20 Шілде 10:52

Президенттер портреті. Лукашенко. «Бесаспап» президент

Диктатор
Фото: Коллаж NEGE

Біз бүгіннен бастап жаңа рубрика – «Президенттер портреті» айдарын бастадық. Әлем мың құбылып тұрған кезеңде әлемдік саясатқа ықпал ете алатын тұлғалардың кім екенін шетінен таныстырып шықпақпыз. Орталық Азия елдері президенттерінен бастап, «мұхит асып» бір-ақ тоқтауды мақсат етіп отырмыз. Бүгінгі кейіпкеріміз – Беларусь президенті Александр Лукашенко.

Кешегі күннен бастасақ, Астанада өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінде Беларусь осы ұйымның қатарына ресми түрде қабылданды. Александр Лукашенко жаңа ортаны жатсынған жоқ. Өзін судағы балықтай сезінді. Іргелі ұйымның табалдырығын енді аттап тұрғанына қарамастан, еркін көсілді. Әлемдік тәртіпті өзгерту туралы ғаламдық бастамаларымен көзге ілікті.

«Әлемдік деңгейдегі саясаткер»

«ХХІ ғасырда шынайы және бөлінбес ғаламдық қауіпсіздікті құру қажет. Ғаламдағы көпшілік елдер ілкімділік көрсетуден бас тартпағаны жөн. Әйтпесе, өзін ғана жақсы көретін, өркөкірек Батыс бұған қауқарсыз. Бүгінде ол жақта дербес шешім қабылдай алатын көшбасшылар жоқ», – деп мәлімдеді Лукашенко.

Бұған қол жеткізудің жолдарын да көрсетіп бергендей болды. Бастысы – АҚШ долларына тәуелділіктен арылу қажет екен. Ол үшін ұлттық валюталарда төлем жасауға мүмкіндік беретін екіжақты төлемдер тетіктерін, ШЫҰ-ның ұжымдық қаржы институтын құруды ұсынды. Тіпті, «бір полярды әлемнің қабырғасын қақыратуға да қауқарлымыз» деп соғып қалды.

Беларусь президенті
am.sputniknews.ru

Бұл сөздерінен Беларусь президентінің халықаралық алаңқайды өз елінің түйткілін тарқату үшін ғана емес, өзін әлемдік деңгейдегі саясаткер ретінде көрсету үшін де пайдалануды көздеп отырғаны байқалды. Шағын елдерді өте ұзақ жыл басқарған тұлғалардың ұдайы жаһан мәселелерін шешуге ұмтылып жүретіні бізді аса қатты таңқалдырмаса керек.

Десе де, Лукашенконың «есіктен кіре, төр менікі» дегені көп адамның езуіне күлкі үйіргені анық. Қалай болса да, әйтеуір Лукашенконың есебі түгел. Ресейдің арқасында бүгін ШЫҰ-ға мүше болса, ертең Қазақстаннан да бұрын БРИКС-тің де төріне қонжиюы әбден мүмкін. Өйткені, бұл ұйымға биыл төрағалық етіп отырған ел – Ресей.

Тұлғаның «қанатты сөздері»

Жасыратыны жоқ, Лукашенко – өте қайшылықты тұлға. Кейбір аймақтың автократ басшылары секілді өзін «демократ» ретінде көрсетуді аса ұната бермейді. Қалжыңға сүйесе де, кейде диктатор екенін ашық мойындайтыны да бар. Мәселен, ақпан айында Өзбекстанға барған сапарында ол бірлескен кәсіпорындар құру туралы сөз ете келе:

«Техникалық тұрғыдан тіркеуге тоқталайық. Қараңызшы, бізде «диктатура» – біз кез келген мәселені дереу шеше аламыз. Бастысы, бізде келісімнің болғаны. Бірлесе жасайық!» – деп қойып қалды. Оның ойынша, диктатура – жылдам дамудың, шапшаң әрекеттің кілті.

Лукашенконың айтқаны сөздері жиі мемге айналады. Таяуда Лукашенко Беларусьтің оңтүстік шекарасына барып, Украина тарапынан ешқандай қауіп төніп тұрмағанына көз жеткізіп қайтты.

Белорусь президенті
РБК

«Біз украиналықтармен жау емеспіз. Олар да біздің адамдар. Біз сияқты, орыстар сияқты адамдар. Бізге тезірек келісімге келу керек. Қырық градус ыстықта соғысу қиын. Біз үшін көшеге шығу қорқынышты болса, олар сауыт-сайман киіп, бронды жилетпен жүр. Жігіттер үшін бұл – азап. Оның үстіне өліп жатыр. Бұлар да біреудің балалары ғой», – дегені бар.

2022 жылдың 11 наурызында Владимир Путинмен кездесуі барысында Ресейдің Украинаға басып кіргенін ақтау мақсатымен: «Мен қазір сізге Беларуське шабуылды қайдан бастамақ болғанын көрсетіп беремін», – деген сөзі әлем жұртшылығының күлкісін тудырды. Тіпті, Қазақстан мен Беларусь құрамаларының жолдастық кездесуіне қазақ фанаттары осы сөзін плакатқа жазып трибунада ұстап тұрды. Кейбір ресейлік басылымдар: «Беларусь халқы нашар өмір сүретін болады. Бірақ ұзақ емес», – деген тарихи сөзін еске алмасақ, оның сөзі бұрын-соңды мұндай танымалдыққа ие болған емес», – деп баға берген еді.

«Коллаборационистердің ұрпағы» кімдер?

Лукашенкоға жұрт қанша ат қойып айдар тақса да, мұрты қисайған емес. Өйткені, жұртқа айдар тағудан өзі де ешкімнен қалыспайды. Әсіресе, саяси бәсекелестерін, оппозиция өкілдеріне келгенде қызыл тілге тоқтам жоқ. Тіпті Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде немістерге қызмет еткен «коллаборационистердің ұрпағы» деуден тартынбады.

Әдетте, посткеңестік кеңістікте оппозиционерлердің киллер қолынан қаза табатыны, түрмеге жабылатыны, бірі өзін-өзі үш мәрте оқ атса, бірінің денесі тау бөктерінен табылатыны немесе «новичок» уымен уланып жататыны бар. Ал Беларусьте бәрі басқаша. Қарсыластары жай ғана ұшты-күйлі жоғалады. Сайда саны, құмда ізі қалмайды. Сүйегі табылмағанның құны да сұралмайды. В.Гончар, Ю.Захаренко, А.Красовский, Д.Завадскийлердің тағдыры жұмбақ күйінде қалды.

Беларусь президенті
www.belta

Бұдан төрт жыл бұрын оппозиция өкілдері жаппай наразылық шеруін өткізген кезде «Батька» өзінің «сүйікті диктатурасын» қорғау үшін қолына қару алып күрескені әлі есте.

Батыс елдері Лукашенко мен оның төңірегіндегі бірнеше шенеуніктерге адам құқығын бұзғаны үшін бірнеше мәрте санкция салды. АҚШ пен Еуроодақ аумағына келуге тыйым салғаны бар. Батыс елдері Беларусь басшысын «легитимді президент» деп мойындамайды. «Еуропадағы соңғы диктатор» деп лақап ат та берілген. Батыс елдерінде «соңғы» сөзінің қосымша мағынасы бар. «Барып тұрған», «нағыз» дегенді меңзейді.

Сыртқы саясат иірімдері

Батыстың қысымы Лукашенконы Ресейдің қолтығына барып кіруге итермелегені анық. «Ресей мен Беларусьтің одақ мемлекеті» деген термин де пайда болды. Бірақ Кремльдің жаңа қожайыны Владимир Путиннің «интеграциялық тегеуріні» Лукашенконы ақыры қолбалаға айналдырып тынды десек те болады. Бұрынғы ұзын арқан, кең тұсау уақыт арманға айналды. Бұлқынса, Ресейдің телеарналары ақпараттық соғыс ашып, адамын аштырмайды.

2020 жылы толқу кезінде Лукашенко қауіптің Ресейден келгенін ашық айтқан болатын. Тіпті, Кремльдің оны тағынан тайдыруға жұмсаған қарулы жасақтары Беларусь жерінде жүргенін айтып байбалам салған.

 Мұның алдында Лукашенко Путинмен ұзақ кездесулерден кейін түтігіп шығып жүрді. Ашық айтпаса да, мәнісі түсініксіздеу наразылығын жасара алмайтын.

Лукашенко
РБК

Ал 2022 жылы ақпан айында Ресей Беларусь жерінен Украинаға шабуыл жасады. Осы оқиғадан кейін Лукашенко сыртқы саясатта тек қана Кремльдің шашбауын көтеріп келеді. «Қырым – Ресейдікі деген сөз дұрыс емес. Бату ханның дәуіріне оралсақ, онда Ресейдің жерін түгелдей Қазақстанға, Монғолияға және тағы да басқаларға беру керек болады», – деген секілді еркін пікірлер айтылмайтын болды. Оның орнына «орыстар мен беларусь – жақын, туыс халық» дегенді жиі ауызға алып жүр.

Сын сағатта Кремльге сіңірген еңбегі де ерен. Евгений Пригожиннің жалдамалылардан құралған жасағы Мәскеу түбінен «қайтарған» да – осы Лукашенко. Бүгінде оның дұшпаны да өзгерген. Биыл сәуір айында АҚШ-тың жансыздары президент пен оның отбасына қастандық жасауға ұмтылды деп те мәлімдеме жасады.

Кім не десе де, Лукашенко іш пыстыратын саясаткер емес. Сұхбаттары тыңдаушыларын бей-жай қалдырмайды. Өйткені, өзінің айтуынша, ол – бір мезетте тарихшы, шекарашы, спортшы, фотограф, экономист бола алатын бесаспап адам.