25 Наурыз 10:39

Тойың тойға ұлассын! Мерекенің көптігі НЕГЕ экономиканы әлсірете алмайды?

Фото:

Қазақстанда Құрбан айт пен Рождествоны қосқанда, демалыс берілетін 12 мейрам бар. Олардың аясында күнтізбедегі сенбі-жексенбіден бөлек тағы 16 күн демаламыз. ЮНЕСКО есебі бойынша, бұл әлемдегі орташа көрсеткіш.

ХХ ғасырда «демалыс күндері неғұрлым көп болса, соғұрлым экономикаға көбірек шығын келеді» деген ұғым болды. Оның жаны бар, себебі өткен ғасырда адамзат индустриалды кезеңді бастан кешіп, өндірістің бір күнге тоқтауы кіріске тікелей әсер етті.

«Қазір демалыс күндерінің аз немесе көптігі ешқандай рөл ойнамайды. Экономиканы алға жылжытатын басты фактор жұмыс сағаты емес, еңбек өнімділігі», – дейді Экономикалық бастамаларды қолдау қорының (ЭБҚҚ) сарапшылары. «Оның себебі, дамыған елдердің өндірісі автоматтандырылған, ақпараттық дәуірде ешкім қолмен жұмыс істемейді».

«Әлемдегі ең көп демалатын елдер – Германия, Нидерланды мен Дания. Орташа есеппен оларда бір жылда бар-жоғы 1400 жұмыс сағаты бар. Соған қарамастан, экономикасы өте мықты және олар дамыған елдердің алғашқы ондығына кіреді»

Ал өліп-талып жұмыс істейтін елдер тізімінде Мексика мен Коста-Рика көш бастап келеді. Олар жылына 2250 сағат жұмыс істейді. Бірақ азаматтары демалмаса да, жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны бойынша басқалардан оза алмай отыр.

Шымкенттегі Наурыз мейрамы. Фото: otyrar.kz

ЭБҚҚ сарапшыларының айтуынша, қазіргі уақытта интернет жұмыс уақыты мен демалыс деген ұғымдардың шекарасын жоя бастады. Сауда онлайнға ауысты, финтехтің дамуы ақша аударымдарын жұмыс не демалыс деп шектемейтін болды. «Экономика цифрлі режимге ауысса, оған енді бәрібір болады».

«Түптің түбінде автоматтандыру, роботтар, 5G мен жасанды интеллект біздің өмірімізге дендеп енетіндіктен, кейін аптасына бес жұмыс күнінің еш қажеті болмай қалады. Cол себепті, дамыған елдер аптасына 4 жұмыс күні режиміне ден қойып, талқылай бастады. Еңбек өнімділігі роботтардың көмегімен бірнеше есеге артса, адамдарға тіпті істейтін жұмыс қалмауы мүмкін»

Қазақстан – ТМД бойынша ең көп демалатын елдер қатарында. Бұл кеңістікте Өзбекстан мен Беларусь азырақ демалады. Оларда бар-жоғы 9 мереке бар. Экономистердің есебінше, керісінше, мейрам күндері экономиканың туризм, қоғамдық тамақтану, ойын-сауық орындары, сауда сынды салалары жақсы өседі.

Алайда бұл жағынан алғанда өткен Наурыз мейрамы Қазақстан экономикасына еш пайдасын тигізбеді. Себебі, Нұр-Cұлтан мен Алматы қалалары қатаң карантиндік шектеулердің астында қалды. Азаматтар демалыста ақшасын жұмсамай, үйінде жатты.

Тегтер: