5 Желтоқсан 16:25
...

Батысты бағындырған қазақ баласына «Оян, қазақ!» НЕГЕ ұнамай қалды?

Режиссер
Фото: Фото: ғаламтордан

«Дөп сөз» подкастына сұхбат берген режиссер Айсұлтан Сейітов «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмі халықтың арасында ашу мен агрессия туғызғанын айтқан еді. Батысты бағындырып жүрген қазақ баласының бұл пікірі әлеуметтік желідегі біраз жұрттың сынына ұшырады.

Бұдан соң Маржақып Дулатұлының тағдыры арқылы сол кездегі тұтас бір ұлттың жай-күйін жеткізген фильм жасаушылар қарап қалмады. Туындының продюсері Айсәуле Әбілда Сейітовке Фейсбук желісі арқылы жауап берді.

– Ашу мәселесіне келсек, ол біздің ішімізде сол «Оян, қазақ» кітабы жазылғаннан бері, яғни 115 жыл бойы келе жатқан сезімдер ғой, алайда сізге оны түсіну қайда?! Себебі, сіз әу бастан орыс тілді, асфальтта өскен жігітсіз. Сіздің қазақ тілінде сөйлей тұра, өз еліңде дискриминацияға ұшыраудың не екенінен хабарыңыз да жоқ. Сіздің банкке барып, таза қазақ тілінде құжатты талап етіп, 3 сағат күткен тәжірибеңіз жоқ, себебі сізге беретін қағазда бәрі түсінікті, сіз әуежайда қазақ тілін талап етіп, хат жазбайсыз, сіз әр дүкенге кіріп, жарнаманың қазақ тілінде болу керегін ескертіп, стреске түспейсіз, қорланбайсыз. Сіздің орыс тілділердің өктем дауысын, кемсітуін сезетін иммунитетіңіз жоқ. Сіздің жол қашаннан даңғыл, – деп жазды А.Әбілда.

Алайда өзге киногерлердің арада туындаған дауға қатысты айтар уәжі жоқ емес. Мәселен, Қанағат Мұстафин Міржақып жайлы туындының сериал нұсқасын көргендіктен, біраз ойын ортаға салды.

Мұстафин
kanagatmustafin парақшасынан

– Егер фильм цензурадан өтпесе, Мәдениет министрлігі тарапынан мақұлданып, прокатқа шығуға рұқсат алмаған болар еді. Өз басым «Оян қазақтың!» кинотеатрға шыққан нұсқасын көре алмадым, ал сериал нұсқасы ұнады. Фильмде ойдан шығарылған ештеңе жоқ, алашордашылардың қилы тағдырын дүйім жұрт тарихтан да жақсы біледі. Сондықтан да киноны көруге ағылған жұрт аз болмады, мұны халықтың берген бағасы деп білемін. Бес арысымыз жайлы әлі де талай туынды түсіру керек деп ойлаймын, – деді ол.

Ал белгілі режиссер Рүстем Әбдірашев Сейітов сөйлеген подкастты бастан-аяқ тамашалаған болып шықты. Осы ретте оның бір қазақты екіге бөле қарастырған көзқарасына наразылығын айтты.

– Егер өзі қазақ тілін үйренсе, мүлде басқа пікірде болар ма еді. Қазіргі таңда еліміздегі өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тілде сөйлей бастады. Сондықтан Сейітовтің туған тілін меңгергені жөн болар, – деп жас маманға кеңес те берді.

Абдрашев
baq.kz

– «Оян Қазақ!» атына сай тақырыпты аша білген тұщымды туынды болды. Бірақ, кәсіби тұрғыдан алғанда кемшін тұстары жоқ емес. Мысалы, кейіпкерлердің сол заманға сай келмейтін киімдері деген сияқты қиюы келіспеген дүниелер бар. Дегенмен, фильм социалды тұрғыда ұлттың ұранын асқақтата білді.

Ал көркемдік тұрғысынан Сейітовтің мектебі анағұрлым биігірек. Мысалы, оның «Қаш» фильмі талғампаздық пен стилистика тұрғысынан тамаша. Дейтұрғанмен ұлттық менталитетке қатысты суреттеуде режиссердің шорқақтығы көрініп тұр. Туындыға арқау болған ашаршылық тақырыбы тыңғылықты ашылмаған. Сондықтан қос режиссердің өзіндік артықшылықтары мен қатар кемшілігі де бар, – деп түйіндеді Әбдірашев.