15 Қазан 18:30
...

Тоғыз айдың қортындысы. НЕГЕ экономика біреуді жылатса, біреуді қуантты?

Фото:

Үкімет 9 айдағы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша есеп берді. Бір сала құласа, бір сала өскен. Бірақ құлағандары көп.

Негізгі деп табылатын және солар бойынша елдің дамуы бағаланатын 13 сала бар. Оның 8 саласы құлдыраған. Бесеуі өсім көрсеткен. Күйрей құлағаны жолаушылар тасымалдауы болды. Тасымал көлемі 55,8 процентке қысқарып қалды. Ең жақсы өскені құрылыс саласы. Ол 10,5 процентке ұлғайып отыр.

«Карантин жойылғаннан кейін белсенділік күшейеді деп онсыз да күтілген», - дейді, Nege.kz шолушысымен бірге есепке үңілген қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов. Оның айтуынша, қыркүйекті қаңтар-тамызбен салыстыру дұрыс емес. Өйткені қыркүйекте орақ басталды. Демек ауыл шаруашылығының өсім көрсеткені қисынды. Үкіметтің осы есебінде оптимизм басым болып тұр.

«Қазір экономикамызды бюджеттен ақша бөлініп жатқан құрылыс саласы алға сүйреп отыр. Онымен бірге ауыл шаруашылығы және байланыс салалары өткен. Егер аймақтар бойынша көз салатын болсақ, миллиардтаған мемлекет ақшасы құйылып жатқан Түркістанда ең үлкен өсім бар. Ал Өскемен, Қарағанды ​​облысы сияқты дәстүрлі индустриалды аймақтар керісінше үлкен проблемаларға кезігіп отыр»

«Қазір құлдырауға ұшыраған салаларға мейлінше мемлекеттік қолдау қажет деп айтар едім», - дейді Nege.kz түсініктеме алған GSB UIB директоры Мақсат Халық. «Ол мақсатта бөлініп жатқан қаржының біраз бөлігі әлі де игерілмей жатыр деген пікірлер бар. Сондықтан «Бизнестің жол картасы», «Еңбек» бағдарламасы аясында мемлекет қаржыны тез арада екінші деңгейлі банктер арқылы азаматтарға жеткізу жолдарын қарастыруда».

«Бұрындары алты пайыздық несие тек өңдеуші өнеркәсіп саласына беріледі деген талап болса, қазір оны алып тастады. Мемлекет барлығына қолдау көрсетуге дайынбыз деп отыр»

Есептегі сәйкессіздіктің бірі валюта бағамына тіреліп отыр. «Егер біз теңгемен өлшенетін болсақ, сан жүзінде өсім бар. Теңгенің долларға шаққандағы төмендеуімен, әрине, солай болады. Бірақ егер осыларды долларға шағатын болсақ мүлде сүреңсіз картина шыға келеді», - дейді, Расул Рысмамбетов.

«Есепте көрсетілген сауда балансының сальдосы бойынша айтар едім. Өте маңызды көрсеткіш. Егер баланс теріс болса, теңге бағамына қатты қысым түсіреді», - деп жалғастырады, Мақсат Халық.

«Әзірге баланс бойынша запас бар. Демек, экспортымыз 9 айдың көрсеткіші бойынша импорттан асып тұр. Бірақ бұл уақытша болуы мүмкін»

«Жалпы алдағы болашақта мұнай бағасының құлдырауы, қазіргі бағамынан 32 пайыз арзандауы болжануда. Ондай болса әрине, ол біздің экспортты құлдыратып, төлем балансын нашарлатады. Онда теңге тұрақтылығына да қауып төнбек»

Қазақстан экономикасының құлдырауы тоқтаған жоқ. Бірақ құлдырау қарқыны бәсеңдеп отыр. Бұл өте жақсы сигнал. Бірақ ақырғы нәтиже қысқы локдаун бола ма, соған байланысты. Вирусты ауыздықтай алсақ, экономиканы да жөнге келтіру қиын емес.

Тегтер: