Жаңа мектептер – оқушылар мен педагогтер үшін жаңа мүмкіндіктер алаңы
Демографиялық өсім мен қажеттілік артқан кезеңде бастау алған жемісті бағдарламалардың бірі де бірегейі – «Келешек мектептері» ұлттық жобасы. Білім беру саласындағы сапаны арттыруға бағытталған бұл жоба нәтижесін де беріп жатыр.
Астана, NEGE. ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашевтың айтуынша, келешек мектептері – әр оқушыға тұрғылықты жеріне қарамастан қолжетімді әрі сапалы білім беруді көздейтін білім ордалары. Олар гимназия немесе лицей емес, өзіндік оқу-тәрбие үдерісі бар баланың жан-жақты дамуына жағдай жасайтын мектептер.
«Ұлттық жоба аясында 460 мың орынға шақталған 217 мектеп ашылады деп жоспарланған. Өткен оқу жылын 105 келешек мектебімен аяқтасақ, осы қыркүйекте тағы 45 мектеп есігін балалар үшін айқара ашты. Одан соң да еліміз бойынша бірнеше келешек мектептері іске кірісуге әзірленуде. Осындай қарқынды жұмыс нәтижесінде, үш ауысымды мектептер саны 4 есе, апатты жағдайдағы мектептер 2 есе, оқушы орындарының тапшылығы 4 есеге қысқарғанын атап өту керек. Мәселен, биыл Шымкент қаласында, Ақмола және Қызылорда облыстарында үш ауысымды мектептер мәселесі жойылды. Бүгінде елімізде шамамен 3 мың мектеп бір ауысымда, 5 мың мектеп екі ауысымда жұмыс істейді», – дейді Қаныбек Жұмашев.
Жұмашевтың сөзінше, «Келешек мектептерінің» жартысы ауылдарда ашылады. Бұл бастама алдымен орын тапшылығын азайтуға, сондай-ақ ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтықты қысқартуға бағытталған. Себебі, бұл жай ғана мектептер емес, заманауи оқыту тәсілдері мен соған сай инфрақұрылым қалыптастыратын оқу ордалары.
«Мұнда заман қажеттіліктеріне сай ең озық материалдық-техникалық база қамтамасыз етілген. “Келешек мектептері” моделінің артықшылығы да сол, теориямен шектелмей, тәжірибе алаңында білім алуға мүмкіндік жасалған. Осының бәрі оқушылардың ғылымға қызығушылығын арттырып, сыни ойлауын, цифрлық сауаттылығын, шығармашылық және креативті қабілеттерін дамытады», – дейді ол.
STEM кабинеттер, робототехника мен дрондар, еңбекке баулу кабинеттері мен музыкалық аспаптар, спорттық құрал-жабдықтар, интерактивті тақталар мен зертханалар білім беру сапасын арттыра түсетіні сөзсіз. Яғни, аталған ұлттық жоба бәріне тең мүмкіндік қалыптастырып қана қоймай, адами капиталды дамытады.

Онда цифрлық білім беруге ерекше көңіл бөлінеді. Соның ішінде жасанды интеллектіні оқу үдерісіне кіріктіру осы оқу жылынан басталады. Әрі инклюзивті білім беру де назарда. Арнайы еден жолақтары, лифтілер және психолог, дефектологтер, сурдологтердің болуы ерекше білім беруді қажет ететін балаларға үлкен қолдау және көмек болатыны анық.
Келешек мектептеріндегі негізгі бағыттардың бірі – тәрбие жұмысы.
«Мұнда еңбекқор, ар-ұжданға сай әрекет ететін, әділдікке ұмтылатын оқушы тұлғасын қалыптастыру мақсат етіледі. Тек ұлттық жоба аясында ғана емес, Қазақстандағы барлық білім беру ұйымдарында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы негізге алынбақ. Оның аясында барлық мектептер үшін бірыңғай визуалды стандарт әзірленеді, мектептердің ішкі және сыртқы келбеті ұлттық құндылықтар мен мәдениетті дәріптеу мақсатында безендірілетін болады. Ал сабақ пен сыныптан тыс іс-шаралардың мазмұндық сипаты әділеттілік, еңбекқорлық, патриотизм сынды тақырыптарға басымдық береді», – дейді Қаныбек Жұмашев.

Айта кетерлік тағы бір жайт, бағдарламаның бір бөлігі ретінде Ата-аналарға педагогикалық қолдау көрсету орталықтары құрылды. Бұл орталықтар мектеп пен ата-ана арасындағы байланысты нығайтып, ата-аналарды тәрбие процесіне белсенді қатысуға тартуға бағытталған.
Жұмашевтың айтуынша, енді еліміздегі барлық білім беру ордаларында ерте кәсіптік бағдарлауға назар аударылмақ. Профориентация – білікті кадрлар әзірлеудің алғышарты. Өткен оқу жылында осы бағытта шаралар қолға алынып, 6-11 сыныптармен жұмыс істейтін 1781 маман болса, жаңа оқу жылында 8 мың бірлікке дейін көтеру көзделіп отыр.
«Білім беру саласының сапасы педагог кадрлардың сапасына тікелей тәуелді. Өйткені, ұстаз – мектептің жаны. Білікті маман ғана білімді оқушы тәрбиелей алады. Сондықтан, педагогтердің біліктілігін арттыру ерекше назарда. Одан бөлек, мектеп басшыларын тағайындау барысында «Білім беру саласындағы өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасына қатысқан үміткерлерге басымдық берілуде.
Келешек мектептерінен бөлек, соңғы алты жылда елімізде 1 млн-нан астам орынға мыңнан аса мектеп салынды. Бұл – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы рекордтық көрсеткіш. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Келешек мектептері» осы ауқымды стратегиялық бастаманың маңызды бөлігі. Бұл жаңа оқу ордалары жаңа ғимарат қана емес, әр оқушы мен әр педагог үшін жаңа мүмкіндік сыйлайтын алаң», – деп атап өтті Қаныбек Жұмашев.