«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» – Ұлттық жоба қалай жүзеге асырылады?

Алматыда «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында медиатренинг өтті.
Жиында ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаев қатысушыларға 2025-2029 жылдарға арналған Ұлттық жобаны түсіндірді. Комитет төрағасы Тимур Қосымбаев жиын алдында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкіметтің тарифтердің өсуіне мораторий енгізуіне қатысты пікір білдіріп өтті.
«Тарифтердің өсуін тежеу табиғи монополия субъектілерінің операциялық шығындарын оңтайландыру және кейбір түзету мерзімдерін кейінге шегеру есебінен қамтамасыз етіледі. Бұл шаралар елдегі жалпы баға өсімін бәсеңдетуге және халықтың сатып алу қабілетін сақтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, инвестициялық жобалар да белгілі бір деңгейде іске асырыла береді, яғни біз тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымының сапалы әрі үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етеміз.
Әлеуметтік тұрғыда әлсіз топтар үшін коммуналдық төлемдерді өтеу тетігі бар екенін атап өткім келеді. Яғни отбасының табысының 5–10 пайызынан асып кеткен жағдайда, мемлекет коммуналдық шығындардың бір бөлігін өтейді.
Айта кетерлігі, тарифтік саясат – табиғи монополия субъектілерінің қызметімен, олардың операциялық және инвестициялық шығындарымен тығыз байланысты. Ал ұлттық жоба бөлек бағытта жүзеге асуда және ол инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған. Жоба аясында біз қаржылық модельді қайта қарап, тарифтік қысымды азайту үшін ұзақ мерзімді және арзан қаражат көздерін тартудамыз. Бұл өз кезегінде тарифтердің өсуін барынша шектеуге мүмкіндік береді», – деді Тимур Қосымбаев.
Инфрақұрылымның сенімді және уақтылы жаңартылуы – елдің тұрақты дамуының негізі. Инфрақұрылымсыз экономиканың тұрақты өсуін және өнеркәсіп әлеуетінің дамуын қамтамасыз ету мүмкін емес.
«Мемлекет басшысы 2024 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында инфрақұрылымдық міндеттерді шешуге ерекше назар аударды. Биыл да Президент тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың сын көтермес жағдайына және энергетика мен инфрақұрылым саласында тиімді басқару жүйесін құру қажеттілігіне тағы да баса назар аударды. Өткен жылдың желтоқсан айында энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба қабылданды. Оның әзірленуі тозған инфрақұрылымды жүйелі түрде жаңартуға бағытталған уақтылы әрі аса маңызды қадам болды. Бұл жылумен қамтамасыз ету, энергетика және сумен жабдықтау сияқты негізгі салалардың үздіксіз жұмыс істеуі осы шешімге байланысты болатын мемлекеттік деңгейдегі стратегиялық міндет», – деді Тимур Қосымбаев.
Энергетика және коммуналдық секторлардағы проблемаларды шешу жөндеу жұмыстарының көлемін ұлғайту есебінен жүзеге асырылмақ. Ел бойынша жаңғырту жұмыстары ерекше назар аударуды қажет ететін, тозу деңгейі 65–70 пайыздан асқан аймақтарға бағытталады.
«Біздің жоба екі негізгі бағытты қамтиды: біріншіден, инженерлік желілердің тозуы мен апаттылық деңгейін төмендету арқылы қызметтердің сапасы мен сенімділігін арттыру; екіншіден, электр және жылу энергиясы тапшылығын жою мақсатында жаңа генерация көздерін жаңарту және салу. Қазіргі уақытта ұлттық жобаны іске асырудың практикалық кезеңі басталды, бұл жоспарлы әрі нақты шараларға көшуді білдіреді. Қойылған міндеттерді орындау үшін қаржы институттарымен, соның ішінде халықаралық ұйымдармен келіссөздер жүргізілді. Нәтижесінде қаражаттың қайтарымдылығын қамтамасыз ететін кепілдендірілген тариф жүйесі қарастырылып отыр. Бұл жобаларды іске асырудың тұрақтылығы мен ашықтығын қамтамасыз етеді», – Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы.
Ұлттық жоба аясында отандық өнеркәсіпті дамытуға ерекше назар аударылған. Бұл импортқа тәуелділікті азайту мен жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған, әрі экономикалық өсудің қосымша қозғаушы күші болады.

