6 Сәуір 17:02

Ақша түссе, шеше береді. Қазақстанның премьерлері НЕГЕ Ұлттық қорға қол салуды қатты ұнатады?

Фото:

Асқар Мамин – Қазақстан тарихындағы Ұлттық қор қаржысын ең көп пайдаланған Премьер-Министр болып отыр. Ол Ұлттық қордан бюджет тапшылығына 10 триллион теңгеден астам қаржы жұмсаған. Бірақ, қазіргі Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың Маминның рекордын жаңартуға барлық мүмкіндігі бар.  

Биыл Үкімет бюджеттік трансферт ретінде Ұлттық қордан 4,03 триллион теңге алатын болды. Әу бастағы жоспар бойынша, бюджеттік кодекс биылғы трансфертті 2,4 триллион теңге деп қарастырған еді. Бірақ, Ұлттық қордан алатынымыз тағы да көбейіп отыр.

Кеше Үкімет отырысында 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет нақтыланды. Болжам сәл пессимистік бағытқа бұрылып жатқанын байқауға болады. Жалпы ішкі өнімнің нақты өсімі 3,9%-дан 2,1%-ға дейін төмендейді деп күтілуде. Ал экспорт 72,2 миллиард доллар, импорт 40,2 млрд долларға дейін артуы тиіс. Бюджет кірісі 10,16 триллион теңге, ал шығысы 18,79 триллион теңге болып отыр. Дефицит өскендіктен, Ұлттық қордан алынатын трансферт те өспек.

«Бұл бюджеттегі соңғы өзгеріс емес деп ойлаймын. Өйткені біз КТК құбыры төңірегіндегі жағдай мен Ресей-Украина соғысының салдарын, әсіресе Ресей Федерациясына салынған санкцияларды әлі толық есепке алған жоқпыз», – дейді «Ұлағат Консалтинг групп» директоры, экономист Марат Қайырленов.

Коллаж: inbusiness.kz

Оның сөзінше, қазір Ресейге қатысты санкциялардың жетінші пакеті туралы әңгіме қозғала бастады. Ол порттардағы эмбарго, Еуропадан Ресей Федерациясына баратын Балтық жағалауындағы көлік дәліздерін толығымен жабуды қарастырады.

«Бұл, әрине, мұнайға ғана емес, металлдар мен астық бойынша экспорттық мүмкіндіктерімізге де әсер етеді. Әрі бұл санкциялардың соңғы пакеті емес сияқты, тиымдар одан әрі күшеюі мүмкін. Келесі қадам энергетикалық ресурстар саудасында эмбаргоны кеңейту болуы ғажап емес»

Осы орайда, биыл бюджет дефицитін жабу үшін Ұлттық қор трансферті, сыртқы және ішкі қарызды қоса алғанда, Ұлттық Банк станогы да іске қосыла ма деген қауіп бар. Эмиссия (ақша басу) басталса, ол инфляцияға жағымсыз әсер беретіні анық.

«Эмиссия – өте оңай әрі қарапайым шешім. Оған жүгіну қиын емес. Бірақ бұл біздің елде төмендемей отырған инфляцияға тағы да түрткі болады», – дейді «TikMill» брокерлік тобының сарапшысы Арман Бейсембаев.

«Менің ойымша, инфляция қарқыны тек қана артады. Бізде қазірдің өзінде шамадан тыс эмиссия жүруде. Экономикада 2-3 триллион теңгеге жуық артық ақша проблемасы бар. Бұл ретте эмиссияның өте теріс қадам екенін айта аламын»

Ал Марат Қайырленовтың пікірінше, Үкімет биыл Ұлттық қорға тағы да қол салуы мүмкін. Әсіресе, елден заңсыз шығарылған қаражатты қайтара алмаса, бюджетке бәрібір қосымша қаржы қажет болады.

Nege.kz 2017 жылдан бері Үкіметтің Ұлттық қор қаржысын қалай жұмсағанын саралап көрді. Асқар Мамин Премьер-Министр болған 3 жылда Ұлттық қордан 10,17 триллион теңге жұмсаған. 2019 жылы – 2,7 трлн теңге, 2020 жылы – 4,77 трлн теңге, 2021 жылы – 2,7 трлн теңге. Бұл – абсолютты рекорд.

2019-2021 жылдардағы ҚР Үкімет басшысы Асқар Мамин. Фото: zhaikpress.kz 

Ұлттық қорды жұмсау рейтингінде екінші сатыда Бақытжан Сағынтаев жайғасты. Бақытжан Әбдірұлы Үкімет басқарған 2017-2017 жылдары Ұлттық қордың 6,72 триллион теңгесін жаратып жіберген. 2017 жылы – 4,42 трлн теңге, 2018 жылы – 2,3 трлн теңге.

2016-2019 жылдардағы ҚР Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев. Фото: primeminister.kz 

Ал қазіргі Үкімет басшысы Әлихан Смайылов биылдың өзінде 4,03 триллион теңге трансферт тартып, үшінші орынға бірден шықты. Үкіметті неғұрлым ұзақ басқарған сайын, Әлихан Асханұлының Асқар Маминнің рекордын жаңалау мүмкіндігі молаймақ.

Бірақ Ұлттық қордың болашақ ұрпаққа аса қажет дүние екенін ескерсек, қаржыгерлер басқарып отырған қазіргі үкіметтің шығындарды қысқаруға күш салатынына сенгіміз-ақ келеді.

Тегтер: