Экс-президенттің ертеңі. «Елбасының» мысалы «Батькаға» НЕГЕ сабақ болмады?
Беларусь президенті Александр Лукашенко қазіргі президент пен экс-президентті қорлағандарды, жала жапқандарды, өміріне қауіп төндіргендерді қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы бастама көтерді. Бұл сізге де таныс мысал ма?
Құжат Беларусьтің ұлттық құқықтық интернет-порталында жарияланды. Бұған дейін заң жобасын Республика кеңесі мен Палата өкілдері мақұлдап қойған.
Бұл заң жобасы бірауыздан қабылданатына еш күмән жоқ. Заң күшіне енген соң қазіргі президент пен экс-президентті (екеуі де өзі – ред.) қорлағандарға, өміріне қауіп төндіргендерге үш жылдан бес жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе үш жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Бұл заң экс-президенттің отбасы мүшелерін де дәл осылай қорғайды.
«Президентке, мерзімі бітуіне немесе денсаулығына байланысты өкілеттігі тоқтаған экс-президентке және оның отбасы мүшелеріне қатысты зорлық-зомбылық жасау немесе зорлық-зомбылықпен қорқыту, дүние-мүлкін бүлдіру немесе жою – үш жылдан бес жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе үш жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі», – делінген заң жобасында.
«Батьканың» бұл әрекеті бізге өте жақсы таныс. Егер ұмытпасаңыз, осыған ұқсас заң Қазақстанда да болған. «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» заң 2000 жылы 20 шілдеде қабылданды. Сол кезде «Елбасы туралы» заң жобасын Парламенттің қос палатасы «төр аяқтап» қолдап, қазір де билікте отырған «сарапшылардың» көбі жарыса мақтап, Нұрсұлтан Назарбаев жымиып отырып қол қойып, ың-шыңсыз қабылдап жіберген еді.
Оқи отырыңыз: Президенттер портреті. Лукашенко. «Бесаспап» президент
Ол заңда «Елбасының президент болып сайлануына шектеу қойылмайтыны, оған Парламент пен оның палаталарының алдында, Үкіметтің отырыстарында ел үшін маңызды мәселелерді талқылау кезінде сөз сөйлеу; Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің құрамына кіру құқығы тиесілі екені, Тұңғыш Президент — Елбасының заңды қызметіне кедергі жасауға, Елбасын көпшілік алдында қорлауға немесе оның абыройы мен қадір-қасиетіне өзгедей қол сұғуға, сондай-ақ Елбасының бейнесін бүлдіруге жол берілмейтіні және ондай әрекеттер заңмен қудаланатыны» айтылған болатын.
Осы заңның «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Елбасына ешкімнің тиіспеуі» деп аталатын 3-бабында мынадай қатаң талап болған: «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Елбасына ешкімнің тиісуіне болмайды. Ол өзі Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттіктерін орындау кезеңінде жасаған, ал бұлар тоқтатылғаннан кейін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы деген өз мәртебесін жүзеге асыруға байланысты әрекеттері үшін жауаптылыққа тартылмайды. Оны ұстап алуға, қамаққа алуға және күзетпен ұстауға, тінтуге, одан жауап алуға не жеке басын жете тексеруге болмайды.
Тиіспеушілік Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Елбасына және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне жеке меншік құқығымен тиесілі барлық мүлікке, сондай-ақ олар пайдаланатын тұрғын және қызметтік үй-жайларға, қызметтік көлікке, байланыс құралдарына, жазысқан хаттарына, оларға тиесілі құжаттарға қолданылады. Тиіспеушілік Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының қорына және ол құратын өзге де заңды тұлғаларға тиесілі мүлікке де қолданылады.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Елбасына және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне жеке меншік құқығымен тиесілі мүлікке, сондай-ақ ол құратын заңды тұлғалардың мүлкіне қандай да бір шектеулер қойылмайды.
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің банктік шоттарының банктік құпиялығына және оларға тиіспеушілікке кепілдік беріледі».
Қаңтар бүлігінен соң көп ұзамай бұл заң әдірем қалды. 2023 жылы 13 ақпанда екінші президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» заңының күшін жойып, Назарбаевты «Елбасы» мәртебесінен айырды...
Ал енді «Назарбаевтың мысалы Лукашенкоға НЕГЕ сабақ болмады?» деген заңды сұрақ туады. Мұның жауабы дайын: кез келген диктатор өле-өлгенше билікте отырғысы келеді және заңсыз жолмен жиған дүние-мүлкін қайткен күнде де сақтап қалуды армандайды. Сол үшін түрлі заңдар ойлап табады, сөйтеді де оны қуыршақ парламентіне қабылдатады.
Диктаторлардың бәріне тән тағы бір кемшілік бар. Ол – әлгіндей заңдардың ғұмыры қысқа болатынына бас қатырмау. Бұған Назарбаевтың мысалы айқын дәлел...