6 Қараша 13:29
...

Сабақта ұялы телефон қолданған оқушылардың ата-аналары айыппұл төлейді

оқушылар
Фото: ашық дереккөз

Сабақта ұялы телефон қолданған оқушылардың ата-аналарына 5 АЕК мөлшерінде (19 660 теңге) айыппұл салынады. Бұл туралы оқу - ағарту вице-министр Майра Мелдебекова еске салды. 

Астана, NEGE. Нормаға сәйкес, ата-аналарға бірінші рет ескерту беріледі. Қайталанған жағдайда айыппұл салынады. 

«Білім туралы заңда оқушыларға сабақ кезінде ұялы телефон пайдалануға болмайтыны туралы норма көрсетілген. Заңда бұл талап үшін ата-аналардың жауапкершілігі қарастырылған. Яғни, егер оқушы оқу кезінде ұялы телефон қолданса, ӘҚБтК шеңберінде әкімшілік шаралар қолданылады: бірінші рет ескерту беріледі, ал қайталанса – 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады», – деді вице-министр.

Cабақ кезінде смартфон пайдалануға тыйым салу мектептерде 2024 жылы енгізілген. Оқушылар телефондарын мектепке алып келуге құқылы, бірақ оны сабақ кезінде қолдануға болмайды. Тек, төтенше жағдайда немесе мұғалім рұқсат берген жағдайда ғана қолдана алады.