3 Сәуір 19:00

Тарифі қымбат, байланысы нашар. Kcell НЕГЕ «Жаңа Қазақстан» мен НАЗАРБАЕВ арасындағы «шыбынға» айналды?

Фото:

«Kcell» акционерлік қоғамы 2022 жылдың қорытындысын шығарды. Ұялы байланыс операторы 40 миллиард теңге таза табыс алған. Компания 2021 жылдан бері дивиденд төлемегендіктен, қордаланып қалған кіріс 60 миллиард теңгеден асып кетті. Оның тең жартысы мемлекетке тиесілі.

Kcell былтыр 219 миллиард теңге выручка алды. Компания көрсеткен қызметтердің өзіндік құны 136 миллиард теңге болса, әкімшілік шығындары 16 миллиард теңгеден асып кеткен.

"Kcell" АҚ 2022 жылдың қортындысы бойынша шоғырланған аудиттелген қаржылық есебі. Аудитор: Ernst&Young

Компания абоненттеріне байланыс тарифтерін айтарлықтай өсірді. Онысымен қоймай, былтыр мемлекеттен 5,5 миллиард теңге субсидия алған болатын. 2021 жылы Қазақстан Үкіметі радиожиіліктерді пайдалануға беру туралы ережеге өзгеріс енгізіп, соның аясында ұялы байланыс операторлары өздеріне мемлекеттен субсидия алудың мүмкіндігін ашып алған еді. Субсидияны ұялы байланыс операторы қаржылық есебінде кіріс ретінде көрсетеді. Мысалы, 2025 жылға дейін түсуі тиіс субсидиядан компания 11 миллиард теңге кіріс аламын деп жоспарлап отыр.

"Kcell" АҚ 2022 жылдың қортындысы бойынша шоғырланған аудиттелген қаржылық есебі. Аудитор: Ernst&Young

Kcell-дің 51 пайыз акциясын мемлекет атынан «Қазақтелеком» ұлттық компаниясы ұстап отыр. PIONEER Technologies S.A.R.L мен «First Heartland Jusan Bank» акционерлік қоғамының түпкі қожайыны Нұрсұлтан Назарбаев екенін ескерсек, онда №1 зейнеткердің Kcell акцияларының 23,95 пайызын иеленіп отырғанын көреміз. Демек, қордаланған кірістің кем дегенде 14,3 миллиард теңгесі тұңғыш президент қалтасында кетуі мүмкін. Ия, де-юре Жусан банктің Назарбаевқа еш қатысы жоқ. Олар акционерлердің орнын ауыстыру бойынша косметикалық операция жасап, «Назарбаев фондты» тізімнен алып тастаған еді.

«Жаңа Қазақстан» орнамай тұрып, мемлекет қолда бар активтен түсініксіз жағдайда айрылып қалғанын айта кету керек. Оның алдында Қазақстан «Kcell» ұялы байланыс операторының 75 пайыз акциясына иелік етіп тұрды. Бірақ 24 пайыз акцияны биржада сататын болды. Артынша 2021 жылғы қыркүйекте ол акцияларды Назарбаевқа қарасты «First Heartland Securities» қаржылық тобы сатып алды.

Әңгіме қалай сатып алғанында болып тұр. Kcell-дің мемлекеттік үлесін FHS сатып алар кезде, Kcell акциялары белгісіз себептермен Қазақстан қор биржасында екі есе арзандап кеткен. Сонда, NEGE есебінше Kcell-дің 24 пайыз акциялары түріндегі мемлекеттік меншікті өзінің нарықтық құнынан 36 пайыз арзанға бере салған. Мемлекет шеккен шығын шамамен 24 миллиард теңгеге шақ.

Мемлекеттен заңсыз алынған активтерді кейінге қайтару бойынша комиссия «Kcell» компаниясына келгенде еш жұмыс жүргізбеді. Онысы бекер болды. Бұл жерден де көптеген қызық жайттар табылатыны анық.  

Тегтер: