Құлыбаев саудасын жалғастырды. Ендігі кезек НЕГЕ «Halyk» тобында?
«АЛМЭКС» холдинг тобы өзіне тиесілі «Halyk Bank» акцияларынан кемінде 10 пайыз үлесті сатуы мүмкін. Бұл туралы Nege.kz дереккөзі емеурін білдірді. Холдингтің қожайындары Тимур мен Динара Құлыбаевтардың Астана халықаралық қаржы орталығында «Almex Holding Limited» деген жаңа компания тіркегені де осыған байланысты.
Бүгінгі таңда Құлыбаевтар Алмэкс арқылы «Halyk» тобының 69,48% үлесін иеленіп отыр. Холдинг осының алдында Halyk Bank акциялары мен GDR өтімділігін арттыру мақсатында бірнеше баламалы нұсқаларды қарастырып жатқанын және өз үлесінің бір бөлігін сатуы мүмкін екендігін хабарлаған еді. Бірақ бәрібір бақылаушы пакетті қолында қалдырып, мажоритарлы акционер болып қалатыны шегелеп айтылды.

Бақылаушы пакет үшін 51 пайыз үлес жеткілікті. Теория түрінде Тимур Құлыбаев Халық банкінің 18,48 пайыз үлесін де сата алады. Сонда өзінде 51 пайыз үлес қалады. Және оған биржада қызығушылық танытатын инвесторлар пулы, яғни алушылар оңай табылатыны анық. Мәселе тек бағада ғана және сатылатын үлес көлемінде.
Дереккөз ақпараты мен біздің болжам сәйкес келіп отыр. Құлыбаев Халық үлесінен кемінде 10 пайыз үлес сатуы тиіс. Бұл 1 091 470 671 жай акция. Қазір Қазақстан қор биржасында банктің бір жай акциясы 341,97 теңгеден саудалануда. Дәл осы бағамен сатса, Халық банк үлесінің 10 пайызы Тимур Құлыбаевқа 373,2 миллиард теңге алып келеді.

Бірақ бұл баға Тимур Құлыбаевқа ұнамай отыр. Сол себепті Алмэкс хабарламасында банк акциялары мен GDR-ларының өтімділігін арттыру туралы тезистер айитылды. Halyk Bank биржадағы өз акцияларының бағачсын көтеру шарасы ретінде Buyback, яғни өз акцияларын кері сатып алу бағдарламасын жариялаған болатын. Ол көбіне сыртқы биржалардағы ғаламдық депозитарлық қолхаттарға (GDR) қатысты және оған 50 миллион доллардан аспайтын сома бөлінген.
-
-
Тақырыпқа орай: 0,2%. Тимур Құлыбаевтың Халық банктегі үлесі НЕГЕ қысқарды?
-
Бірақ бұл buyback Халық банк акцияларының нарықтағы бағасының өсуіне шынымен де ықпал ете ала ма, ол жағы белгісіз. Бір белгілісі - Тимур Құлыбаев «Halyk» тобын барынша халықаралық интеграцияланған, инвесторлары мен акционерлер құрамында шетелдік ұстаушылары көп, ғаламдық жария компанияға айналдыруды көздейді. Сонда оған қысым көрсетіп, банктің бақылаушы үлесін рейдерлік жолмен тартып алу мүмкін болмайды.
Тимур Асқарұлы жағдай өзгеріп кетуі мүмкін болашақ сценарийлерді ойластырып, өзінің қаржылық қауіпсіздігін барынша нығайтуда.
2025 жылдың алғашқы жартысында «Halyk Bank» тобының таза табысы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 39,4 пайызға өсіп, 528,6 миллиард теңгеге жетті. Биыл банк таза кіріс бойынша рекорд жаңартуы мүмкін.
Банктің былтырғы таза табысы 921 миллиард теңге болған. Биыл Қазақстан тарихында бір жылда 1 триллион теңгеден астам таза кіріс алған тұңғыш банк болуы да ғажап емес. Ал 3 триллион теңгеден асатын банк капиталын ескере отырып, оның басым бөлігіне ие болып отырған Құлыбаевтардың алаңдайтындай жөні бар екенін де жасыра алмаймыз.