«Ішкі мәдениеті кемшін адам ешуақытта шындықты айта алмайды» – Алтынбек Сәрсенбайұлы
Бүгін – қазақ халқының қайраткер тұлғасы, саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының туған күні. Саясаткер он тоғыз жыл бұрын саяси террордың құрбаны болмағанда бүгін 62 жасқа толар еді...
Алтынбек Сәрсенбайұлының саяси мұрасы болашақ үшін шамшырақ іспетті. Олай болатын себебі ширек ғасырға жуық уақыт бұрын айтқан ой-толғамдары дәл бүгінгі күнге арналғандай маңызды әрі құнды. Сәрсенбайұлының саяси мұрасының өміршеңдігі де содан болса керек.
Саясаткердің сұхбаттары мен мақалаларында айтқан өткір пікірлерін, кейбір ой-толғамдарын туған күніне орай NEGE-нің көзі қарақты оқырмандарына қайталап ұсынғанды жөн көрдік.
***
Бүгінгі күнгі мақсат – жау іздеу емес, пікір тоқайластыратын жер іздеу. Басты және негізгі міндет – көп болып қимылдап, мемлекетті нығайту, тәуелсіздікті сақтап қалу.
***
Егер кез келген билікті кез келген жолмен билік басына әкеліп, қондырғы құсатып қоя салсақ, ондай билік қанша жерден «мықты» болса да, орнықты бола алмайды. Өйткені оның халыққа қатысы жоқ, халықтың оған қатысы жоқ.
***
Өкпешіл адам – өлмеші саясаткер.
***
Таң азаннан қара кешке дейін президентті сұңқылдап мақтай беру адалдықтың және дәйектіліктің белгісі демеңіз. Бұл – жағымпаздар мен жалпақбайлардың ісі.
***
Менің ойымша, біздің президентке ешқандай да мұрагер іздеп қажеті жоқ. Ол барлық конституциялық жаңартуларды аяқтасын, өзінің жаңа лидерін өзі таңдап алатын дұрыс қоғам қалыптастырсын. Тек осындай «қоғамдық өнім» ғана тұрақтылықтың кепілі бола алады. Қазақстан жағдайында «мұрагерлерден» ешқандай пайда да, кепілдік те жоқ...
***
Тұрлаулы, ұстамды жолды таңдаған саясаткер үлкен өзгеріске міндетті түрде қол жеткізеді.
***
Ұлт мемлекеттің тірегі болсын десек, қазақ халқы қала халқына айналуы тиіс. Сонда ғана қазақ тілі мемлекеттік тіл болады.
***
Әкем мен шешем мені үш-ақ өсиетпен тәрбиеледі. Ес біле бастағанда, «Балам, сен мені қанжығаңа байлап жүрмейсің» дейтін әкем. Кейін оқуға түсіп, басқа ортаға түсе бастағанда, «Балам, өзіңе өзің сақ бол, көршіңді ұры тұтпа» деп айтатын. Жоғарғы билікке араласа бастағанда, «Балам, алдыңнан артың таза болсын» дейтін.
***
Тәуелсіз еліміздің азаматтары тәуменді болса, тәуелсіздіктен қадір кетеді.
***
Уақытында айтылмаған шындықтың қадірі жоқ.
***
«Әрбір адамның тағдыры оның мінезіне байланысты», – дейді Ф.Аттар. Ал мінезді қалыптастыратын не нәрсе? Меніңше, мінезді қалыптастыратын нәрсе – мәдениет. Ішкі мәдениет. Ішкі мәдениеті кемшін адам ешуақытта шындықты айта алмайды. Үлкен мәдениетті игерген адам әманда шындықтың жағында болады. Өйткені, шындықты айтпау – үлкен мәдениетсіздік.
***
Мемлекетіміз бай болса, халқымыз неге кедей? Меніңше, енді қалың бұқара осы сұраққа бас қатыра бастайды.
***
Жалпы, бізде көп нәрсенің сұрауы жоқ. Халық үндемейді, оны билік те әбден біліп алған. Басқаша айтсақ, қазақтың көнбістігі оның проблемасына айналып отыр.
***
Парламентке азаматтық ары биік, адал жандар ғана өтсін. Ол әділ сайлау жағдайында ғана мүмкін болатын нәрсе.
***
«Қазақтар саяси реформаға дайын емес» деген сөз – ұлтымызды «ақыл-есі дұрыс емес» деп айтқанмен бірдей.
***
Тұрмыс тұрақталған сайын агрессивті ақпараттың тұтынушылары азаяды, бұл – өмір дәлелдеген шындық.
***
Қазақты кедейшіліктен құтқарудың жалғыз жолы – демократия.
***
Менің ұғымымда ұлттық идея, ол – нақтылы ұғым. Ол ұлтты жетілдірудің жолы. Ұлттық идеяны ұлттық мүддеден іздеу керек.
