Тоқаев Лукашенко мен Путинге қазақстандықты босатуға көмектескені үшін алғыс айтты
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Беларусь Президенті Александр Лукашенко мен Ресей Президенті Владимир Путинге Польша аумағында бұған дейін ұсталған қазақстандықты босатуға септігін тигізгені үшін алғыс білдірді.
Астана, NEGE. Президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияровтың айтуынша, мұндай нәтижеге Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан азаматтарының, соның ішінде шетелдегі отандастарымыздың құқықтары мен мүдделерін жүйелі түрде қорғауының арқасында қол жеткізілді.
«Мемлекет басшысы таяуда Беларусь Президенті Александр Лукашенкомен телефон арқылы сөйлесіп, күрделі жағдай кезінде екі ел конструктивті тұрғыдан ынтымақтаса әрекет еткені үшін ризашылығын білдірді.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті оңтайлы нәтижеге қол жеткізуге ықпал еткен Ресей Президенті Владимир Путинге де алғыс айту орынды деп санайды», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Польша Президенті Кароль Навроцкий мен Премьер-министр Дональд Тускке Польша тарапы орын алған жағдайға байланысты байыпты шешім қабылдағаны үшін ризашылығын білдіріп, хат жолдамақ.
БАҚ мәліметінше, Украинадағы Қазақстан елшілігінің әскери атташесінің көмекшісі Әнуар Бәкібай 28 сәуірде Польша–Беларусь шекарасында босатылған. Ол «беске бес» форматы бойынша алмасу нәтижесінде қайтарылды. Бәкібай 2025 жылдың жазында Ресейдің пайдасына тыңшылық етті деген күдікпен ұсталған.