Цифрлы мұнай-газ. Мемлекет НЕГЕ мұнайдың әр тамшысын есепке алмақ?
Коронавирус пандемиясы «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына жаңа дем берді. Бірақ қазіргі ең басым бағыт – өнеркәсіпті цифрландыру. Бұл бағытта ҚР Энергетика министрлігі ауқымды жұмыстар жүргізуде.
Атқарылып жатқан жұмыстар туралы «KazService» салалық журналының редакциялық кеңесінің басшысы Дәуіржан Ауғамбайға берген сұхбатында ҚР Энергетика вице-министрі Жанат Жахметова кеңінен баяндап берді.
- Тақырыпқа орай: Қазақстанның мұнай мен газы толық цифрландырылмақ. НЕГЕ Энергетика министрлігінің жоспары біз үшін өте маңызды?
Энергетика министрлігі өткен мамыр айында мұнай мен газ конденсатын есепке алудың ақпараттық жүйесін (МАЖ) енгізетіні туралы мәлімдеді. Жанат Жахметованың айтуынша, бұл жүйені құру бірнеше жылдарға жоспарланған, ал өткен жылдың соңында Энергетика министрлігі Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп МАЖ-ды пилотты режимде бастап кетті.
Жүйе «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын және «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін іске асыру шеңберінде жасалуда. МАЖ – айналымдағы мұнай көлемі туралы ақпаратты орталықтандырылған мәліметтер базасында жинайтын, өңдейтін және сақтайтын технологиялық платформа. Жиналған ақпараттар негізінде бухгалтерлік есеп процесіне кейінгі кешенді ақпараттық талдау жасалады.
Мәліметтер мынадай бағыттарда жиналады:
■ мұнай мен газ конденсатын дайындаудан, сақтаудан және жеткізуден басталатын өндірістік есеп;
■ мұнай мен газ конденсатын қабылдау, сақтау және жеткізу пункттерінен бастап тасымалдауды есепке алу;
■ мұнай мен газ конденсатын қабылдау және сақтау орындарынан міндеттемені өңдеуді есепке алу.
«МАЖ арқылы мұнай-газ саласының компаниялары өзара мәлімет алмасып отырады», – дейді Жанат Жахметова. «Бұл ұйымның өндірістік объектілерінде орнатылған есептеу құралдарынан алынған мәліметтерді дайындауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, деректерді беру қауіпсіз байланыс арналары арқылы жүзеге асырылады. Жиналған ақпарат өңделеді және дұрыс сақталады».
«Бұл жүйені құрудың мақсаты – Энергетика министрлігіне мұнайды дайындау, тасымалдау, сақтау, жөнелту, сату, Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және елден тыс жерлерге әкетуді есепке алудың тиімді құралымен қамтамасыз ету. МАЖ жұмысына адам араласпайтындықтан, мәліметтер шынайы және нақты болады. Сонымен бірге, мұнай өндіру, қайта өңдеу және тасымалдау туралы ақпаратты беруге байланысты еңбек шығындары азаяды»
Осының арқасында мемлекет мұнай мен газға байланысты толық шынайы картинаны көріп отырмақ. Әрі өндірістік объектілерде орнатылған өлшеу құралдарынан алынған жедел мәліметтер негізінде мұнай мен газ конденсатының айналымын болжауға мүмкіндік береді. Жоспарлау сапасы жақсарады. Оның өз кезегінде мемлекеттік деңгейде жедел стратегиялық және басқарушы шешімдер қабылдаудағы маңызы өте зор.
Қашаған кен орны. Фото: oilcapital.ru
Жанат Жахметованың айтуынша, МАЖ кәсіпорындардағы өндірістік процестерді автоматтандыруға серпін береді. Заттар интернеті (IIoT) технологиясын қолданатын кәсіпорындар саны көбеймек. «Мұнай айналымының барлық элементтерін бірыңғай платформада белсенді түрде дамытуға мүмкіндік ашылады. Бұл – мұнай кәсіпорындарының нарықтағы проблемалары мен өндірістік мүмкіндіктеріне жедел жауап беретін бірыңғай ақпараттық кеңістік құруға мүмкіндік береді».
«Алайда МАЖ енгізілді деп кәсіпорындар даму жолында тоқтап қалмауы тиіс. Біз цифрлық құралдарды жедел енгізу, қызмет сапасын арттыру арқылы бәсекеге қабілеттілігімізді күшейте беруіміз керек. Қазіргі уақытта нарықта заттар интернеті, үлкен деректер, жасанды интеллект және машиналық оқыту сияқты көптеген түрлі технологиялық шешімдер бар»
Бір қуантарлығы, Қазақстандағы мұнай-газ саласының цифрландыру деңгейі көптеген елдерге қарағанда көш ілгері келе жатыр. Оны халықаралық ұйымдар да бағалап отыр. Жанат Жахметованың айтуынша, қазір отандық компаниялар өндірісті ғана емес, әкімшілік процестерді де автоматтандыруға күш салуда. Кәсіпорындар ішкі құжат айналымын, сатып алу процестерін және басқа ішкі процедураларды автоматтандырумен айналыса бастады. Өндірістік процестерге келетін болсақ, жекелеген компаниялардың өндірістік процестерін цифрландыру бойынша кейбір жобалары «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына кіргізілген. Ал алдағы 3-5 жылда цифрландыру еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, шығындарды азайту, өндіріс тиімділігін арттыру, зиянды қалдықтарды бақылау сынды бағыттарды қамтитын болады.
- Тақырыпқа орай: Жел мен күн қуат бергенде. Мұнайдың болашағы НЕГЕ бұлыңғыр?
«Өткен жылы біз жер қойнауын пайдаланушылар арасында сауалнама жүргізіп, көп кездесетін негізгі проблемаларды анықтадық. Негізгі проблемалар білікті кадрлардың жетіспеушілігі мен IT жобаларды қаржыландырудың қиындығымен байланысты болып отыр», – дейді Жанат Жахметова.
«Мен өз тарапымнан біз үшін басты проблема – қызметкерлердің сандық технологияларды енгізу мен қолдануға деген түсінігі мен ұмтылысының жоқтығы. Автоматтандыру процесі реттелсе, бұл мәселені шешуге болады. Бұл жағдайда жер қойнауын пайдаланушылар ашықтыққа қол жеткізіп, қызмет алу үшін уақытты қысқарта алады. Өз кезегінде, уәкілетті орган алынған жедел мәліметтер негізінде мемлекеттік деңгейде басқару шешімдерін қабылдауға қол жеткізеді»
Десек те, мұнай-газ саласы болашақ IT-де екенін жақсы түсініп отыр. Қазіргі уақытта «ҚазСервис» Қазақстанның мұнай сервистік компаниялары одағының алаңында IT комитеті жұмыс істей бастады. Осы жылдың басынан бері цифрландыруға қатысты бірқатар кездесулер өтіп, барлық проблемалар талқыға салынды. Бизнес тарапының нақты ұсынысы қаралды.
ІТ-комитеттің екінші отырысында қазақстандық IT компаниялардың өнімдерін мұнай-газда қолдану мәселесі талқыланған болатын. Мұнай компаниялары отандық ақпараттық шешімдердің шетелдік өнімдерге қарағанда әлсіз екенін айтса, комитет мүшелері ірі мұнай өндірушілердің отандық өнімге қарағанда бағасы бірнеше есе қымбат шетелдік софттарды сатып алып жатқанына алаңдаушылық білдірді. Осындай талқылаудың нәтижесі бойынша қазақстандық IT компанияларды мұнай мен газ саласындағы жобаларға тартуға бағытталған Жол картасын дайындау туралы шешім қабылданды.
Жанат Жахметованың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде қазіргі уақытта бірқатар мемлекеттік бағдарламалар, оның ішінде цифрландыру бағдарламасы қайта қаралуда. Энергетика министрлігі осы бағытта бес жобаны ұсынып отыр:
■ «МАЖ құру және жүзеге асыру;
■ газ құбырлары объектілері үшін аналитикалық геоақпараттық жүйені құру және енгізу («ҚазТрансГаз» АҚ);
■ энергетикалық кәсіпорындарды бақылаудың ақпараттық жүйесін құру;
■ «Қазақстан Республикасының жер қойнауын басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі» интеграцияланған ақпараттық жүйесін дамыту;
■ Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Ахуалдық орталығын құру.
Энергетика министрлігінің цифрландыру бағытында келелі жұмыстарды бастап кеткенін көріп отырмыз. Екі жылдан кейін цифрландырудың нақты экономикалық эффектісін есептеуге мүмкіндік ашылады.
Nege.kz сол кезде бүгінгі қадамдардың нәтижесін тіркеп, сараптама ретінде оқырмандарына ұсынатын болады.