28 Қазан 15:34
...

QyzPU оқушыларды педагог болуға ынталандырмақ

QyzPU ауыл мектептерімен
Фото: QyzPU

Ұстаз болуға ниетті жастар ең алдымен өз мамандығына шын жүректен қызығушылық танытып, балалармен жұмыс істеуге сүйіспеншілікпен қарауы қажет.

Мұғалімдік – жай ғана жұмыс емес, ол үлкен жауапкершілік пен адамгершілікті талап ететін мамандық.

Жастардың педагогика мамандығына деген құштарлығын қалай арттыруға болады? Жалпы, ұстаздық ету – мамандыққа, балаға деген махаббаттан туындаса керек. Оқушының қарым-қабілетін ашу, пәнге деген қызығушылығын ояту, қоғаммен байланыс орнату дағдысын қалыптастыру – ұстаздың міндеті. Сондықтан бұл қадірлі мамандықты кез келген адамның серік ете бермейтіні түсінікті.

Еліміздегі педагогтарды дайындайтын бірден-бір оқу орны QyzPU ауыл мектептерімен ынтымақтастық аясында педагогикалық мамандықты насихаттап, оқушыларды ұстаздыққа дайындау бағытында ауқымды жобаны қолға алды.

ауыл мектептері
QyzPU

Осы тұрғыда «Тарих» білім беру бағдарламасының көшбасшысы, қауымдастырылған профессор, ғылым кандидаты Берік Жұбанышовтың айтуынша, екіжақты меморандум аясында 2025-2026 оқу жылына арналған нақты жұмыс жоспары бекітіледі.

«Жоспар бойынша университет оқытушылары жыл басынан маусым айына дейін жүйелі түрде жұмыс атқарады. Ең алдымен педагогикалық салаға бейімділігі бар оқушылар анықталып, олардың әлеуметтік зерттеуі жүргізіледі. Әр кафедрадан тәжірибелі ұстаздар таңдалып, оқушыларға педагогика мамандығының қыр-сырын үйретеді», – дейді Берік Жұбанышов.

Ал QyzPU Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және өнер институтының директоры Бахытжан Сапаров университет Кемертоған ауылындағы жайлы мектепте арнайы педагогикалық кабинетін ашып, жоғары сынып оқушыларына кәсіби бағдар беретінін жеткізді.

«Мақсатымыз – педагогика мамандығын насихаттау, оқушыларды дайындау және ауыл мектептерінің мұғалімдерінің кәсіби біліктілігін арттыру. Университетіміздің бес институты да осы бағытта бірлесіп жұмыс істейді.

Бұл – ауыл мектептерін дамытуға бағытталған стратегиялық мақсатымыздың маңызды бөлігі. 80 жылдық тарихы бар университетіміздің бұл бастамасы – әрі университет, әрі мектеп үшін тиімді жоба болып отыр. Мектептің 9, 10 және 11-сынып оқушылары педагогикалық мамандықты таңдап, университет оқытушыларынан кәсіби бағыт-бағдар алады. Осылайша олар таңдаған мамандығына ерте бастан тереңірек бойлап, тәжірибе жинақтай алады.

 Болашақта университетке түскен кезде мұндай оқушылар оқу және тәрбие үдерісіне бірден бейімделіп, педагогикалық бағыттағы білім алуға дайын күйде келеді. Сонымен қатар, ғылыми жобалар мен түрлі бастамаларға қатысу мүмкіндігі де қарастырылған. Бұл – болашақ студенттеріміз үшін үлкен мүмкіндік деп ойлаймын», – деді Бахытжан Жолдыбайұлы.

«Кемертоған ауылындағы жайлы мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Гүлмира Райсбекова серіктестіктің маңыздылығын атап өтіп, ауыл мектептері үшін бұл бастаманың тиімді екеніне сенім білдірді.

«Балалар өз мамандығын мектептен бастап түсініп, жауапкершілігін сезінсе, соғұрлым нәтиже болады. Алдағы уақытта университетпен бірлесіп түрлі жобалар ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Серіктестікті бастамас бұрын бір жылдық жоспар құрып, барлық мүмкіндіктерді қарастырдық. Университет оқытушыларының балалармен бірге жұмыс істеп, жан-жақты жобалармен айналысуына жағдай жасауға тырыстық. Бұл тек оқушыларға ғана емес, мұғалімдеріміздің де біліктілігін арттыруға тамаша мүмкіндік деп білемін. Университет мамандары оқушылар мен мұғалімдерге арнайы аудиторияда кәсіби көмек көрсетеді. Бұл бастама айтарлықтай нәтиже береді деп сенеміз», – деді мектеп директоры.

Егер жоба жүзеге асса ауыл мектептері мен университет арасындағы байланыс нығайып, педагогикалық мамандарды дайындаудың жаңа деңгейі қалыптаспақ. Бір сөзбен айтқанда, болашақ ұстаз білімді, ізденімпаз әрі заманауи технологияларды меңгерген болуы керек. Мұғалімдікке ұмтылған жастар сабырлы, әділ, мейірімді және тыңдай білетін қасиеттерге ие болуы тиіс. Өйткені ұстаз тек білім беруші ғана емес, оқушының тұлға болып қалыптасуына бағыт беретін тәрбиеші. Ең бастысы, жас педагог үнемі өзін-өзі дамытып, жаңашылдыққа ұмтылып, қоғам мен білім беру саласындағы өзгерістерге бейім болуға тырысқаны жөн.