Қазақстан Премьер-лигасының футбол клубтары бюджеттен шамамен 32 млрд теңге алған
Қазақстанда футболдан Премьер-лига маусымы аяқталды. Онымен бірге командаларға жұмсалған бюджет шығындарының есебі де шықты.
Алматы, NEGE. «Дядя Ваня» Telegram-арнасының дерегінше, 2025 жылы өңірлердің спорт басқармалары футбол клубтарына 26,7 млрд теңге бөлген. Ал квазимемлекеттік Sport Qory қоры қаржыландыратын «Астанаға» арналған қаражатты қосқанда, жалпы сома 31,9 млрд теңгеге ($59,4 млн) жетеді.
Бюджетке ең көп салмақ түсірген клубтар — «Ақтөбе» (4,43 млрд тг) және «Ордабасы» (3,55 млрд тг). Ал қаржыландыру көлемі бойынша үздік үштікті «Елімай» (2,77 млрд тг) түйіндейді. Семейлік клуб тарихында алғаш рет УЕФА Конференциялар лигасына жолдама алған болатын.
Ел чемпионы «Қайрат» дәстүр бойынша ең үнемшіл командалардың қатарында қалды. Алматы клубы әкімдіктен бар болғаны 750 млн теңге алған, оның өзі негізінен жастар мен балалар құрамаларына бағытталған. Негізгі бюджет кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың жеке қаражаты есебінен қалыптасады.
Ал елордалық «Астана», дәстүрге сай, Sport Qory қоры арқылы шамамен 5,3 млрд теңге ($9,8 млн) алады. Дегенмен нақты сома келесі жылдың көктемінде белгілі болады. Команда биыл маусымды екінші орында аяқтады.
Келесі жылы Қазақстан Премьер-лигасы 16 клубқа дейін кеңейеді. Түркістандық «Туран» жоғарғы дивизионнан кетіп, оның орнына «Каспий», «Ертіс» және «Алтай» қайта оралады.
Аймақтық футбол клубтарына бөлінген қаржы көлемі төмендегідей:
-
«Ақтөбе» – 4,43 млрд тг
-
«Ордабасы» – 3,55 млрд тг
-
«Елімай» – 2,77 млрд тг
-
«Қызылжар» – 2,0 млрд тг
-
«Тобыл» – 1,9 млрд тг
-
«Жеңіс» – 1,94 млрд тг
-
«Атырау» – 1,9 млрд тг
-
«Оқжетпес» – 1,8 млрд тг
-
«Жетісу» – 1,75 млрд тг
-
«Қайсар» – 1,92 млрд тг
-
«Қайрат» – 750 млн тг
-
«Ұлытау» – 744 млн тг