20 Қаңтар 15:49

Jusan bank «национализациясы». Банк НЕГЕ болашақта мемлекетке қайтуы мүмкін?

Фото:

«Jusan bank»-те өте қызық жағдайлар орын алған және банк оны сырт көзден барынша жасырып қалғысы келеді. Акционерлердің біртіндеп ақшасын банктен шығара бастауы оның болашағына деген күмәнді күшейте бастады.

Мысалы, «Jusan bank» пен оған иелік ететін «First Heartland Securities» компаниясының 2020 жылдың аудиттелген қаржылық есебін әлі күнге дейін жарияламағаны сарапшыларды таң қалдырып отыр. Енді, «2021 жылдың есебі жариялана ма?» деген сұрақ туа бастады. Қаржылық ұйымдар есептілік бойынша қабылданған ережені НЕГЕ бұзды?

«Jusan bank» акционерлері соңғы 2 жылда банктен дивиденд ретінде 115,6 миллиард теңге шығарып үлгерген. Бір қызығы, Ұлттық Банктің шоғырландырылған операциялық есебі бойынша, банк ондай пайда таппаған. Өздері қаржылық есептерін жарияламай отырғандықтан, ақпаратты басқа дереккөздерден іздеуге тура келді.

Қазақстан қор биржасының эмитенттер бойынша аудиттелмеген есебіне сай, банктің 2020 жылдың 9 айындағы акционерлерге тиісті табысы 8,2 миллиард теңге, ал 2021 жылдың 9 айындағы табысы 36,7 миллиард теңгені құраған. Тіпті ашық деректерде кездесетін 2019 жылдың аудиттелген есебіне көз жүгіртсек, банктің таза табысы 34 миллиард теңге болғанын анықтауға болады. Банк 3 жылда ондай пайда таппаса, акционерлері 115 миллиард теңгеден асатын қыруар қаржыны қалайша өздеріне аударып алған?

«Jusan bank» АҚ 2019 жылдың қортындысы бойынша аудиттелген қаржылық есебі. Аудитор: KPMG

«Jusan bank»-тің түпкі негізгі иесі – «Назарбаев Фонд» жеке қоры. Ол қорға көп жылдан бері Елбасының көмекшісі болған Ербол Орынбаев басшылық етеді. Қор «Jusan bank», Назарбаев университет пен Назарбаев зияткерлік мектептерін иелігінде ұстап отыр. Бір қызығы, Назарбаев университет пен Назарбаев зияткерлік мектептері тікелей мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылады. Мысалы, 2020-2022 жылдар аралығында Назарбаев университет бюджеттен 184 миллиард теңге, ал Назарбаев зияткерлік мектептері 66 миллиард теңге алуы тиіс.

Фото: 365info.kz

Сонымен бірге, «Назарбаев Фонд» «Цеснабанкті» сатып алып, оны «Жусанға» ауыстырар алдында оның барлық проблемаларын мемлекет есебінен шешіп алған болатын. Соның кесірінен мемлекеттік «Проблемалық кредиттер қоры» зор шығынға батып отыр.

Осыны ескерер болсақ, әрине, мемлекеттің өз қарамағына Назарбаев университеті мен мектептерін, тіпті «Jusan bankті» де қайтарып алуға толық құқығы бар.

«Бірақ, национализация біз үшін мүлде теріс жол», – дейді қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов. Оның сөзінше, барлығы құқықтық кеңістік аясында шешілуі тиіс.

«Национализация, тартып алудың барлығы мемлекетіміздің суверенді рейтингін құлдыратып жібереді. Инвестициялық климатымыз онсыз да нашар. Бізге оның одан әрі нашарлауы еш қажет емес»

«Jusan bank» төңірегіндегі әңгімелерге банктің ашықтығы, өз операциялары мен есептерін шынайы жариялауы тосқауыл қоя алар еді. Бірақ банктің өзі ашықтыққа дайын емес сияқты.

Осыған қарағанда, кезекті «Жусан операциясы» Сирияда емес, Алматыдағы Назарбаев даңғылында өтуі әбден мүмкін...

Тегтер: