Парижден кейінгі алғашқы дода: Қазақ боксшылары Шымкенттегі халықаралық турнирде бақ сынайды
Париж Олимпиадасынан кейін біраз үзіліс алған қазақ боксшылары шаршы алаңға қайта оралмақ. Ұлттық құраманың үздіктері Шымкентте өтетін Қарақозы Әбдәлиевті еске алуға арналған халықаралық турнирде бақ сынайды. Осымен 43-рет өткізілетін бәсеке биыл бас команданың көшбасшыларынан бөлек, шетелдік былғары қолғап шеберлерінің де басын қоспақ, деп хабарлады Olympic.kz.
Алматы, NEGE. Кеңес Одағының батыры Қарақозы Әбдалиевті еске алуға арналған турнир дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Алайда, биылғы доданың деңгейі бөлек. Шымкент төрін дүбірге бөлейтін сында ұлттық құрама бапкерлері біраз мәселенің басын қайырмақ.
Одан бөлек, биыл аталған турнирдің жоғары дәрежеде өтуіне қалалық спорт басқармасынан бөлек, Қазақстан бокс федерациясы да білек сыбана кірісуде.
«Шымкенттегі турнирде Амманда (Иордания) өтетін Азия чемпионатына қатысатын боксшыларды іріктейміз. Сондай-ақ, бұл бәсекеге Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Украина құрамаларынан спортшылар келеді.
Түркия және Египет құрамаларымен де келіссіөздер жүріп жатыр. Украина сапынан Александр Хижняк қана келе алмайды. Қалған бірінші нөмірлі боксшылары тегіс қатысады. Турнирге шетелден төрешілер шақырып жатырмыз. Бұл жарыс деңгейінің биіктеп, турнирдің ашық өтуіне жасалған қадам. Төрелік әділ болған жерде, бәсекелестік те биіктейді.
Тағы айта кететін бір жайт бар. Азия біріншілігіне дейін халықаралық жарыстар күнтізбесінде қандай да бір ірі дода жоқ. Олимпиададан кейін барлығы демалыс алған. Боксшыларымызды бабында ұстап, олардың әлеуетін тағы бір сынап көру үшін еліміздегі турнир статусын көтеріп жатқан жайымыз бар», - деді Қазақстан бокс федерациясының Атқарушы директоры Рауан Игенев.
Қарақозы Әбдәлиевті еске алуға арналған турнирге Қазақстаннан төрт құрама қатысады. Ұлттық құраманың бірінші нөмірлі боксшылары арасынан Асланбек Шымбергеновтен басқалары түгел жиналмақ.
«Асланбек Шымбергенов осы жаттығу жиынына денсаулығына байланысты қатыса алмады. Сондықтан, Әбдәлиев турниріне де үлгермейтін шығар. Қазақстан біріншілігіне қарай дайын болады деген ойымыз бар. Ол мансабына қатысты ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. Сол себепті, Шымбергенов ұлттық құрамада қалатынын айтқым келеді.
Сондай-ақ, Қамшыбек Қоңқабаев (+92 келі) пен Нұрбек Оралбай (80 келі) да бұл турнирден сырт қалады.
71 келіде кәсіби бокстағы өкіліміз Абылайхан Жүсіпов құрамаға қайта оралды. Спортшымыз бұл турнирге қарқынды дайындалуда. Жақында команда капитаны болып сайланған Айбек Оралбай аса ауыр салмаққа ауысты. Айбекті осы салмаққа бейімдей берсек деген ойымыз бар.
Махмұд Сабырхан 54 келіде, Сәкен Бибосынов 51 келіде жұдырықтасады. Әлем чемпионатынан кейін көп жарыстан сырт қалған Санжар Тәшкенбай да сапта. Қазақстан командасының төртінші құрамына дейін бұл жарыста бақ сынайды. Алғашқы екі орын иеленгендер әрі қарай жаттығу жиындарына қатысып, содан соң Азия біріншілігіне баратын құрамды жасақтаймыз. Бізге Азия чемпионатына қатысқан соң, тек жеңіске жету керек», - деді Игенев.
Қарақозы Әбдәлиевті еске алуға арналған турнир 29 қыркүйек пен 5 қазан аралығында Шымкент қаласында өтеді.
Айта кетелік, бұған дейін бас бапкер Қайрат Сәтжанов Шымкенттегі турнирдің маңыздылығы туралы айтқан болатын.
"Олимпиада ойындары аяқталған соң, бокстан ересектер командасы қандай да бір жарысқа қатысқан жоқ. Алдағы уақытта Қарақозы Әбдәлиевті еске алуға арналған ірі халықаралық бәсеке өтеді. Бұл додада ұлттық құрама спортшыларының барлығы да бақ сынап көреді.
Турнирге дейін Түркістан облысындағы «Алма тау» базасында Украина құрамасымен бірлескен жаттығу жиынын өткіземіз.
Бір айта кетерлігі, халықаралық турнирге Түркия, Өзбекстан, Тәжікстан сынды мемлекеттерден спортшылар келеді. Осы турнир ұлттық құрама боксшылары үшін алдағы Азия біріншілігіне іріктеу болатынын еске саламын", - деді Сәтжанов.