Елдос Сметовке тағы бір пәтер сыйға тартылды
Алматыда Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеевтің жетекшілігімен дзюдодан Олимпиада жеңімпазы мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті.
Алматы, NEGE. Федерацияның баспасөз қызметінен мәлім еткендей, ұйым өкілдері Франция астанасы Париж қаласында өткен жазғы Олимпиада ойындарын қорытындылады. Салтанатты шараға Қазақстан дзюдо федерациясының вице-президенттері, бас хатшы, спортшылар мен жаттықтырушылар құрамы қатысты.
«Дзюдодан тұңғыш Олимпиада чемпионы Елдос Сметовке Астана қаласынан үш бөлмелі пәтер кілті, ал Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаевқа Астана қаласынан бір бөлмелі пәтер кілті сыйға берілді. Сондай-ақ әлем чемпионатының қола жүлдегері, Олимпиада ойындарында 5-орынға тұрақтаған Абиба Абужақыноваға 5 млн теңгенің сертифкаты табысталды. Спортшылардың жеке жаттықтырушылары мен ұлттық құраманың әрбір жаттықтырушысына, ғылыми-кешенді топ өкілдеріне тиісті дәрежеде құрмет көрсетілді» делінген хабарламада.
Қазақстан ерлер ұлттық құрамасының бас бапкері Нұрбол Сүлейменов 3 миллион теңге көлеміндегі сертификатпен марапатталды. Қазақстан әйелдер ұлттық құрамасының бас бапкері Ерлан Алпысбаев - 2 млн тг, ал консультант-тренер Стефано Трено 3 миллион теңге сертификатымен марапатталды. Олимпиада чемпионы Елдос Сметовтің жеке жаттықтырушысы Ғалымжан Жылгелдиев және Олимпиаданың қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаевтың жеке жаттықтырушысы Ермек Насиев, әлем чемпионатының қола жүлдегері Абиба Абужақынованың жеке жаттықтырушысы Мейржан Есмағанбетовке 3 млн теңгенің сертификаты табысталды.
Қазақстан ерлер ұлттық құрамасының аға жаттықтырушысы Ғайнулла Есенғалиев – 2 млн тг, әйелдер құрамасының аға жаттықтырушысы Ермек Насиев – 1 млн тг, консультант-тренер Мондекс Ксавье Бруно – 2 млн, ал ерлер құрамасының жаттықтырушылары Еркебұлан Қосаев пен Елдос Жұмақанов әрқайсысы 2 млн теңге сертификаттарына ие болды.