Пытырлатып сатуда. Тимур Құлыбаевтың активтерді сата бастауы НЕГЕ алып келеді?
Олигарх, Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев кезекті активін сатып жіберді. Оған тиісті «Joint Resourced» компаниясы «Шұбаркөл Премиум» акционерлік қоғамында ұстап отырған 67 пайыз үлесті басқа олигархтар - Кеңес Рақышев пен Шухрат Ибрагимовке аударды
Мәміле сомасы бойынша ақпарат жоқ. Бірақ «Шұбаркөл Премиум» соңғы жылдары шығын шегіп жүрген компания болатын. Биылғы жартыжылдықта Қарағандыдағы Шұбаркөл кенішінен көмір өндіріп жүрген компания 6,3 миллиард теңге шығынға батқан. Ал 2023 жылдың қорытындысы бойынша шығыны 4 миллиард теңгеден асты.
Тимур Құлыбаев кезінде өзінің бизнесін үш бағытқа бөлген еді. Банк бизнесі, шикізаттық мұнайгаз бизнесі, терминал, қойма, логистикалық бизнес. «Қаңтар оқиғасынан» кейін Тимур Асқарұлының ықпалы біршама азайып, «Жаңа Қазақстан» Құлыбаевтың көптеген активтерін өзіне қайтара бастады. Қазір оның мұнайгаз және қойма-логистикалық бизнесінде үлкен проблемалар бар. Тек банк бизнесі ғана аман тұр.
Мұндай жағдайда Тимур Құлыбаев өзі айрылып қалуы мүмкін және қаржылық қиындықтар басталған бизнестерін тез арада сата бастады. Қазақстандағы нысандармен қоса, шетелде конфискацияға ұшырау қаупі бар зәулім үйлерінен де құтылуға асықты.
2024 жылдың наурыз айында Тимур Құлыбаев Лондонның Мэйфэйр ауданындағы сарайын 34,7 миллион фунт стерлингке сатты. 2007 жылы ол бұл активті 25,8 миллион фунтқа сатып алған еді деп жазады Financial Times. Сонымен бірге, ол сатылған үйге жақын, Аппер-Гросвенор-стрит көшесіндегі көрші ғимаратты да сатуға шығарды. Одан кейін қазақстандық олигарх Беркширдегі Саннингхилл поместьесін де сатады деп күтілуде. Осылайша Құлыбаев Лондондағы жылжымайтын мүлік бизнесінен кетеді.
Тимур Асқарұлының шикізаттық бизнесі – «Joint Resourced» компаниясында да өзгерістер болатыны анық. Холдинг Шұбаркөлден айрылды. Ал келесі кезекте «Каспий мұнай» тұрған сияқты. Айранкөл кенішінен мұнай өндіретін компания Астанадағы AIX биржасынан кететінін жариялады. 2023 жылғы таза кірісі 43 миллиард теңге болғанымен, мемлекет «Каспий Мұнайға» 13 миллиард теңге көлемінде айыппұл арқалатқанын білеміз. Егер қысым жалғасып немесе компанияның қаржылық жағдайы нашарлай түссе, оның да сатылу мүмкіндігі жоққа шығарылмайды.
Бір тықыр таянғанын сезген Тимур Асқарұлы кадрларды жаңартып, ескі үзеңгілестерін жауапкершіліктен барынша жылыстатуды бастап кеткен еді. Ол «Joint Resources» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінен Раушан САҒДИЕВА, Әсел ТӨКЕЕВА мен Шолпан АЙНАБАЕВАНЫ шығарып жіберді. Әсіресе, Раушан Сағдиева Тимур Құлыбаевтың барлық бизнес құпияларын тым жақсы біледі. Сондықтан оның Сингапурға кетіп қалуына барлық жағдай жасалды. Енді Раушан Сағдиева Қазақстанға қайтпайтыны анық.
-
-
Тақырыпқа орай: «Крышаң» болса Қытайдан. Құлыбаевтарға Altyn Bank НЕГЕ керек?
-
Банк бизнесі де мәңгі емес. Қазір Құлыбаевтың қолында Халық банктің 69 пайыз үлесі мен Алтын банктің 40% акциясы бар. Осы бағыт оған ең көп дивиденд әкелуде. Бірақ жаңа салық кодексі бойынша банктер салығы 25 пайызға дейін өсетін болса, келесі жылдан бастап банктердің қазіргідей супер кіріс кезеңі аяқталады.
Болашақта Құлыбаевқа қарасты «АЛМЭКС» тобының Халық банк акцияларын сатуын да көріп қалуымыз ғажап емес. Бұл отандық қаржы саласындағы атышулы мәміле болып, нарық біраз уақыт бойы дүрлігер еді.