30 Желтоқсан 23:10

Қазақстан қор биржасындағы қызықтар. «Kcell» акцияларына қатысты манипуляциялар НЕГЕ инвесторларды шошытып отыр?

Фото:

Қазақстанның миноритарлық акционерлер қауымдастығы (QAMS) ҚНРДА-дан Қазақстан қор биржасында (KASE) биылғы 28-30 қыркүйек аралығында орын алған «Kcell» акцияларының саудасына қатысты тексеру жүргізуді сұрап отыр.

Ол туралы QAMS өз сайтында жазады. Ал оның ҚНРДАға жолдаған өтінішін Bloomberg жариялаған. Естеріңізде болса, сол қыркүйекте Kcell ұялы байланыс операторының мемлекетке қарасты акцияларын FHS қаржылық тобы сатып алған болатын. Бұл топтың Тұңғыш Президент қорына бағынышты екенін және Jusan bankке иелік ететінін айта кету керек. Kcell-дің мемлекеттік үлесін FHS сатып алар кезде, Kcell акциялары белгісіз себептермен Қазақстан қор биржасында екі есе арзандап кеткен, деп жазады Bloomberg.

Kcell акциялардың былайша құлдырауына еш фундаменталды себеп болмаған. Себебі, дәл сол кезде KASE эталондық индексі шамамен 14%-ға өсіп жатқан еді. QAMS ҚНРДАға жолдаған хатында «KASE-дегі Kcell акцияларының бағасы оның негізгі құнынан асып тұрды және тіпті Қазақтелекомды капиталдандырудан да жоғары болды» деп жазады.

«24% үлесті сату туралы шешім қабылданған кезеңде Kcell-дің KASE-дегі акциялары өзінің фундаменталды бағасына түсті»

Kcell акцияларының биржадағы біртүрлі құбылыстары. Дереккөз: Bloomberg

«Қазақстан қор биржасында манипуляция болды дегенге таң қалмаймын», - дейді, Nege.kz шолушысымен тілдескен TikMill халықаралық брокерлік тобының сарапшысы, экономист Арман Бейсембаев. «Бұл біздің қаржылық нарықта қалыптасқан практика».

«Бізде тіпті IPO кезінде мұндай қитұрқы әрекеттер жасалған болатын. Қазатомпром IPO-сын еске алсаңыз, оны өзіңіз де түсінесіз. Елде шынайы биржа нарығы жоқ кезде осылай болады»

Nege.kz есебінше Kcell-дің 24 пайыз акциялары түріндегі мемлекеттік меншік өзінің нарықтық құнынан 36 пайыз арзанға сатылып кеткен. ҚНРДА шынайы тексеріс жүргізіп, оны растай алатын болса, мемлекеттік бюджеттің қанша миллиард теңгеге зиян шеккенін анықтау қиын емес. Бұл жерде мемлекеттің ұтылып, Тұңғыш Президент қорына тікелей байланысты FHS тобы мен Jusan bankтің ұтып отырғанын байқауға болады. Бірақ банкирлерге мұндай тиімді контракт салық төлеушілердің, яғни сіз бен біздің есебімізден келіп отыр.

Дүниежүзілік банктің миноритарлық акционерлерді қорғау индексі бойынша Қазақстан Ұлыбританиямен қатар тұр. Бірақ мұндай эпизодтардан кейін еліміз өз рейтингін жоғалтуы ғажап емес.

Jusan bank Kcell-ді Kaspi.kz сияқты финтех платформа құрып, технологиялық ойыншы болу үшін сатып алған болатын. Бірақ әзірше Jusan bank тарапынан қандай да бір технологиялық серпілістер байқалмайды. Өкінішке орай, олардың топ-менеджментінде тума талант жоқ болғандықтан, қолдарынан әкімшілік ресурсты пайдаланудан басқа дым да келмеді.

Тегтер: