19 Қыркүйек 17:32

Баланы кибербуллингтен қалай қорғауға болады? - Сауалнама нәтижесі

киберқауіпсіздік
Фото: ғаламтордан

Интернет пен әлеуметтік желі дамыған уақытта балалардың онлайн қауіпсіздігін сақтау мәселесі күн тәртібінде тұр. Шын мәнінде, бүгінгі балалар интернет кеңістігі арқылы ақпаратты қалай іздеуді, қосымшаларды жүктеуді, әлеуметтік желіде «дос» табуды жақсы меңгерген. 

Тіпті, «суда жүзген балықтай» дерсің. Алайда, балалар желідегі буллингтен қорғалған ба? Ата-ана баланың қаншалықты қауіпсіз екенін, қауіптен алдын ала қалай қорғауға болатынын біле ме?

Бүгін «Касперский зертханасы» балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы зерттеу жүргізіп, сауалнама нәтижесін жария етті. Оған 1 мың ата-ана мен 8-18 жас арасындағы жасөспірімдер қатысқан. Мәселен, балалардың 74 пайызы – TikTok, 59 пайызы – YouTube, 57 пайызы –  Instagram желісін пайдаланады. Олардың 62 пайызы күлкілі бейнежазбалар мен мемдерді қараса, 59 пайызы онлайн ойында отырады. Ал 53 пайызы достарымен хат алмасса, 52 пайызы фильдер мен сериал көріп, музыка тыңдайды. Сондай-ақ, 39 пайызы әлеуметтік желіні білім алуға қолданса, 26 пайызы ойын, ауа райы, фильм туралы ақпарат іздейді екен. Келесі 11 пайызы жаңалықтар оқиды.

«Касперский зертханасы» балалар онлайн қауіпсіздігі бағытының жетекшісі Андрей Сиденконың айтуынша, Қазақстандағы әрбір жиырмасыншы ата-ана кем дегенде баласын қорлауға қатысты, яғни буллинг жасаған бір оқиғаны біледі. «Айталық, ата-ананың 5 пайызы мұндай жағдайдың бала өмірінде бір рет болғанын мойындаса, ал 3 пайызы баласы немесе оның достары бұл үшін әлеуметтік желілерде топ құрғанын хабарлады. Бір айта кетерлігі, ата-ананың өзі бұдан бейхабар екенін айтады» дегенді жеткізді.

Балалар онлайн қауіпсіздігі
Nege

Шынтуайтында, интернеттің пайдасы да, зияны да шаш-етектен. Себебі, кибербуллингтің құрбанына айналған баланың бойында түрлі өзгеріс жүреді. Қазіргі тілмен айтқанда, психологиялық жарақат алып, ұзақ уақыт депрессияның шырмауына түсіп кетуі де ғажап емес. Бұған жол бермес үшін ата-ана үнемі баламен кибербуллингтің қауіпті екенін талқылап, интернет кеңістігінде агрессиядан аулақ болуға үйретуі керек.

Андрей Сиденконың пікірінше, ата-ана мына кеңестерді естен шығармаған жөн.

Балаға цифрлық сауаттылық пен этикет ережелері, сондай-ақ киберқауіпсіздік саласындағы негізгі ұғымдар туралы айту;

Овершерингтің артық тәуекелдері туралы ескерту, яғни жеке деректерді, фотосуреттер мен бейнелерді желіде шамадан тыс жариялау. Оларды кибербуллинг немесе бопсалау үшін де қолданылуы мүмкін.

Егер бала кибербуллингке тап болса, агрессорға жауап берудің қажеті жоқ екенін түсіндіріңіз, онымен диалог жүргізіп, ақталудың қажеті жоқ. Ең тиімді қару – үнсіздік. Сондықтан жәбір көрсеткісі келген адамды бірден бұғаттаған дұрыс.

Балаға көптеген адам, соның ішінде әлемдік жұлдыздардың кибербуллингпен бетпе-бет келіп отырғанын мысалдар келтіре айтып беру.

Баланы онлайн қауіптерден қорғауға және олардың онлайн әрекеттерін бақылауға көмектесетін ата-ана бақылауы үшін Kaspersky Safe Kids сияқты шешімді пайдалануға болады.

Әрбір бесінші ата-ана баласының әлеуметтік желідегі өмірінен бейхабар

Қазақстандағы әрбір бесінші (19%) ата-ана баласының әлеуметтік желілердегі жеке парақшасында қандай ақпарат бар екенінен хабарсыз. Жалпы, балалар әлеуметтік желіге қанша жастан бастап тіркеледі? Қазір мектепке дейінгі жастағы баланың өзінде аккаунт бар.

Сауалнамаға қатысқандардың жартысынан көбі баласының өзі басқаратын әлеуметтік желілерде жеке парағы бар екенін хабарласа (56%), 4-6 жастағы әрбір жетінші баланың жеке парақшасы бар (14%). Жас үлкейген сайын, әлеуметтік желіде белсенділігі де соғұрлым артады. 7-11 жас аралығындағы балалардың 44 пайызы, 12-15 жастағы жасөспірімнің 78 пайызы, 16-18 жастағылардың 84 пайызы жеке парақша ашқан.

Балалар
Nege

Ал енді олар не жариялайды? Сауалнамаға жауап берген ата-аналардың айтуынша, әрбір екінші бала (49 пайызы) жеке фотосуретін, ал кейбірі (9 пайызы) өзі тұратын пәтердің көрінісін салады екен. Әрбір төртінші бала (24 пайызы) парақшасына ұялы телефон нөмірін көрсетеді.

«Балалар әлеуметтік желілерді тек қарым-қатынас құралы немесе бос уақытын өткізу үшін ғана емес, өз ойын білдіру үшін де пайдаланады. Олар өміріндегі маңызды сәттерді бөлісуге құмар. Алайда, бала желіде кездесетін қауіптер туралы әрдайым ойлай ма? Егер көпшілікке қолжетімді жеке ақпарат көп болса, ұрымтал сәтті пайдаланатындар алаяқтық немесе бопсалау мақсатында қолдана алады. Сондықтан ата-аналар балаларға желідегі қауіпсіздік ережелері туралы әркез айтып, белгілі бір сақтық шаралары қажет екенін түсіндіруі керек. Мұның шешімі ата-ана қадағалау тетігін қосып қою. Мысалы, баланы толық бақылауды орнатпай-ақ қорғауға арналған бағдарлама іске қосылған. Егер ересек пайдаланушы хабарлама жазса, Kaspersky Safe Kids қосымша хабарлама жібереді», – дейді «Касперский зертханасының» балалар онлайн қауіпсіздігі бағытының жетекшісі Андрей Сиденко.

Әрбір оныншы ата-ана баласының қателігінен ақша жоғалтқан

Қазақстандағы әрбір оныншы ата-ана балаларының желідегі қателіктері салдарынан ақшасын жоғалтқан. Бұл әдетте цифрлық сауаттылықтың жеткіліксіздігінен туындайды, сондықтан баламен интернетте қауіпсіз ережелерін талқылау маңызды.

Желідегі балалардың қателігі әрқашан сыртқы қауіптермен, атап айтқанда онлайн алаяқтық сияқты дүниелермен байланысты бола бермейді. Бала ата-анасының банктік картасынан ақылы сынамалық жазылым жасай алады, егер ол уақытында жойылмаса, ақша алуды жалғастырады. Немесе интернет-дүкеннің себетіне ересектердің аккаунтынан кейбір заттарды қосып қоюы мүмкін.

Сауалнама көрсеткендей, көптеген балның ата-аналары пайдаланатын қызметтерге қолы жетімді. Мысалы, ата-ананың 15 пайызы балаларының онлайн кинотеатды пайдалана алатынын жеткізген. Олардың 17%-ы небәрі 4-6 жаста, 13%-ы – 7-11 жаста.

Демек, интернеттегі балалардың қателігі кейде отбасылық бюджетке айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін. Қазақстанда сұралған ата-ананың 11 пайызы 16 мыңнан 40 мың теңгеге, 6 пайызы 40-80 мың теңгеге дейін, 3 пайызы 80-400 мың, 2 пайызы – 400 мың теңгеден астам шығынға ұшыраған.

«Цифрлық әлемде, нақты өмірдегідей, қауіпсіздік ережелері бар. Балаларды қауіп-қатерден қорғау үшін оларды ерте жастан бастап цифрлық сауаттылық негіздеріне үйрету маңызды. Бұл жерде жол қозғалысы ережелерімен ұқсастықты мысалға келтіруге болады. Онлайн алаяқтық туралы айтып қана қоймай, қаржылық сауаттылық дағдысын сіңіруіміз керек», – деп түсіндірді Андрей Сиденко.

Бұл мәселе бізді ғана емес, әлем елін алаңдатып отыр. Қазақстан, Орталық Азия және Моңғолиядағы «Касперский зертханасының» басқарушы директоры Валерий Зубанов желідегі балаларды қорғау жайы, осыған қатысты жобалар халықаралық деңгейде көтеріліп жатқанын мәлімдеді.