14 Қыркүйек 01:24

Президенттер портреті. Зеленский. Президент Зе!

Украина президенті
Фото: Коллаж: NEGE

2019 жылы көктемде украин халқының тағдырын түбегейлі өзгерткен сайлау болды. Кезекті президенттік сайлау. Екі турдың нәтижесі бойынша шоумен, актер, комик Володимир Зеленский президент болып сайланды. Ал Петр Порошенко жеңілгенін мойындады.

Болмай қалған дипломат

В.Зеленский 1978 жылы 25 қаңтарда Украинаның Кривой Рог қаласында дүниеге келген. Ұлты еврей. Әкесі Александр Зеленский математик, программист, техника ғылымының докторы болған. Ол жиырма жылға жуық Монғолияда жұмыс істеп, Эрденет қаласында кен байыту комбинатын салған. Володимр де соңғы төрт жылда әке-шешесімен бірге Моңғолияда тұрып, бірінші класты сонда бітірген. Одан соң Кривой Рог қаласына қайта оралып, ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын мектепті тәмамдапты.

Украина президенті
В.Зеленский әкесімен. Фото: ғаламтордан

Володимир бала күнінен-ақ белсенді болғанға ұқсайды. Мектепте грек-рим күресімен, ауыр атлетикамен айналысыпты. Мектеп ансамблінде гитарист болған. 16 жасында Израильде тегін оқу грантына ие болғанымен, әкесі рұқсат бермеген. Осылайша Володимир 1995 жылы Украина мектеп бітірген. Мектеп бітіретін жылы дипломат болуға бел буып, Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтына дайындалады. Бірақ Киев ұлттық экономикалық университетінің бөлімшесі Кривож экономика институтына түсіп, оны 2000 жылы бітіріп шыққан, алайда мамандығы бойынша бір күн де жұмыс істемеген көрінеді.

«КВНщик»

Володя Зеленский 11 класс оқып жүргенде-ақ КВН командасын ұйымдастырып, өз мұғалімдерін ұтып алған екен. Ал студент кезінде «Молодой Кривой Рог» командасында ойнап, кейін «Запорожье – Кривой Рог – Транзит» командасына шақырту алған. «Квартал-95» студиясындағы әріптестері Денис Манжосов, Юрий Крапов, Александр Пикаловтармен осы кезде таныстықтары басталыпты. 1997 жылы «Запорожье – Кривой Рог – Транзит» чемпион болған соң Зеленский «95-й квартал» деп аталатын жаңа команда құрып, әзілдерді өзі жаза бастайды.

1998-2003 жылдары «95-й квартал» КВН Жоғарғы лигасында ойнады. Бұл кезеңдерге команда мүшелері Мәскеуде тұрды және ТМД елдеріне жиі гастрольге шығатын еді. Осы команданың құрамында В.Зеленский КВН Жоғарғы лигасының жартылай финалына дейін жетті.

КВН
"КВНщик" Зеленский. Фото: ғаламтордан

2003 жылдың соңында Украинаның «1+1» телеарнасы «95-й квартал» командасына ең үздік номерлерін жинақтап, концерт қою туралы ұсыныс айтады. 2004 жылдан бастап команда осы жаңа жобаны қолға алады. Володя ол кезде «Мистер Кук» деп аталатын аспаздық шоуды жүргізетін, содан тапқан ақшасын ортақ жобаларға құйған. Осылайша 2005 жылы «Интер» телеарнасында «Вечерний квартал» телешоуы басталды. Шоудың басты идеологы да, авторы да, режиссері де Зеленскийдің өзі болды. Телешоу тез арада танылып, Украинада КВН мен «Камеди Клабтың» өзін басып озыпты. Бірте-бірте «95-й квартал» барлық жағынан өсіп, бүгінгі «Квартал-95» студиясына айналды.

Тағдырға айналған рөл

2004-2019 жылдар аралығында Зеленский жиырмаға жуық киноға түсіп, ондаған фильмге сценарий де жазған. Дубляж актері ретінде танылғаны да бар. Онда британдық режиссер Пол Кингтің фильмінде Паддингтон қонжығының дауысын салды.

Алайда Зеленский түскен кино-сериалдардың ішіндегі ең танымалы әрі тағдыршештісі – «Слуга народа» сериалы. Сериалдағы басты рөл – аяқ астынан президент болып кететін тарих пәнінің мұғалімі Василий Голобородьконы В.Зеленский ойнайды. Сериалдың қысқаша сюжеті мынадай: Киевтегі мектептердің бірінде тарих пәнінен сабақ беретін Голобородько Украинадағы жемқорлық пен тұралаған экономика туралы жалындай сөйлейді. Мұны оқушылардың бірі смартфонына түсіріп алып, интернетке салып жібереді. Әлгі видеоның вирусқа айналғаны соншалық, мұғалімнің жақтастары көбейіп, президенттік сайлауға түседі де, сайлауда жеңіп шығады.

Президент
Фото: ғаламтордан

Бұдан әрі саяси комедияда Голобородьконың президент ретінде жемқорлықпен қалай күрескені суреттеледі. Олигархтардың ықпалы, элита арасындағы тартыс, құқық қорғау жүйесіндегі кемшіліктер де баяндалады. Президент Голобородько жұмысқа велосипедпен барады. Сериал да дәл осы сценамен басталады.

2019 жылы New Yorker журналына берген сұхбатында В.Зеленский былай депті: «Саясат – нашар киноға ұқсайды: адамдар әсірелеп жібереді, тым тереңге кетеді. Саясаткерлермен кездескенде олардың көздерінен, сөзінен, күмілжуінен әрдайым осыны байқаймын».

Зеленскийдің өзі де кинодағы кейіпкерінің тағдырын қайталады. Студия сахнасынан саяси сахнаға күтпеген жерден топ ете қалды.

Саяси мансабы қалай басталды?

«Зеленскийдің саяси мансабы қашан басталды?» деген сұраққа әркім әртүрлі жауап берері анық. Біреулер оның саясаттағы алғашқы қадамын «Квартал-95» студиясында жасағанын айтады. Ал енді біреулер 2013-2014 жылдардағы саяси дағдарыспен – Ресейдің Қырымды аннекциялау кезеңімен байланыстырады. Бұл екі пікірдің де жаны бар.

Біріншіден, Зеленский өзінің студиясы арқылы өткір мәселелер көтеріп, сол арқылы танымал болды, халықтың көңілінен шықты. Екіншіден, Ресей мен Украинаның арасы суи бастаған 2013-2014 жылдары аса белсенділік танытты. Киевтегі тәуелсіздік алаңында шерушілер алдында жалындап сөз сөйледі, оларды батыл қолдады. Украин армиясына қолдау көрсетті, жауынгерлермен кездесті, жараланғандардың қалын сұрап ауруханаларды аралады, концерттен түскен қаражатты әскерге аударды. Міне, «Зеленскийді «аспаннан салбырап түсті» дейтіндердің бір қателестін тұсы – осы.

Президент
Фото: ғаламтордан

2016 жылы Зеленский саяси партиясын құрды. Бастапқыда партиясын «Шешуші өзгерістер партиясы» («Партия решительных перемен») деп атағанымен бір жылдан соң «Слуга народа» деп ауыстырды. Ал 2018 жылдың соңында Зеленский «Слуга народа» партиясының Рада (Парламент) сайлауына қатысатынын мәлімдеген болатын. Алайда 31 желтоқсан күні, Жаңа жылға санаулы минуттар қалғанда украина халқына үндеу жасап, президенттік сайлауға түсетінін мәлімдеді.

Президент Зе!

2019 жылдың 21 қаңтарында «Слуга народа» партиясы Владимир Зеленскийді ресми түрде президенттік сайлауға кандидат ретінде ұсынды, ал сайлау 31 мамырда өтті. Дәл сол тұста Зеленский кандидаттар рейтингінде «Батькивщина» партиясының лидері Юлия Тимошенкодан кейін екінші орында тұрған. Алдын ала зерттеуге қарағанда, Тимощенконы сайлаушылардың 19,3%-ы қолдаса, Зеленскийге халықтың 12,9%-ы дауыс беруге дайын болған.

Зеленскийдің сайлауалды бағдарламасында «Донбастағы қақтығыстарды тоқтатуға күш саламын, экономиканы қалыпқа келтіремін, жемқорлықты жоямын, мемлекеттік жүйені жөнге саламын» дегені бекер емес. Халыққа да керегі осы еді. Тағы бір сұхбатында Зеленский былай деген: «Адамдардың өмірін сақтап қалу үшін сайтанмен келісуге де дайынмын. Атысты тоқтатып, елді дамыту үшін алғашқы қадам жасауымыз керек».

Бірінші турда Зеленский 30,24% дауыс жинап, сол кездегі президент Петр Порошенконы (15,95%) екі орады. Кандидаттардың ешбірі 50 пайыздық межеден аса алмағандықтан екінші тур болды. Екінші турда Зеленскийге сайлаушылардың 73,22 пайызы дауыс беріп, ол жеңіске жетті.

Президент
Фото: ғаламтордан

Инаугцрацияның ертеңінде Зеленский Жоғарғы раданы таратып, кезектен тыс сайлау жариялады. Ол мұның себебін «халықтың парламентке деген сенімі азайды» деп түсіндірді.

2019 жылдың 11 шілдесінде В.Зеленский мен В.Путин алғаш рет телефонмен сөйлесіп, Донбастағы жағдайды талқылады, тұтқын алмасу жайын сөйлесті. Осы жылы Парижде өткен «Норманд төрттігі» (Ресей, Украина, Германия, Франция) саммитінде Зеленский мен Путин алғаш рет кездесті. Бұл – Зеленский президент болғалы Путинмен алғашқы және әзірге соңғы кездесуі.

Кездесу барысында екеуі кейбір мәселелердің түйінін тапқандай болған. Алайда Украина конституциясы бойынша Донбасқа ерекше мәртебе бекітіп беру мәселесі шешілмеген күйі қалды. Осы кездесуден соң Зеленский конституцияны өзгертпейтінін, Украинаны федерализация жасауға көнбейтінін мәлімдеді. Сонда да ел ішінде президентке сын айтушылар көбейді. Оны «Мәскеуге тым жалпақтап, Путиннің дегеніне көнді» деп айыптады.

2020 жылы мамырда Зеленский Украинаның еуроатлантикалық интеграция жөніндегі бағдарламаға қол қойды, бағдарламаның негізгі мақсаты – Украинаны НАТО мен Еуроодақтың толыққанды мүшесі жасау. 2021 жылы маусымда Зеленский немістің Frankfurter Allgemeine Zeitung басылымына сұхбат беріп, Ресейді «Украинаға ғана емес, бүкіл Еуропаға төнген қауіп» деп атады және қорғану үшін әскери көмек сұрады. Осылайша соғыс өрті Киевке жақындай түсті.

«Арнайы әскери операция» деп аталатын соғыс

2022 жылы 23 ақпанда Ресей әскері Украина жеріне тереңдеп кіргенде Зеленскийді «Киевтен қашып кетті» деген гу-гу тараған. Алайда Украина президентінің кеңсесі мұны жоққа шығарып, Зеленскийдің «соңына дейін украин халқымен бірге болатынын» мәлімдеді. Дегенмен жағдай қатты шиеленіскен сол тұста Зеленскийге «елден кет» дегенді АҚШ, Ұлыбритания, Түркия сынды мемлекеттер айтыпты, бірақ ол ешқайда кеткен жоқ. Керісінше, Киевтің орталығында тұрып халыққа үндеу жасап, мемелкетті қорғауға шақырды.

Президент
Фото: ғаламтордан

Соғыс басталғалы бері Зеленскийдің беделі күрт артып, әлемдік деңгейдегі тұлғаға айналды. Түрлі бейнеүндеулер жасап, баспасөз мәслихаттарын өткізді, халықаралық ұйымдардың мінберінде сөз сөйледі, тіпті «Грэмми» сыйлығын табыстау кезінде Зеленскийді тікелей эфирге қосты.

Британдық Times газетінің жазуынша, соғыс басталғанға дейінгі уақытта Зеленскийге үш рет қастандық жасалған. Бәрін де қауіпсіздік қызметі тоқтатыпты.

Міне, Зеленскийдің өмірінде болған қым-қуыт оқиғалар мен Ресейдің Украинаға қарсы бастаған соғысы бір кездердегі күлдіргі «комик Зені» бүкіл әлем таныған қабағы қатулы «президент Зеге» айналдырды.

«Сопрезидент»

Президент Зеленский туралы айтқанда оның әйеліне тоқталмай кетуге әсте болмайды. Елена Зеленская Украинаның бірінші ханымы атанғанға дейін «Квартал-95» студиясында автор, соавтор және сценарист болған. Мәселен ол 2009 жылы шыққан «Как казаки» комедиялық мюзиклын жазған, сондай-ақ ол атышулы «Слуга народа» сериалының соавторы. Мына қызықты қараңыз, «Слуга народа» сериалындағы президент болған мұғалім Голобородьконың образын дәл осы Елена Зеленская жасап шығыпты...

Президенттің әйелі
Фото: ғаламтордан

Қазір В.Зеленскийдің қалай президент болғанына қатысты болжам көп. Біреулер мұның себебін оның ұлтынан іздесе, енді біреулер «ескі биліктен жалыққан халық өзі таңдады» дейді. «Әйелі мықты» дейтіндер де бар. Қалай болғанда да Зеленский алты жылдан бері президенттік лауазымын от пен оқтың ортасында атқарып келеді.

Ал енді Зеленский тарихта қандай президент болып қалады? Жеңімпаз ұлттың лидері болып қала ма, әлде мемлекетін құрдымға жіберген жағымсыз басшы болып қала ма? Мұны соғыстың соңғы нәтижесі шешеді.