28 Қазан 14:55
...
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Стубб Бірлескен мәлімдеме қабылдады
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Финляндия Республикасының Президенті Александер Стубб 2025 жылғы 28 – 29 қазанда Қазақстанға ресми сапармен келді.
Алматы, NEGE. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Президенті мен Финляндия Республикасының Президенті төмендегілер туралы мәлімдеді:
- Тараптар Қазақстан мен Финляндия арасындағы достыққа, өзара құрмет пен табысты ынтымақтастыққа негізделген 33 жылдан астам уақыттағы дипломатиялық қатынастарды атап өтіп, Қазақстан-Финляндия әріптестігін одан әрі нығайтуға және әртараптандыруға берік бейілділігін растады.
- Президенттер екіжақты ынтымақтастықтың күн тәртібіндегі ауқымды мәселелер, жаһандық және өңірлік оқиғалар бойынша мазмұнды пікір алмасты. Олар тұрақты байланыстарды қолдап отырудың маңыздылығын атап өтті және өзара қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша сындарлы диалогты жалғастыруға уағдаласты.
- Тараптар көпжақты ынтымақтастыққа, сондай-ақ барлық мемлекеттердің егемендігін, тәуелсіздігін және аумақтық тұтастығын құрметтеуді қоса алғанда, халықаралық құқықтың және Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының негіз құраушы қағидаттарына адалдығын тағы да растады. Олар даулар мен шиеленістерді бейбіт, саяси және дипломатиялық жолдармен реттеудің маңыздылығын атап өтті.
- Президенттер шағын және орта кәсіпорындарды қолдауға ерекше мән бере отырып, экономика, сауда және инвестиция саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге және бизнес жүргізудің орнықты тәсілдерін ілгерілетуге уағдаласты. Олар энергетика, энергия тиімділігі, экологиялық технологиялар, су ресурстарын және орман шаруашылығын басқару, құрылыс, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, инфрақұрылым, көлік және логистика, инженерия және озық өнеркәсіп инновациялары сияқты негізгі салалардағы ынтымақтастықты нығайту ниетін білдірді. Тараптар цифрлық даму және жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықтың әлеуетін атап өтті. Президенттер Азия мен Еуропа арасындағы сенімді әрі тиімді бағыт ретінде маңызы артып келе жатқан Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) мойындап, оны дамытудағы Қазақстанның негізгі рөлін атап өтті. Тараптар Еуропа Одағының «Global Gateway» жобасының іске асырылуына қолдау білдірді. Осыған байланысты олар Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Финляндия үкіметаралық комиссиясының екіжақты байланыстарды нығайтудың тиімді алаңы ретіндегі рөлін атап өтіп, ресми сапар аясында бизнес-форумның өткізілуін қолдады.
- Президенттер «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) халықаралық инвестициялық ынтымақтастықты және қаржылық инновацияларды қолдаудағы рөлін мойындай отырып, орнықты қаржыландыруды ілгерілету және қаржы технологияларын дамыту мақсатында АХҚО мен фин қаржылық және инновациялық институттары арасындағы ынтымақтастықтың әлеуетін зерделеуге шақырды.
- Президенттер бітімгершілік саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, оның ішінде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Бітімгершілік операциялар орталығы (KAZCENT) мен Финляндия Қорғаныс күштерінің Халықаралық орталығы (FINCENT) арасындағы өзара іс-қимылды жалғастыру арқылы нығайтуға деген мүдделерін растады.
- Президенттер орнықты туризм саласындағы озық тәжірибелерді қолдануды қоса алғанда, білім мен тәжірибе алмасуға баса назар аудара отырып туризм саласында барынша тығыз ынтымақтастыққа қолдау білдіретіндерін тағы растады.
- Президенттер жоғары білім, ғылым және зерттеулер жүргізу саласындағы екіжақты ынтымақтастықты қолдауға, сондай-ақ бірлескен академиялық және ғылыми бастамаларды іске асыру мүмкіндіктерін зерделеуге уағдаласты.
- Тараптар екі ел арасындағы мәдени байланыстарды тереңдетуді қолдай отырып, мәдени ынтымақтастықты көрмелер, концерттер, фестивальдер және кино көрсетілімдерін өткізу арқылы жандандыру ниеттерін білдірді.
- Тараптар көші-қон саясаты саласындағы ынтымақтастықты нығайтудың және визалық режимді ырықтандыру диалогын ілгерілетудің маңыздылығын атап өтті. Олар Қазақстан Республикасы мен Еуропа Одағы арасындағы визалық режимді жеңілдету туралы келіссөздердің басталғанын қолдап, тиісті келісімнің уақтылы жасалуына мүдделі екендерін растады.
- Тараптар 2020 жылғы 1 наурызда күшіне енген Бір жағынан Қазақстан Республикасы, екінші жағынан Еуропа Одағы мен оған мүше мемлекеттер арасындағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім шеңберінде тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендерін атап өтті.
- Президенттер өркендеу мен орнықты дамуды қолдаудың маңызды тетігі ретінде Орталық Азия мен Еуропа Одағы арасындағы диалогты нығайтуға бейілділіктерін растады.
- Финляндия Республикасының Президенті Орталық Азия өңіріндегі ынтымақтастықты одан әрі тереңдетудегі, бейбітшілікті нығайтудағы, достық, сенім және тату көршілік ахуалын қалыптастырудағы, сондай-ақ оның халықаралық аренадағы маңыздылығын арттырудағы Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулерінің рөлін айрықша атап өтті.
- Президенттер 2030 жылға дейінгі Орнықты даму күн тәртібін және Орнықты даму мақсаттарын (ОДМ) іске асыруға жәрдемдесуге және оларды жылдамдатуға, сондай-ақ су ресурстарын басқаруға, ластанумен және шөлейттенумен күресуге, биологиялық әралуандылықты сақтауға және апат тәуекелдерін төмендетуге ерекше назар аудара отырып, климаттың өзгеруі мәселесін шешудің бірлескен тәсілдерін ілгерілетуге уағдаласты.
- Тараптар 2026 жылғы сәуірде Қазақстанда Біріккен Ұлттар Ұйымымен және басқа да жетекші халықаралық ұйымдармен әріптестікте өтетін және климаттың өзгеруі, «жасыл» экономикаға көшу және Орталық Азия мен оның шегінен тыс жерлерде орнықты даму мәселелері бойынша диалогты ілгерілетуге арналған маңызды халықаралық алаң қызметін атқаратын Өңірлік экологиялық саммитті қолдады.
- Финляндия Қазақстанның Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын құру жөніндегі бастамасын қолдады. Өз кезегінде, Қазақстан Финляндияға Біріккен Ұлттар Ұйымының тиісті қарарына қолдау жасағаны және тең авторлығы үшін шынайы ризашылығын білдіріп, екі елдің тұрақты дамуды қолдауға, өңірлік тұрақтылықты нығайтуға және жаһандық сын-қатерлерді көпжақты ынтымақтастық арқылы шешуге ортақ түрде бейілді екендігін атап өтті.
- Тараптар Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының қағидаттарына сәйкес Украинада жаппай, әділ және тұрақты бейбітшілікті тезірек орнатудың маңыздылығын атап өтті.
- Қазақстан Республикасының Президенті Финляндияның 2025 жылы ЕҚЫҰ-ға белсенді төрағалық еткенін атап өтті және осы жауапты мандатты табысты аяқтауға тілектестігін білдірді.
- Президенттер ресми сапар барысында қол жеткізілген уағдаластықтар халықтарымыздың мүддесі үшін екіжақты ынтымақтастықты жан-жақты дамытуға жаңа серпін беретініне сенім білдірді.
- Президенттер екі ел арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі нығайту және ынтымақтастықты тереңдету мақсатында тығыз диалогты қолдап отыруға уағдаласты.