13 Қыркүйек 12:10
...

Ортақ өгіз бен оңаша бұзау. Тимченконың «запасной аэродромы» НЕГЕ шығынға батты?

Тимченко
Фото: Фото: Nege.kz

«Bereke Bank» басқарма төрағасы Андрей Тимченко 2022 жылы құрған «N1Broker» инвестициялық компаниясы 2023 жылды 379 миллион теңге шығынмен аяқтаған. Ал биылғы жарты жылдықта Ұлттық Банк статистикасы бойынша 187 миллион теңге минуста келеді.

Андрей Тимченко Ресей Украинаға соғыс ашып, артынан санкцияға ілінгенге дейін «Альфа-Банкті» тәп-тәуір басқарып тұрды. Алайда, «Альфа-Банк» санция тізіміне ілінгеннен кейін, банк алдымен өз атауын өзгертіп, артынан «ЦентрКредит» қаржылық тобына сатылды.

«Альфа-Банктен» кеткен сәтінде Андрей Тимченко «N1Broker» мен «N1Credit» компанияларын құрған болатын. Компаниялары қаржы нарығында жұмыс істеуге қажет барлық рұқсат қағаздарын алып жатқан кезде Тимченконы «Бәйтерек» холдингі Bereke Bank-ті басқаруға шақырады.

Отчет
Фото: "N1Broker" АҚ 2023 жылғы аудиттелген қаржылық есебі

«N1Broker» компаниясын басқаруды Андрей Тимченко сенімді басқарудағы тәжірибесі мол жалдамалы менеджер Николай Рузайкинге тапсырған болатын. Компанияның 2023 жылғы қаржылық нәтижесін есепке алудың қажеті жоқ.

Рузайкин
Фото: Николай Рузайкин. N1Broker

Себебі, операциялық, қаржылық және инвестициялық бағыттағы қаржы аударымдарына көз салсақ, құрылтайшы бөлген қаржыға материалды жабдықтар, кеңсе алынып, штаттағы қызметкерлердің жалақысы төленгенін көреміз. Нақты операциялық айналымға әлі шыға қоймаған. Сондықтан N1Broker инвестициялық стратегиясының тиімділігін 2024 жылдың қаржылық есебі шыққанда ғана бағалауға болады.

Осы айдың соңына дейін «Бәйтерек» холдингі Bereke Bank-ті қатарлық инвесторға сату мәмілесін толық аяқтап, оның акционерлігінен шығады. «Бәйтерек» өкілдері банктің директорлар кеңесінен де кетеді. Катарлық Lesha Bank Bereke Bank АҚ директорлар кеңесіне өз адамдарын әкелуі тиіс. Осы кезде басқармада өзгерістер бола ма деген сұрақтар туындайтыны анық. Нақты айтсақ, Андрей Тимченко Bereke Bank басқарма төрағасы қызметін сақтап қала ала ма?

Береке
Фото: Nege.kz

2023 жылдың қорытындысы бойынша Bereke Bank АҚ басқарма мүшелеріне сыйақы, жалақы түрінде 1,4 миллиард теңге аударды. Басқарма құрамына төраға Андрей Тимченко, орынбасарлары Алина Аникина мен Серке Қасеновті қосқанда барлығы 3 адам бар. Сол 1,4 миллиард теңгеден 2022 және 2023 жылдары өкілеттіктерін тоқтатқан банктің директорлар кеңесінің бұрынғы мүшелеріне өтелмеген сыйақылар да төленді. Біздің ойымызша, Андрей Тимченко қазір банктен түсіп жатқан табысқа N1Broker бойынша бизнесін біршама уақыт қамтамасыз етіп тұра алады.

Андрей Тимченко – Қазақ ұлттық университетін бітірген заңгер, отандық банкир. 25 жылдық тәжірибесі бар. 19 жыл бойы түрлі банктерді басқарып келеді. Оны шыңдаған, маман ретінде танытқан «Казкоммерцбанк» қаржы ұйымы болғанын айта кету керек. «Казкомға» Тимченко өз ғұмырының 15 жылын арнады. Енді «Берекеде» қанша жүрерін көреміз...