграция бойынша жұмыс істейді.

Оған қоса Дінмұхамед Аппазұлының Аңтөбедегі зауытта және «Керегетас», «Үшқұю», «Kundybai Mining» компанияларында қомақты үлесі бар.