«Ұлттық жобаны заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету мақсатында 17 шілдеде Мемлекет басшысы тиісті заңға қол қойды, ол 29 шілдеден бастап күшіне енді. Заңды іске асыру үшін тиісті қосымша актілер әзірленіп, қабылданды. Жылумен қамтамасыз ету саласында 11 өңірде тозу деңгейі 65 пайыздан асқан 17 монополист анықталды. Электрмен жабдықтау саласындағы 46 кәсіпорынның 18-інде электр желілерінің тозу деңгейі 70 пайыздан жоғары, олар да 11 өңірде орналасқан. Сумен жабдықтау және су бұру саласында ұлттық жобаға қатысушы кәсіпорындардың шамамен жартысы жоғары тәуекел аймағында тұр. Олардың тозу деңгейі 70 пайыздан асады: сумен жабдықтау саласында – 13 өңірдегі 23 кәсіпорын, су бұру саласында – 24 кәсіпорын.
Айта кету керек, коммуналдық желілердің жыл сайынғы тозу қарқыны шамамен 2%, бұл жылына 4–5 мың метр желінің тозуына тең. Қазіргі жұмыс істеп тұрған желілердің едәуір бөлігі 50 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді, бұл олардың нормативтік қызмет мерзімінен әлдеқайда асады. Жүргізілген талдау инфрақұрылымның негізгі секторларындағы инженерлік желілердің жоғары тозу деңгейін көрсетті. Атап айтқанда, жылумен қамтамасыз ететін 17 кәсіпорында тозу деңгейі 65–90 пайыз, электрмен жабдықтайтын 18 нысанда 70–97 пайыз, сумен жабдықтау саласында 23 нысанда 80–100 пайыз, су бұру жүйесінде – 70–100 пайыз аралығында.
Инфрақұрылымның тозу деңгейін 50 пайыздан төмендету үшін шамамен 6,8 триллион теңге инвестиция қажет. Бұл алдын ала баға, ол сараптама мен қаржылық-экономикалық негіздемелер нәтижесінде нақтыланады. Бұл қаражат 86 мың шақырым коммуналдық желілерді жөндеуге бағытталады, бұл апаттар санын едәуір азайтып, қазіргі заманғы технологиялық стандарттарға көшуге мүмкіндік береді. Коммуналдық желілерді жаңғыртумен қатар, ұлттық жоба жаңа энергия өндіру көздерін құруды да көздейді. Қазір елде 77 энергия өндіруші ұйым жұмыс істейді, олардың 19-ының тозу деңгейі 65 пайыздан жоғары. Осыған байланысты жалпы сомасы 4,4 триллион теңгеге жаңа қуат көздерін іске қосуға бағытталған 15 жоба жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар, жалпы құны 1,8 триллион теңгеге 14 жұмыс істеп тұрған энергия көзін жаңарту жоспарланған. Бұл жобаларды жүзеге асыру энергетика активтерін жаңартып, тозуды азайтып, энергия үнемдеудің сенімділігі мен тиімділігін арттырады», – Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы.
Ұлттық жоба аясында отандық тауар өндірушілерді дамыту мәселесіне де ерекше көңіл бөлінген. Тауар позициялары мен олардың отандық өндірісте бар-жоғына ауқымды талдау жүргізілді.
Жалпы сатып алу көлемі 2,2 триллион теңгеге 2785 тауар позициясын қамтиды. Бұл қазақстандық кәсіпорындардың жобаларға қатысуы мен жергілікті қамту үлесін арттыруға мүмкіндік береді. 220 отандық тауар өндірушіден тұратын пул құрылды. Табиғи монополиялардың пилоттық субъектілері мен отандық өндірушілер арасында өзара іс-қимыл жолға қойылды.
Отандық тауар өндірушілер желісін дамыту импорттық жеткізілімдерге тәуелділікті азайтып, жаңа жұмыс орындарын құрып, бюджетке салық түсімдерін арттыруға мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде ұлттық экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ кездесу барысында инвестициялық жобалардың 2025-2029 жылдарға арналған жоспарлары ұсынылды. Биылғы жылы ірі қатысушылардың бірі – «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ. Ол электр желілік инфрақұрылымды жаңғыртуға 9,7 млрд теңге бағыттайды. 361 км желіні және 3300-ден астам жабдықты жаңарту жоспарлануда, бұл компания инфрақұрылымының тозуын 5% - ға төмендетуге мүмкіндік береді.
Пилоттық жобаларды іске асыру нәтижесінде Алматыда қалалық инженерлік инфрақұрылымның тозу деңгейі 6,1%-ға төмендейді деп жоспарлап отыр.
2026 жылы өңірдің коммуналдық және энергетикалық секторларын жаңғыртуға инвестициялардың жалпы көлемі 105,3 млрд теңге.
Өз кезегінде, Алматы облысында 2026 жылы ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде 68,53 млрд теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Бұл қаражат инженерлік инфрақұрылымды жаңартуға, энергия тиімділігін арттыруға, желілердің тозу деңгейін төмендетуге және өңір халқы үшін ұсынылатын коммуналдық қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталады.