Жел мен күн қуат бергенде. Мұнайдың болашағы НЕГЕ бұлыңғыр?
IRENA (Халықаралық жаңартылатын энергия көздері агенттігі) есебі мұнайлы елдерді қуанта қоймады. Әлемдік нарықта мұнайды ең көп сатып алатын екі ойыншы – АҚШ пен Қытай былтыр жасыл энергетиканы дамытуда рекордтық көрсеткішке қол жеткізген. Онда «Жақын болашақта мұнай – энергия көзі ретінде қарастырыла ма?» деген сұрақ туындайды.
IRENA есебіне сәйкес, өткен жылы Қытай мен АҚШ-тың инвестициялары есебінен жаңартылатын қуаттың рекордтық көлемі салынды. Баламалы энергия көздерінің 82 пайызын жел және күн энергиясы құраған. Оның ішінде 136 ГВт қуат көзін беретін құрылғылар Қытайда орнатылған. Шығыстағы көршіміз күннен тегін энерия алу ісінде барлық мемлекеттерді артқа тастап отыр.
«Мұнай энергия көзінен гөрі химия саласына бет бұруын одан сайын үдете түседі», – дейді Экономикалық бастамаларды қолдау қорының сарапшылары. «Полимерлер, көмірпластиктің жаңа қоспалары, композиттік материалдарға деген сұраныс жыл сайын артатын болады. Және мұнай – осы материалдардың шикізаты».
«Біздің алдымызда тек мұнай химиясын дамыту перспективасы тұр. Дәл қазір мұнай өндіру және оның саудасы қысқарады деуден аулақпыз. Бірақ ортақ тренд – көмірсутектер өзінің «негізгі энергия көзі» статусын жоғалта бастады. Оған дамыған елдердің экологиялық қатаң талаптары мен үнемдеуге деген құлшынысы себеп»
«Мұнай бағасын ұстап тұрған негізгі фактор – оның энергия немесе полимерлер көзі екенінде емес», – дейді Nege.kz шолушысымен тілдескен экономист Айдархан Құсайынов. Оның айтуынша мұнай – қор биржасында фьючерс күйінде сатылып отырған басты спекулятивті тауар. Оның нақты сұйық мұнай күйінде физикалық түрде сатылуы ортақ фьючерстер саудасының тек 5 пайызын құраған. Қалған 95%-ы – спекуляция.
«Қалай мұнай қор биржасынан кетіп, оған деген брокерлер мен инвесторлардың қызығушылығы төмендейді, сол сәттен бастап қара алтынның басынан бақ тайып, бағасы құлдырайды. Ол алдағы 2-4 жылдың ішінде болуы мүмкін. Мұнайдың әділетті бағасы барреліне 60 доллар шамасында. Қалғанының бәрі қор биржасында туындап отырған спекуляциялар»
Мұнай химиясына бүгіннен бастап тезірек бет бұрмасақ, ертең кеш болатынын көптеген сарапшылар айтып жүр. Қазір өзіндік құны қымбат болса да, баламалы энергия көздерін, әсіресе, Жоңғар қақпасы маңында жел энергетикасын жасақтап, шөлейтті Қызылорда, Балқаш, Арал, Жезқазған далаларында күн панельдерін орнату қажеттілігі де айтылып келеді.
Бірақ жеке инвесторлар ғана бір-екі жерден шағын күн мен жел станцияларын салды. Ал мемлекет ЭКСПО сынды көрмелерге арнап көз бояйтын жекелей құрылғылар орнатқаны болмаса, ешқандай кешенді жұмыс істемеген.
- Тақырыпқа орай: «ЕБИТДА-сы» шықты. «ҚазМұнайГаз» НЕГЕ қарызға белшеден батты?
Дәл осы уақытта Қытай бір жылдың ішінде 72 ГВт жел электр стансаларын және 49 ГВт күн электр станциясын салып үлгерді. АҚШ 29 ГВт жаңартылатын энергия қондырғыларын пайдалануға берді.
Ал енді баламалы қуаттың ұлғаюына байланысты Еуропа, Солтүстік Америка мен Түркия сияқты елдер көмір жағатын электр станцияларын жауып тастауға шешім қабылдап отыр.