***
Тұрақтылықты зәкір жасап, оны тастап қойып, белгілі бір биліктің мүддесі үшін қоғам дамуын тежеу замана заңдылығымен үйлеспейді.
***
Қазақстанның маңдайына үздіксіз даму ғана жазылған. Үздіксіз даму арқылы біз өзімізді ұлт ретінде сақтай аламыз.
***
Президенттің айналасындағылар, бәлкім президенттің өзі де, алдағы уақытта авторитаризмді күшейту арқылы, яғни азаматтардың еркі мен құқына қысым жасау арқылы билікті ұстап тұра аламыз деп ойлайтын көрінеді. Бірақ, бұл – өте сорақы және кешірілмес қателік!
***
Жасырып-жабатын не бар, біздің шенеуніктеріміз Қазақстанды феодалдық-азиаттық үлгімен басқарып, еуропалық үлгімен өмір сүргенді ұнатады.
***
Билік пен қоғам арасындағы тым үлкен алшақтықтың кесірінен халық өзін қажетсіз, пайдасыз зат ретінде сезіне бастады, сөйтіп өзера немкеттілік пен жиіркеніш пайда болды.
***
Дұрыс міндеттер қоя алмаған режим пайдасыз әрі зиянды құбылыстарға тап бола береді.
***
Жеке басым төңкеріс дегенге қарсымын. Төңкеріс деген – елді басқарып отырған ұлттық элитаның тозғанын көрсетеді. Ол халықтың талап-тілегімен есептеспей, жоғарыдан шоқпармен басқарамын деген әдістің төңкеріліп түсуі деген сөз.
***
Мәңгілік билеуші болмайды, мұны бәріміз білуге тиіспіз. ТМД билеушілерінің қасіреті бір ғана мәселеге тіреліп тұр: авторитарлық үлгі-қалыптың болашағы жоқ және аса зиянды.
***
Егер назарбаевтың кезінде қоғамның негізгі құндылықтары жаппай сыбайлас жемқорлық, нигилизм, арсыздық, қылмысқа жауап бермеушілік, азғындық, кедейшілік, бостандыққа жол бермеу, төзбеушілік болса, онда бұл жылдар Тарихқа қара әріппен жазылады.
***
Таңдау жасау қажет. Саналы түрде, азаматтық, жеке бастық таңдау. Әділеттілік пайдасына, заң мен тәртіп пайдасына таңдау. Әркім өзі үшін, өзінің балалары үшін, немерелері үшін, Тәуелсіздіктің тағдыры үшін таңдау жасар сәт.
***
Авторитарлық мемлекетте демократиялық идеал үшін күресудің өзі – үлкен қажыр-қайратты талап ететін азапты жұмыс. Бұлай ету арқылы тек өзіңді ғана емес, туған-туыстарыңның өмірі мен тағдырын қатерге байлап бересің.
***
Әрбір сайлау – кез келген мемлекеттің халқын, қоғамын дамытатын процесс.
***
Қазақстанда әділеттілік орнайды. Бір сөзбен айтқанда, халық өз жеңісін тойлайтын кез келеді. Бірақ ол үшін ұзақ жұмыс істеп, халықтың көзін ашу керек.
***
Егер бүкіл тәуелсіздіктің тағдыры бір адамның қолында болса және сол адам саясатты өз қалауы бойынша немесе айналасындағылардың айтқанымен ғана жүргізетін болса, біздің тәуелсіздігіміздің ту-талақайы шығуы мүмкін. Бұл – билік үшін талас емес, тәуелсіздік үшін талас.
***
Қоғамда проблемалар қордаланған сайын, біздің де айтар сөзіміз күшейеді. Ащырақ әрі ашығырақ бола түседі. Бұл – саясаттың заңы.
***
Әділетсіздік пен әділеттіктің сындарлы тепе-теңдігі бұзылған жағдайда, қоғамның толқуы кез келген елде болады. Бұл да – өмір заңы.
***
Демократиясыз қоғам – тұрақсыз қоғам. Тұрақтылық дегеніміз – қоғамдағы барлық пікірлерді ұштастырып, соның жүйесін тауып отыру.
***
Сөз бостандығын басып-жаншитын және азаматтардың табиғи құқыларын ескермейтін қоғамдық өзгерістерді басқарудың ескірген үлгісі ерте ме, кеш пе істен шығып, мүлдем жұмыс істеуден қалады.
***
Саясат – еріккенде ойнайтын карта ойыны емес.
***
Егер мен өзімнің саяси көзқарастарымнан бас тартсам, онда бұл саяси тұрғыдан өзіңді-өзің өлтіру болар еді. Мен өз көзқарастарымнан бас тартпаймын!
***
Біз азаматтардың бақытты һәм бақуатты өмір сүруі үшін күрестік. Бәріне уақыт пен халық төреші...