Экономика 2021. НЕГЕ қуануға ерте, бірақ мұңаюға да болмайды?
Биыл Қазақстан экономикасы дағдарыс шарпыған 2020 жылға қарағанда едәуір өсті. Бірақ кризиске дейінгі барлық көрсеткіштерді орнына келтіре алдық па? Оны тек келесі жылдың алғашқы тоқсанында білетін боламыз. Жалпы биылғы жылдың экономикалық картинасы несімен есте қалды?
Инфляция
Инфляция тек Қазақстанды ғана емес, бүкіл әлемді шарпыды. Бірақ біздегі бағалардың қымбаттауына сыртқы жағдай ғана емес, Президент әкімшілігі мен Үкімет қабылдаған біршама шешімдер де жағымсыз әсер етті.
Мемлекет басшысының зейнетақы жинақтарына баспана алуға мүмкіндік бергені тұрғын үй бағасын дереу қымбаттатты және онымен ешкім таласа алмайды. Биыл жаңа үйлердің бағасы 15,2 пайызға өссе, ал қолданыста болған үйлер нарықта 23,1 пайызға қымбаттады.
Үкімет жанармай бағасын ұстап тұрудан бас тартқалы бері жанармай (бензин/дизель) кем дегенде 20 пайызға қымбаттады. Халық көп тұтынатын Аи-92 маркалы бензин жыл басында литріне 150 теңге тұрса, желтоқсан айының соңына қарай 180 теңгеге бірден көтерілді. Жанармайдың қымбаттауы домино эффектісін туғызып, тасымал бағасын көтерді. Демек, тауарлар, азық-түлік пен қызметтердің де қымбаттауына әкеліп соқты. Сарапшылардың болжамына сай, жанармай бағасы 2022 жылы қымбаттауын жалғастыра береді және осы фактор инфляцияны ауыздықтауға мүмкіндік бермейтін болады.
Ортақ нәтижесінде, 2021 жылдың қортынды инфляциясы 8,4 пайызды көрсетті. Бұл Ұлттық Банк өзіне KPI ретінде бекіткен коридордан (4-6%) 2,4 пайызға асып кетті.
Ұлттық қордағы ақшаның азаюы
Биыл біз Ұлттық қорды көбейтудің орнына тағы да азайттық. 2021 жылдағы 11 айдың ішінде Ұлттық қордың ақшасы 1,04 триллион теңгеге қысқарды. Жыл басында Қор қаражаты 28,21 триллион теңгені құраса, осы желтоқсан айында 27,16 триллион теңгеге түсіп қалды. Өкінішке орай, биыл біздің тапқанымыздан жұмсағанымыз көп болды. Биыл Ұлттық қорға 3,09 триллион теңге кірсе, 4,14 триллион теңге шықты. Ұлттық қорды ең көп жеген сала – Түркістан қаласы.
Ішкі жалпы өнімнің өсуі
Мұнай бағасының қымбаттауы ішкі жалпы өнімнің өсуіне алып келді. 2020 жылы Қазақстандағы ІЖӨ 2,6 пайызға құласа, биылғы жылдың қортындысы бойынша өсім кем дегенде 3,8 пайызды көрсетуі мүмкін. Демек, біз кризистік құлдырауды еңсеріп, экономиканың өсуге бет алғанын байқап отырмыз. Қазақстан экономикасының өсуі – Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ мұнай кеніштерінде жұмыс істейтін халықаралық алпауыттар консорциумдары – Теңізшевройл, NCOC, KPO компанияларының арқасында орын алды.
2022 жылы қызық құбылыс орын алуы мүмкін. Макроэкономикалық картина түзеліп, экономика өссе де, халық одан сайын кедейлене түсуі ғажап емес. Оның басты себебі – инфляция. Сол себепті, Үкіметтің ең басты жұмысы – баға тұрақтылығын қамтамасыз ету, Ұлттық Банктің ең басты миссиясы – теңге бағамын долларына 500 теңгеден асырмау болатыны айдан анық.
Жаңа 2022 жыл біздің экономикамызға бір жағынан үміт, екінші жағынан қауіп-қатер әкеле жатыр.