8 Тамыз 08:41
...

«Допинг бизнесінің» құпиясы: WADA Қазақстанға НЕГЕ қатты шүйлікті?

Ауыр атлетика
Фото: Коллаж NEGE

Жуырда ауыр атлет Алмас Өтешев «Уақыт көрсетеді» YouTube арнасына сұхбат беріп, үлкен спортта жүргенде допинг қолданғанын мойындады. Кейбір жұрт мұны сенсацияға балап, «бұрынғы ауыр атлет Ильин екеуінің допинг пайдаланғанын мойындады» деп жалаулатты, алайда жағдайды білетін оқырманымыз «бұл ешқандай да сенсация емес» дейді...

«...Бір жылдан кейін әлем чемпионаты. Біз оған дейін толық допинг қабылдаймыз. Туринабол, станозолол, таблеткалар қабылдаймыз. Бәрі гормональный. Онсыз көтере алмайсың. Аналардың бәрін ішесің, тығасың – 230 келі көтересің», – дейді А.Өтешев.

Өтешев 2015 жылы Хюстонда (АҚШ) өткен әлем чемпионаты туралы айтып отыр. Сол жолы ол 230 келіні жұлқа көтеріп, қоссайыс нәтижесі бойынша (171+230) күміс медаль ұтып алған. Кейін допинг дауының кесірінен жүлделерін кері қайтарып берді.

А.Өтешевтің айтуынша, ол допинг пайдаланғаны үшін 50 мың доллар айыппұл төлеген. Ал мәселені «артқы есік» арқылы шешу үшін 500 мың доллар қажет болған көрінеді. Қысқасы, бұрынғы ауыр атлет өзінің де Илья Ильиннің де басқалардың рұқсат етілмеген дәрі-дәрмектер (допинг) қабылдағанын, олар үшін «двойниктері» қан мен кіші дәретін тапсырғанын ашық айтады.

Әлемдік спорттағы, әсіресе, ауыр атлетикадағы допинг мәселесін жақсы білетін оқырманымыз мұның ешқандай да сенсация емес екенін, ауыр атлеттердің бәрі де допинг қолданатынын айтып, шағын сұхбат берді.

Оқырманымыз белгілі себептермен аты-жөнін атамауды өтінді. Сонда да оның уәжіне тоқтамау қиын. Көзіміз көріп жүрген мәселеден бөлек, кейбір құпияларға да қаныққандай болдық. Сол себепті де сұхбатты жариялауды жөн көрдік.

Штангист
А.Өтешев. Фото: видеодан скрин

– Алмас Өтешевтің «Илья екеуміз де допинг қабылдадық» деп мойындағаны неге сенсация емес?

– Әрине, үлкен спорттың ықпыл-жықпылын, көлеңкелі тұстарын білмейтіндер үшін бұл сенсация болуы мүмкін. Ал ауыр атлетиканың ішкі иірімдерін білетін, Допингке қарсы дүниежүзілік агенттіктің (WADA) құпияларына қанық адамдар үшін бұл ешқандай да сенсация емес.

– Сонда «ауыр атлеттердің бәрі допинг қабылдайды» демексіз бе?

– Ілеуде біреуі болмаса, бәрі де допинг қабылдайды. Мәселен, Ильин мен Өтешев қана емес, біздің ауыр атлеттердің бәрі тиым салынған дәрі-дәрмектерді әлі күнге дейін пайдаланады. Өткен жылы ғана Азия чемпионатына қатысқан бес бірдей ауыр атлетіміз допингпен ұсталып, ұтқан алтын, күміс, қола медальдарын қайтарып берген жоқ па?

Соңғы жылдары қазақстандық атлеттер көп көзге түсіп қалды. Шын мәнінде, кез келген елдің мықты деген штангистерін жақсылап тексерсе, ұтқан жүлделерінің бәрін сыпырып алуға болады.

– Оларды WADA неге көрмейді?

– WADA бәрін көріп-біліп отыр. Тек белгілі себептермен ғана кейбір елдердің атлеттерінің сынамасына көз жұма қарайды. Бұл агенттік спортшылардың допинг-сынамаларын 10 жылға дейін сақтайды. Қажет болған жағдайда кез келген уақытта сынаманы ашады да, оны әлдебір елге қарсы көзір ретінде пайдалана қояды. Біздің ел де агенттіктің сондай қисық көзқарасына ілігіп қалған сияқты.

– Егер сіздің айтып отырғаныңыз рас болса, WADA мұны бизнеске айналдырып алған сияқты ғой...

– Дәл солай. Енді қараңыз, мәселен Илья Ильин екі бірдей Олимпиаданың алтынын ұтты – 2008 және 2012 жылдары. Егер WADA әділ болса, неге 2008 жылы Пекин олимпиадасынан соң-ақ Ильинді әшкерелеп, 2012 жылы Лондонға жібермей қоймады? Тек 2016 жылы ғана Ауыр атлетика халықаралық федерациясы «Ильиннің допинг-сынамасынан стнозолол мен дегидрохлорметил тестостерон табылды» деп жар салды. Жоғарыда сөз еткеніміздей, бірнеше жылдан соң WADA сақтап отырған «көзірін» шығара қойды. Яғни келісімнің шарты көңілінен шықпаған.

Лондон-2012
Т.Ермегияев, И.Ильин, А.Өтешев. Фото: ғаламтордан

– Алмас Өтешев бір сөзінде экс-министр Талғат Ермегияевті мақтады. Неге мақтады деп ойлайсыз?

– Егер біздің ауыр атлеттердің көрсеткен нәтижесіне көз салсаңыз, 2006 жылдан бері тұрақты түрде жақсы нәтиже көрсете бастаған. Мұның себебі 2006 жылы Спорт министрі болып Темірхан Досмұхамбетов тағайындалды. Досмұхамбетов 2011 жылға дейін министр болды, оның кезінде басқа спорт түрлерінен бір-екілі жағдайды есептемегенде, ауыр атлеттер дауға ілікпеді.

2011-2013 жылдары спорт саласын Талғат Ермегияев басқарған тұста ол да WADA-ның тілін таба білді. Менің білуімше, ол тексерушілердің қалтасына тоқ конверттер салып, аста-төк дастархан жасап, иықтарына шапан жауып, бәрінің көңілін тауып отырған. Ермегияев қалталы жігіт еді ғой, «Ильин мен елдің абыройы үшін өз ақшасын салды» дегенді де естігенбіз. Менің ойымша, Өтешевтің айтып отырғаны осы кез болса керек.

Қайта тексерулер мен «көзір ашу» Ермегияев кеткен соң басталды. Кейін спорт саласының тізгінін ұстаған Ерлан Қожағапанов пен Тастанбек Есенов ештеңе істей алған жоқ. Ал Арыстанбек Мұхамедиұлының тұсында WADA барлық «көзірін» бірден ашып тастады да, жанды жерімізден мықтап ұстады. Одан кейін не болғанын бәріміз білеміз.

Допинг
Фото: ғаламтордан

Естеріңізде болса, 2005 жылдан бастап 2019 жылға дейін болгариялық түрік Әнуар Түркелери ауыр атлетикадан ұлттық құраманың жаттықтырушы-кеңесшісі болды. Рас, Түркелери – Олимпиаданың бірнеше чемпионын дайындаған өте білгір маман. Бізге оның білгірлігінен бөлек, беделі мен WADA басшыларының тілін тапқыштығы да қажет болды. Түркелери тың кезінде бұл міндетін тәуір атқарды. Ал кейін шамасы келмей қалды.

– Қазіргі министр Ермек Маржықбаев пен Ұлттық олимпиадалық комитет төрағасы Геннадий Головкин туралы не айтуға болады?

– Маржықбаевтың тағайындалғанына бір жыл енді толады. Ол өзін көрсетіп үлгермеді. Ал Головкинді ҰОК-ке әкелгендегі мақсат – оның халықаралық аренадағы беделін пайдаланғысы келді деп ойлаймын. Мақсат орындала ма, жоқ па, оны да уақыт көрсетеді.

– Ауыр атлетикада рекорд атаулыны қытайлар мен грузиндер бұзып жүр. Жеңіл және орта салмақтарда қытайлар ешкімге дес берер емес. Аса ауыр салмақта грузиннің екі дүркін олимпиада чемпионы, жеті дүркін әлем чемпионы, абсолютті рекордсмені Лаша Талахадзе бар. WADA бұларды қайта тексеруі мүмкін бе?

– Әбден мүмкін. Бірақ қытайлар мен грузиндер әзірге WADA-ның көңілін тауып жүрген сияқты. WADA допинг-сынамаларды он жыл сақтайтынын есепке алсақ, күндердің-күнінде біздің басымызға келген кеп қытайлар мен грузиндерге де келуі әбден мүмкін. Бар мәселе – WADA-да және оның сақтап отырған «көзірін» қашан ашатынында...

***

Қазақстанның бірде-бір ауыр атлетін Париж олимпиадасына қатыстырмады. Себебі – өткен жылғы допинг дауы. Ал енді қазақстандық ауыр атлеттер 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін жазғы олимпиадаға қатыса ала ма? Үміттен күдік басым.