«Ксell»-ді қайтар. Мемлекет НЕГЕ «Jusan bank»-пен басқаша сөйлесе бастады?
Бұған дейін Bloomberg мемлекеттің «Jusan bank» басшылығына «Kcell» акцияларының 10 пайызын алған бағасымен қайтару бойынша ультиматум қойғанын жазған болатын. Бүгін «Jusan bank» топ-менеджменті «мемлекеттің айтқанын орындаймыз» деген сыңайдағы сигнал берді. Оларда басқа амал жоқ еді.
2021 жылдың қыркүйек айында Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттық барысында мемлекетке қарасты «Қазақтелеком» өзіне тиісті Kcell акцияларының 24 пайызын сатып жібереді. Сатқанға дейін «Қазақтелеком» Kcell үлесінің 75 пайызын ұстап отырды. Келісімнен кейін 51% акциялары ғана қалған.
Фото: КазТАГ
Дәл осы операцияға қатысты үлкен сұрақ туындаған еді. Мемлекеттің акцияларды қайтар деп отырғаны, осы келісімнің заңсыз жолмен жүзеге асқанын айғақтайды. Сол кезде Қазақстанның миноритарлық акционерлер қауымдастығы (QAMS) ҚНРДА-дан Қазақстан қор биржасында 28-30 қыркүйек аралығында орын алған «Kcell» акцияларының саудасына қатысты тексеру жүргізуді сұраған болатын.
-
Тақырыпқа орай: Қазақстан қор биржасындағы қызықтар. «Kcell» акцияларына қатысты манипуляциялар НЕГЕ инвесторларды шошытып отыр?
Ол туралы QAMS өз сайтында да жазды. Ал оның ҚНРДАға жолдаған өтінішін Bloomberg жариялаған.
Естеріңізде болса, сол қыркүйекте Kcell ұялы байланыс операторының мемлекетке қарасты акцияларын FHS қаржылық тобы сатып алған болатын. Бұл топтың Тұңғыш Президент қорына бағынышты және "Jusan bank" иелері екенін айта кету керек. Kcell-дің мемлекеттік үлесін FHS сатып алар кезде, Kcell акциялары белгісіз себептермен Қазақстан қор биржасында екі есе арзандап кеткен.
Kcell акцияларының биржадағы біртүрлі құбылыстары. Дереккөз: Bloomberg
2022 жылдың ақпанында Қазақстанның миноритарлық акционерлер қауымдастығы ҚНРДА-ға осы мәселеге қатысты ресми сауал жолдайды. ҚНРДА арнайы тексеріс жүргізіп, Kcell акцияларымен жасалған 200-ден астам мәміленің бір күннің ішінде жасалғанын анықтаған. Және онда бағалы қағаздар нарығын манипуляциялау мақсаты тіркелді. Осы мәмілелер 2021 жылғы 1 маусым мен 1 қазан аралығында 11 заңды және екі жеке тұлғамен жасалған. Аталған тұлғаларға қатысты Әкімшілік кодекстің 259-бабы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар жасалып, берілген арыздар Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жолданған.
Манипуляция екені оның биржадағы құнын бірден арзандай бастағанынан көрінген еді. Nege.kz есебінше Kcell-дің 24 пайыз акциялары түріндегі мемлекеттік меншік өзінің нарықтық құнынан 36 пайыз арзанға сатылып кеткен. Ал шығын шамамен 24 миллиард теңгенің айналасында. Сол кезде мемлекет Назарбаев пен «Jusan bank»-тен оңбай ұтылған еді.
Бірақ мемлекет оңай жем болатын құрбан емес. Қазір мемлекет «тигрге» айналып кеткен. Сондықтан «Jusan bank»-пен басқаша сөйлесті және бір аптаның ішінде өзінің есесін қайтарып алмақ. «Жаңа Қазақстан» деген осы сияқты.