Тараздағы «Түнгі тендер»: депутат келісімшарттың бұзылу себебін айтты
Депутат Әбутәліп Мүтәліптің бұрынғы компаниясымен жасалған келісімшарт прокуратураның бастамасымен бұзылыпты.
Мемлекеттік сатып алу порталындағы дерекке сәйкес, Мәжіліс депутаты Әбутәліп Мүтәліге тиесілі болған BESupply компаниясымен жасалған келісімшарт 22 қазан күні қосымша келісім арқылы тоқтатылған. Келісімшарттың бұзылу себебі «тараптардың өзара келісімі бойынша және келісімшартты одан әрі орындау орынсыз болған соң» деп көрсетілген.
Әбутәліп Мүтәлі NEGE сайтына бұл шешім прокуратураның нұсқауымен қабылданғанын айтты.
«Екі тараптың өзара келісімі бойынша бұзылды. Бұл прокуратураның шешімі негізінде жүзеге асты. Тапсырыс берушіге тиісті хабарлама жіберілді. Яғни прокуратура өз ұстанымын тапсырыс берушіге жеткізді: олар соманы 12 айға шақтап шығарған, бірақ негізі 3 ай ғана қызмет көрсету мерзімі қалған. Сондықтан мемлекеттік сатып алу тұрғысынан бұл ұйғарымсыз қаражат болып есептеліп отыр. Біз бұл шешіммен толықтай келісеміз. Менің бұрынғы компаниям да бастапқыда осы 3 ай көлемінде ғана қызмет көрсетуді жоспарлаған болатын», – деді ол Мәжіліс кулуарында.
29 қазанда Әбутәліп Мүтәлі депутат болып сайланғаннан кейін фирманы сенімгерлік басқаруға өткізгенін және бұл өтінімнің Әділет министрлігінде қаралып жатқанын мәлімдеген.
Еске салайық, Жамбыл облысында 287 млн теңгеге «Мекеме» ақпараттық жүйесін сүйемелдеу қызметін сатып алуға конкурс жарияланған. Байқауда BESupply жеңіске жеткен. Бұл тендер біраз күмән туғызды. Себебі келісімшарт 2025 жылдың соңына дейін есептелген, ал сатып алу күзде өткен. Өтінім қабылдау уақыты да біртүрлі: құжаттарды тек 16 қыркүйекке қараған түні ғана тапсыруға мүмкіндік берілген.
«Электрондық қаржы орталығы» АҚ бізге берген жауабында былай түсіндірді: тендер алғаш рет 2 қыркүйекте жарияланып, өтінімдер 4–11 қыркүйек аралығында қабылдануы тиіс болған. Алайда 4 қыркүйекте камералдық бақылау конкурс құжаттарынан қателіктер тауып, оларды түзетуді талап еткен. 8 қыркүйекте ұйымдастырушылар қажетті өзгерістер енгізген соң, жүйе жаңа хабарландыру жасап, өтінім қабылдауды 9–16 қыркүйек аралығында ашу жоспарланған. Бірақ ішкі мемлекеттік аудит түзетулерді тек 16 қыркүйекке қараған түні растағандықтан, процесс кешігіп, өтінімдер тек түн ортасынан таңға дейін қабылданған.
Нәтижесінде конкурсқа бар болғаны екі компания қатысқан. Жамбыл облысы әкімдігі кейінірек тендерге қатысушылар арасында сөз байласу белгілері анықталмағанын хабарлады.